1963 жылы 14 желтоқсанда Семей облыстық соты (төраға Ниязбек Түменов) Мәннан Тұрғанбаевты ақтаған шешім шығарған.
«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» деген сөз бекерге айтылмаған. М.Тұрғанбаевтың есімін ұмыттырмай, мәртебесін, даңқын асқақтатқан оның артында қалған шәкірттері. Олар есімі елімізге мәшһүр ғұлама ғалымдар академик Ақжан Машанов пен профессор Мұсатай Ақынжанов, Әлкей Марғұлан, Ахмедия Ысқақовтар. Олар өздеріне ұстаздық еткен Мәннанның байсалды мінезі мен мұғалімдік талабын үнемі жылы лебізбен естеріне алып келеді.

Мәннаның жазықсыз жазаға ұшырап, оның шығармаларын оқуға қатаң тиым салынғаны, жазылып, жарық көрген еңбектері: «Пайғамбар заманы», «Тіл қүралы», «Есеп», «Этика» тағы да басқа оқулықтары мүлде жоғалып, ел жадысынан ұмыт болды.
Мәннан Тұрғанбаевтың бірінші әйелі қайтыс болады, одан үлкен ұлы Мұрат туған. Арада біраз уақыт өткен соң екінші әйелі Сағындыққа үйленген, екінші ұлы елден жырақта туғандықтан болса керек атын «Отан» деп қойыпты. Түрмеге қамалғанда өз қолымен толтырған анкетасында: Жанұямда 6 жан бар: анам Қадиша-81 жаста, әйелім Сағындық-31 жаста, ұлым Мұрат-13 жаста, ұлым Отан, қызым-Гүлбаһрам, інім-Ерғали- деп жанұя мүшелері жайлы мағлұматтар берген.
Үлкен ұлы Мұрат әке жолын қуып, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған жан. Мұрат аға өмір жолын 1941 жылы Үржар ауданының Науалы орта мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1942-1947 жылдар әскер қатарында болып соғысқа қатынасты. Одан кейінгі жылдары 26 жыл бойы Семей қаласының бірнеше мектебінде директолық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Мұрат аға зайыбы Сағила екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Міне, Мәннән Тұрғанбаевтың ұрпағы осылар. «Артында бар оңалар» деп халқымыз бекер айтпаған болар. Семей қаласының бір көшесіне Мәннан Тұрғанбаев есімі берілген.

Әдебиеттер:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия.- Алматы: «Арыс» баспасы, 2009.- 544 б;
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1918- 2007 ж.ж: Т.4.- Алматы: Ел-шежіре, 2008.- б.224-228.;
Кенемолдин М. Алаш мектептері.// Абай.- 2004.- №4.- 83 б.;
Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан.- Алматы: «Қанағат», 2002.- 257 б.
Тәбәрікұлы С. Газет бастауында – үш алып.// Семей таңы.- 2009.- 3 желтоқсан.:
Тұрғанбаев М. Қазақ тілін іске асыру./ Кіт. Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан.- Алматы: Қанағат, 2002.- 129 б.
Тәбәрікұлы С. Мәннан Тұрғанбаев: Алаш арыстары.-Алматы: «Қайнар», 1999.-48 б.