Ұлтына сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Қарқаралы уездік қазақ комитеті Ақбаевтың құрметіне 1917 жылдың 1-ші қазанында тегін оқытатын «Якуб» (Жақып) медресесін ашты.

Ақпан төңкерісінен соң да отаршыл шенеуніктер Ж. Ақбаевты қудалауын тоқтатпады. Сол мезетте Ж. Ақбаевты қолдап Қарқаралы уезі қазақ комитеті төрағасының орынбасары белгілі Нармамбет ақын мен Смахан Бөкейханов араласып жоғарғы орындарға жеделхат жолдап және қазақ комитеті тиісті шешім шығарады. Қолдау нәтижелі болғанға ұқсайды, себебі Ж. Ақбаев осы оқиғалардан кейін 1917 жылғы 27 сәуірімен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ сиезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады. Әмбе сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де қатысады.
Ж.Ақбаев қазақ халқының тәуелсіз ел болуы үшін күресті. Сондықтан да Ресейдегі төрт үкімет: патша үкіметі 1907-17, Уақытша үкімет 1917, Колчак 1918-19 және Кеңестер үкіметі (1920-34) тарапынан үздіксіз қуғын-сүргін көрді. «Сарыарқа» газетінде Құрылтай жиналысына қатысу үшін Петроград қаласында аттанғаны, онда сот, адвокат жұмыстарымен айналысатыны туралы мәлімет бар.

1920 жылдың қыркүйегінен Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық жасап, губерниялық сот-тергеу учаскесін құрады. 1920 жылдың сәуір айынан Семей кеңестік халық сотының мүшесі болып, 1921 жылдың қараша айынан 1922 жылдың ақпанына дейін халық ағарту бөлімінде жұмыс істеп, қазақтың ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болады. Бірақ сол жылы өкпе аурына шалдығып, Қарқаралыға қайтып оралады.

Денсаулығын сәл түзеп, 1925 жылы Семейге оралып, губерниялық атқару комитетінде, халық сотында түрлі қызметтермен айналысады. 1926 жылдың шілдесінен 1927 жылдың 13 желтоқсанына дейін Семей губерниялық соты жанындағы адвокаттар алқасы мүшесінің міндетін атқарады. Осы жылы “Қазақ халқының шығу тегі туралы” атты еңбегін жазғанымен, жарыққа шығара алмайды.

1927 жылы 23 қаңтарда Семей техникумында ғылыми конференция өткізіліп, онда Жақып Ақпаев географиялық қоғамның мүшесі ретінде қазақтардың шығу тегі туралы көлемді баяндама жасады. Осы күнге дейін жарияланбаған Ж.Ақпаевтың бұл ғылыми еңбегінің көшірмесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент –мүшесі Ғ.Сапарғалиевтің жеке архивінде сақталған. Бұл еңбегінде Ж.Ақпаев қазақ мемлекетінің саяси және құқықтық жақтарын көрсетуге тырысып, қазақ мемлекетінің пайда болуы, қалыптасуы, даму және ыдырау тарихын зерттеген. Бұл ғалымның соңғы еңбектерінің бірі.
1928 жылы Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында Ж.Ақбаев елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, сол кездегі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосына келіп, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Елден жырақта болса да, 1930 ж. 14-қыркүйекте ОГПУ (Біріккен Меммлекеттік саяси Басқарма) жендеттері Кеңес үкіметіне, Коммунистік жүйеге жүргізген қарсы әрекеті, Алашордашы болғаны үшін Ж.Ақбаевты тұтқындап, абақтыға қамайды. Түрмеде 1,5 жыл отырғаннан кейін, ол 1932 жылдың сәуір айында 58-10 және 59-3 баптар бойынша айыпталып, Воронеж облысына 5 жылға жер аударылады.
Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Ақыры асқынған ауру алып тынып, шамалыдан соң қазақтардың әдеттегі құқығын, оның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, мерзімді баспасөзде публицистикалық материалдар жариялаған, сан алуан талант иесі, энциклопедиялық білімі бар ғалым 1934 жылы 4 шілдеде өмірден өтті.

Ж.Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпанындағы шешімімен толық ақталды. Бірақ бұл хабар жақындарына 1990 жылы ғана жеткен.

Қарағандыдағы әділеттілік алаңына және Ақтоғай ауданында көше атына Ж.Ақбаев есімі берілген. 1998 жылы алаштың үш арысы Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековке ескерткіш орнатылды.

Жақып Ақбаевтың отбасына келер болсақ, әйелі 1988 жылы өмірден өткен.

Балалары: Кәмілмұрат (1910-1960), Кәмілшат (1916-1976); қыздары Арғуния (химия ғылымының кандидаты), Наймания (филология ғылымының кандидаты), Асфазия (заң ғылымының кандидаты), Андромеда (биология ғылымының кандидаты).

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.Әнес Ғ., Смағұлова С.- Алматы: Арыс, 2009.- 25 б.
2. Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық қоғамы және қазақ зиялылары //Абай.- 2004.-№1.- б.61-64
3. Белгібаев М., Әділбекқызы Ж. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесі // География және табиғат.- 2004.- №3; 4; 5;
4. Жаһанша Әлмұхамед ұғлы Сейдалин // Қазақ газеті. 1913.- № 24. 31 июль.-243 б.
5. Шоқабаев Ж. Оқушыға жәрдем // Қазақ газеті. 1914.-№ 65. 8 июнь.- 210 б.
6. Темірбай А. Жақып Ақбаевтың дипломы табылды // Егемен Қазақстан.- 2003.- 16 желтоқсан.- б.6.