Төлеу Көбдіков
(1874-1954)

021bКемеңгер Абайдың дидарын көріп, аузынан ұлағатты сөз естіп, қолынан дәм татқан адамдардың бірі – халық ақыны, Жазушылар Одағының мүшесі Төлеу Көбдіков 1874 жылы 15 наурызда бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің Дағанды болысында туды. Әкесі Көбдік кедей шаруа, шешесі ақын болды. Нағашысы атақты ақын Сабырбайдың қиыннан қисындыратын тапқырлығы, шешесі Қуандықтың ақындығы арқасында кезінде Абай көріп, одан үлкен әсер алды. Шешендігі, пысықтығы арқасында жасында біраз жыл ел басқарды.

Жаңа заманды ақын шын жүрекпен тебірене қарсы алды. Өлеңдері Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін ғана бағаланып, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жариялана бастады. 1948 жылы «Алып күшті Отаным», 1953 жылы «Өмір жыры», 1955 жылы «Өлеңдер» атты жинағы басылып шықты.

Ақынның ең дарынын танытқан «1916 жыл» атты тарихи толғауы. Оның шығу тарихы мынадай: Азамат соғысы кезінде балаларын майданға жібермеу үшін халықтың бір тобы Қытай асып кетпекші болады. Сонда Төлеу атамыз осы өлеңі арқылы туған жер топырағының, туған елдің қасиетін сипаттап, халқын босатыпты.

Коллективтендірудің асыра сілтеу саясаты Төлеу ақынның да өміріне ащы зардабын тигізіпті. Содан 1938 жылы академиядан «1916жыл» жинағы шығарылған соң жоғарыдағы көркем толғаудың авторына іздеу салынады. Ақырында Абайдың інісі Әрхам Ысқақов Барнауыл түбінен іздеп тауып, елге көшіріп әкеледі. Ақынның Шұбартауға бармай, жолда Шарда қалып қоюына бір себеп Құлжабек есімді баласы Шарда дүние салған. Сүйікті тұңғышының мәңгілік орнынан қашықтамауды қалаған.

1922-1941 жыл аралығында ақын шығармашылығындағы толас кезең осымен түсіндіріледі. Шарға көшіп келіп орныққан соң ақынның өлең-жырлары облыстық «Екпінді» газетінде жиі жариялана бастайды. Зая кеткен жылдарының қарымтасын қайтарған іспетті.

Төлеу Көбдіковтің көзі тірісінде үш өлеңдер жинағы шықты. Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы Мұрат Төлеуов әкесінің «Жырларым» атты төртінші өлеңдер жинағын бастырып шығарды. 1954 жылы ақынға «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ берілді.

Төлеу Көбдіков 1954 жылы 81 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Шар қаласының бір көшесі, орта мектеп ақын атымен аталды. 62-ші мектепте атамызға арналған мұражай бар. Ақынның зираты жаңартылып, мемлекеттік қорғауға алынды. Ұрпақтары Шар қаласында тұрады.

Әдебиеттер:

Көбдіков Т. Жырларым: Таңдамалы өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1975. – 207б.
Азизова М.Жыр дүлдүлі:(Т.Көбдіковтың туғанына 125 жыл) // Дидар.-1999.-1 желтоқсан.
Алтаев К.Төлеу ақынның өлеңдері: (“Жырларым” атты таңдамалы өлеңдер жинағы туралы) // Семей таңы. – 1975. – 24 мамыр
Әміренов Т. Мінез бітімі // Семей таңы.- 1974.- 7 июнь.
Иманжапар, М.Бір суреттің сыры // Ертіс өңірі. – 2009. – 3 маусым. – 12 б.
Құлжанбеков Е. Біз Төлеудің ұрпағымыз // Семей таңы. – 1999. – 10 маусым.
Кашаку Г.Төлеу Көбдіковтің елінде… (Ұлы Абайдың алдын төрт рет көрген айтыскер ақын Т.Көбдіков туралы) // Мәдениет жаршысы. – 2011. – № 8. – 4-8 б.
Мұхаметханов Қ. Төлеу ақын // Семей таңы. – 1974. – 15 марта.
Сәрсекеев М. Ел ардагері // Семей таңы.-1974.- 7 июнь.
Төкенқызы , Ү. Халық ақынын еске алды: (Абай атындағы кітапханада өткізілген өлкетану оқуы туралы) // Семей таңы. – 2009. – 30 сәуір. – 12 б.
Төлеуұлы М. Әкемді ресейден көшіріп алған Мұхтар Әуезов болатын: [Ақын Төлеу Көбдіков туралы.] // Дидар. – 2012. – 6 сәуір. – Б. 5.
Төлеу ақынның туған жерге оралуы // Жаңа өмір. – 1989. – 12 сентября.
Тұғанбай К.А. Абайдың алдын көрген батагөйім // Семей таңы. – 1994. – 26 ақпан.
Тұраров М. Ақынға деген ілтипат // Семей таңы.- 1974.- 8 июнь