Әлімхан Ермеков Лениннен талап еткен қазақтар қоныстанған жердiң аумағы 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырымды құрайды екен. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай бұл жердiң 81 пайыз аумағында сол кезде 6 миллионға жуық қазақтың мекен еткенiн, ол сол уақыттағы жалпы халықтың 54 пайызын құрағанын айтады.

Қазақстанның төрткүл дүниеге дауысын жеткiзiп отырған Елордамыз – Астана, экономикамыздың локомотивiне айналып отырған батыс өлкедегi мұнайдың мол қоры орналасқан өңiрлер 1920 жылдары Ә.Ермековтің зор еңбегінің нәтижесінде қайта қайтарылды. Мұны бүгінгі ұрпақ Ә.Ермековтің ұлт алдындағы азаматтық парызының өтелгені деп біледі.
Бұл кезде Әлiмхан Ермеков 29 жаста болған.

Ә.Ермеков осындай саяси жұмыстарға қатысумен қатар, өзінің саналы ғұмырын білім беру саласына жұмсады. 1921 жылы Әлiмхан Ермеков Қарқаралыда екiсатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашқан. 1925 жылы Әлiмхан Ермеков Семейге шақырылып, Орынбордағы Қазақстан Госплан төрағасының орынбасары болып бекiтiледi және осымен бiр уақытта өндiрiс секциясына да жетекшiлiк жасайды.

1929-1930 жылдары алаш жетекшілерін қуғындау басталғанда Ә.Ерме­ков те тұтқынға алынып, тергеліп, соңынан бостандыққа шығарылады.

Ол 1927-35 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де доцент, Алматы зоотехника-малдәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі, 1935-37 жылдары Алматы кен-металлургия институты математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болып, дәріс беріп, ағартушылық қызметпен айналысқан. Осы жылдардағы жемісті еңбегінің нәтижесінде жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тiлiндегi математикалық кiтаптар жазды. Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан 3500 данамен жарық көрді.
Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында осы еңбектің бір данасы сақталған. «Ұлы математика курсы» кітабы аналитикалық геометрия негіздері және диференциал мен интеграл негіздері атты екі бөлімнен тұрады. Кітапта жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі. Халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткен профессордың бұл кітабы қиын-қыстау жылдары жойылып жіберілген. Кітаптың тілдік, терминологиясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Оқулықта қазіргі қолданыста жүрген қосынды, қосу, нүкте, теңдеу, шаршы, шеңбер, үшбұрыш, теріс бұрыш, түзу, жазықтық, алым, бөлім, жатық сызық, сабақ, кесінді, тұйықтаушы вектор, теріс бұрыш, тұрақты шама т.б. математика терминдері қолданылады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты А.Үдербаев 2011 жылы 21 наурызда «Дала мен қала» газетінде жарияланған «Әлімхан Ермеков «Ұлы математика курсы» оқулығы» атты мақаласында бұл оқулық туралы ғалым М.Хамзиннің берген бағасын көрсетеді: «Негізгі бағыты сол кездегі оқу бағдарламаларына сәйкестендіріліп жасалғандықтан, бүгіндері сәл ескілеу көрінуі мүмкін, алайда бұл оқулықтың 1995 жылы қайта басылып шығуы – көп нәрсені аңғартса керек. Оқулық жоғарғы математикаға арналған тұңғыш кітап болғандықтан, автор оның құрылымына анықтама теориясы мен сызықтық теңдеулер жүйесінен де хабардар ететін ілімдерді енгізген. Кітаптың ішіндегі ауыр болып көрінетін терминдер өте ұтымды әрі ұғымды тілмен берілген».

Заманында Ә.Ермековтен сабақ алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының директоры, профессор Ибатолла Арыстанның «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 13 қарашасында жарық көрген «Ескірмейтін еңбек» атты мақаласында: «Осы ұлы адамның көзін көріп, дәрісін тыңдауға жазған тағдырыма ризамын. …Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп, «Ұлы математика курсы» оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кезінде жойылып жіберілген еңбектің архивте сақталған жалғыз данасын шәкірттері қайта бастырып шығарды. Бүгінде ол әрқайсымызға қымбат мұра»,- деп ұстазын еске алады.

Ә.Ермековтің «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігі 1936 жылы жарық көрген. 1935 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы оған теориялық механика мен математикадан профессор дәрежесiн бередi.
Әлiмхан Ермеков 1937 жылдың күзiнен 1938 жылдың наурызына дейiн тұтқынға алынғанша Мәскеуде Куйбышев жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушiсi қызметiн атқарады. Осы жылы 10 жылға сотталып, бұл кесiлген мерзiм 6 жылға дейiн азайтылғанымен, Ұлы Отан соғысына байланысты лагерьде 1947 жылға дейiн отырады. 1948 жылы қайтадан тұтқынға алынып, 10 жылға үкiм шығады.

Абақты-ғұмырдан 1955 жылы босап шыққан Ә.Ермековке Қарағанды жерiнде тұру туралы шешiм шығарылып, Қарағанды политехникалық университетiнде жұмыс iстеген ол үш жылдан кейiн зейнетке шығады. Зейнетке шығуға бiр жыл қалғанында толық ақталған. Алаш қайраткері, математика ғылымдарының тұңғыш профессоры, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Әлімхан Ермеков 1970 жылы өмірден өтті.

Халқымыздың ұлы тұлғасы Әлімхан Ермековтің өз халқы үшін жасаған қыруар еңбегі ешқашанда ұмытылар емес.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар.- Алматы: Алаш, 2006.- 228 б.
2. Үдербаев А. Әлімхан Ермеков «Ұлы математика курсы» оқулығы //Дала мен қала.- 2011.- 21 наурыз.- 14 б.
3. Бюллетень Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества.- Июль.- №1.- 1924 года.- Семипалатинск, 1924.
4. Ермеков Ә. Ұлы математика курсы.- 1 бөлім.- Қазақстан баспасы, 1935.