Халел Ғаббасовтың қазақ елдігі үшін еткен еңбегінің ең көрнектісі- оның 1917 жылғы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезге арнайы құрыл­ған комиссия атынан Қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама дайындап жа­сағаны. Осы баяндаманың негізінде съез «…жері бірыңғай, іргелі халқы қа­зақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға» деген тарихи қарар қабылдайды. Съезге Халел Алашорда үкіметінің мүшелігіне Семей облысынан сайланып, кейін төраға Ә.Бөкейхановтың орынбасары міндетін атқарып, Алашорда атынан шығарылған заң-қаулыларға қол қойып отырады.

Съезде милиция жасақтау туралы баян­дама жасалып, кейін сол қаулы­ның негізінде 1918 жылы Семейде Алаш атты әскер жүздіктерін жасақ­тауға Халел белсене араласады. Сол алмағайып заманда қазақ елді­гін қалай аман сақтау жолында еңбек еткен басқа да алаш арыста­ры­мен бірге ол 1918 жылдың қазан айын­да Том қаласында өткен жалпы Сібір съезіне қатысады.

Съезде Сібір авто­номиясы мәселесі қаралған бола­тын. Халелдің енді атқарған үлкен бір ісі – төраға Ә.Бөкейхановтың тапсыр­ма­сымен 1918 жылдың 20 наурызында автономия жөнінде И.В.Сталинмен телеграф арқылы келіссөз жүргізеді. 1918 жылы сәуір айында Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековтермен бірге Халел де Алаш автономиясын алу жөнінде телеграф арқылы В.И.Сталинмен тағы да сөй­лес­кен.

1918 жылғы 21 сәуірде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комис­сария­ты­на жолдаған жеделхатында Х.Ғаббасов Ала­ш­орда автономиясын дереу мойындау тура­лы талап қояды. Бірақ жауап болмады. Кеңес үкіметі тұсында ол білімін, қайрат-жігерін қазақ халқының мүддесіне бағыттады. Халел саяси-қоғамдық істерден шет қалмады. Одан кейінгі жылдары ол Семей облыс­тық кеңесі төрағасының орынбасары, Семей облыстық земство жанындағы Жер комитетінің төрағасы, Қазақ революциялық комитетінің мүшесі, 1921-1923 жылдары Халел Ахметжанұлы Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің жанынан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу үшін құрылған төтенше комиссияның мүшесі, губерниялық атқару комитеті жер бөлімінің меңгерушісі болды.

1924-1925 жылдары ол Жаңа-Семей (Алаш) ауданында ауыл-шаруашылық одағында қызмет атқара жүріп, қоғамдық-мәдени шараларға қызу араласты. 1924 жылдын 29 желтоқсанында География қоғамының ұйымдастырумен өткен Абайды еске алу кешінде Ғаббасов «Абайдың өмірбаяны» жайында, ал М.Әуезов «Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы» баяндамаларын жасайды. 1926 жылдың ақпанында Халел Қазақ АКСР Жоспарлау комиссариатына қызметке шақырылды. Онда ол Төралқа мүшесі, ғылыми қызметкер болып қызмет істеді.

Алашорда басшыларына кеңес үкіметі заң жүзінде рахымшылық жасағанымен, алайда саяси қуғын-сүргін тоқталмады. Социалистік қоғамға «жат элементтер» деген желеумен оларға әрдайым сенімсіздік көрсетіліп, жауапты қызметтерден шеттетіліп отырды. Олар заң, құқық қорғау органдарының үнемі қатаң бақылауында жүрді. Әсіресе, бұл саяси қысым көрсетушілік Ф.Голощекиннің Қазақстанда билік құрған кезінде мейлінше асқына түсті.

1930 жылы Халел Ғаббасов сол кездегі қазақтын астанасы Қызылордада мемлекеттік мекемеде қызмет істеп жүрген жерінен Шыңғыстаудағы ағайын-туыстарына демалысқа келгенде «халықты қарулы көтерліске үндеді, ағылшын барлауына құпия мәліметтерді беріп, астыртын байланыс жасады» деген жаламен тұтқындалып, қамауға алынды. Ақыры, ол небәрі 43 жасында Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының «үштігінің» қаулысы бойынша «халық жауы» ретінде айыпталып, 1931 жылғы сәуірдегі шешімімен өлім жазасына кесілді. Шешім Мәскеу түрмесінде жүзеге асырылды. Ал 1988 жылы ісінде қылмыстық нышан болмағандықтан ақталды.

Әдебиеттер:

1. Алаш. Адашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс, 2009.- б.128-129;
2. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917 ж. – мамыр 1920: Т.2.- Алматы: Алаш, 2005 .- б. 134;