Алғашқыда Алашорда қайраткерлеріне кешірім жасалғанымен, Мемлекеттік Саяси Басқарма органдары қысым жасауын тоқтатпады. 1929-1932 жылдары екі рет ішкі істер органдарының құрығына ілініп, түрмеге жабылады да, оған таққан айыптары дәлелденбегендіктен екі ретінде де заңсыз деп босатылады. Осыдан кейін Ахметжан басқа жаққа кетуге мәжбүр болады.
Ахметжан Қозыбағаровқа қатысты 1937 жылдың 26 тамызында Халықтық ішкі істер комиссариаты органдарының тергеу құжаттарында оның 1921 жылдан бастап Алматы қаласында тұрып, №3 кірпіш зауытынын емханасында меңгеруші болып істегені, содай-ақ отбасы мүшелері жайлы айтылады.

Ахметжанның жанұясында: әйелі – Тұрар, үлкен үлы Алаш пен Сәтен, Жошы, Сара, Рәш есімді ұл-қыздары болған.
Қозыбағаровтың сүйікті жары Тұрар Қозыбағарованың есімі де Семей жұртшылығына жақсы таныс еді. 1914 жылдың күзінде ұлы Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына арналған Семейдегі әдеби кешті ұйымдастырып, өткізуші тамаша педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанованың жақын дос, құрбысы ғана емес, сондағы «Біржан-Сара» спектакіліндегі ақын Сараның ролін ойнаған өнерлі жан еді.
Ол жайында 1915 жылғы «Қазақ» газетінің 28 наурыздағы 114 санына М.Әуезов «М» – деген бүркеншік есіммен жазған мақаласында: «13 февральда Семейде саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждаһатымен мұсылман атынан жаралыларға деп ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды жазбақшымын…»- дей келіп, кешті Райымжан Мәрсековтың қазақ әдебиеті туралы сөзімен ашқанын, одан соң Н.Құлжанов сөйлеп, Біржан-Сара айтысы қойылып, Сара – қыз Қозыбағаровтың жамағаты Тұрар ханым, Біржан – семинарияда оқитын шәкірт – Жүсіпбек мырза Аймауытов және көріністен соң күй шертіліп, ән айтылып, Абайдың, Ы.Алтынсариннің өлеңдері оқылып кеш көркем де көңілді өтіп, 817 сом жиналғанын айтады.

Ал, Ахметжанның 1918 жылы туған тұңғышының есімін «Алаш» деп қоюы, басқа бір ұлына «Жошы» деп ат беруінің өзі-ақ Ахметжанның ұлтымыздың мүддесіне қаншалықты адал болғандығынан хабардар еткендей.
Ұлы Алаш та әкесінің жолын қуып дәрігерлікті таңдайды. Қазақстан Респуликасына еңбегі сіңген дәрігер, Семей облыстық акушер-гинеколгтар қоғамының негізін қалаушы, көптеген жылдар бойы Семей қаласында дәрігер болып, бірнеше жыл бойы Семей медецина институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Алаш Ахметжанұлы дүниеден озған соң, Семей қаласының бір көшесіне Алаш Қозыбағаров аты берілді.
А.Қозыбағаровтың үлкен қыздары Сара мен Рәш туралы білетініміз: Рәш Алматы қаласындағы Қазақ медицина инстиутының бірінші түлегі екені ғана, басқадай дерек жоқ. Алаш Ахметжанұлы туралы деректерде оның кіші інілері Сәтен мен Жошы болғаны туралы айтылады.

Ал, 1937 жылдың 9 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облыстық Халықтық ішкі істер комиссариаты Басқармасынын жанындағы «үштіктің» Қаулысымен Ахметжан Қозыбағаров кеңес үкіметіне қарсы күрескен астыртын контрреволюциялық ұйымның басшысы ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. Алайда, арада жиырма жыл өткен соң, яғни 1957 жылы А.Қозыбағаровтың ісінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ деп тауып, ақтады.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия /Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс, 2009.- 228 б.;
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж: Т.3. Кіт.1.- Алматы: Ел-шежіре, 2007.- 304 б.;
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917ж. – мамыр 1920 жж: Т.2.- Алматы: Алаш, 2005.- 496 б.;
Кенемолдин М. Алаштың ардагер азаматы //Абай.- 2011.- №1.- 71 б.;
Кенемолдин М. Семей земство және ұлт зиялылары. //Абай.- 2007.- №2.- 94 б.;
«Қазақ» газеті:Алаш азаматтарының рухына бағышталады /Құраст.: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақов.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998.- 555 б.;
Сейсенұлы Д. Алаштың Ахметжаны еді… //Дидар.- 2000.- 3 маусым.- 4 б.;
Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан.- Алматы: Қанағат, 2002.- 163 б.