«Мұрагер» тігін фабрикасы

Іргетасы 1840 жылы қаланған қала орталығындағы көне ғимаратқа орналасқан фабрика 1969 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жұмыс мүлдем тоқтап қалған тігін фабрикасын 1998 жылы жаңа қожайындар – Ермек Сұлтанов пен Раушан Тілекеева сатып алғаннан кейін бәрін қайта бастау міндеті тұрды.

Бүгінде «Мұрагердің» атына заты сай, аяғынан тік тұрған өндіріс орны соңғы жылдары сапалы өнім өндіріп, тұтынушы көңілінен шығып, тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Фабриканың жалпы жер көлемі 7500 шаршы метр. 2000 жылы фабрикада сегіз цехты іске қосуға қол жетті, яғни жаңадан сұрыптау, жуу, кептіру, тарау және мамық цехтары дүниеге келді.

h31Фабриканың басты девизі – сапа үшін күрес. Өйткені, өндірілген өнім тұтынушы көңілінен шығу үшін әрі сапалы, әрі бағасы да әлеуметтің қалтасы көтеретіндей болуы керек. Бүгінгі таңдағы «Мұрагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өнімнің 200 – ге тарта түрі шығарылады. Оның ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғаны төсек-орын жабдықтары, сырылған көрпелер, матрац, жастықтар, әртүрлі мамандық иелеріне арналған арнаулы киімдер. Соңғы жылдары жыл сайын тендерде жеңіске жетіп жүрген «Мұрагер» Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық сақтау департаментінің арнайы тапсырыстарын орындап келеді. Сонымен қатар, арнаулы киім үлгілерінің түрлеріне кәсіпорындардан да сұраныстар түсіп отырады.

2001 жылы тауар өндіру 27802,5 мың теңгені құраған, яғни 2000 жылмен салыстырғанда, жоспарды 200 пайызға артық орындаған. Кигенде денеге қонымды, ыңғайлы, әрі сәнді, Еуропалық стандартқа сай. «Мұрагер» қатарынан бірнеше жылдан бері облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр.

2004 жылы «Қазақстанның үздік товарлары» – сапа саласындағы жетістіктер деп аталған көрмеде «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдары» номинаиясы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі сыйлығының лауреаты атанды.

Бүгінде «Мұрагердің» өнімдері Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Кәсіпорынға қажетті жүн, биязы жүні, құс мамығы облысымыздың аудандарындағы шаруа қожалықтарынан алынады. Ал, басқа өнімге қажетті маталар, фурнитуралар Қырғызстаннан, Ресей, Қытайдан әкелінеді, шеттен әкелінетін маталардың түр-түсі жақсы, сапасы жоғары, бағасы төмен.

Фабриканың табыс көзіне айналған тағы бір бағыты – көне, тозығы жеткен көрпе-жастық, матрац сияқты заттарды қайта өңдеуден өткізіп жаңа қалыпқа келтіру. Мұндай өнімдерді қайта жөндеуден өткізуге тапсырыстар интернаттар мен жатақханалардан, әскери бөлімдерден, сондай-ақ жеке азаматтардан қабылданады.

Әдебиеттер:

Ахметбекова А. «Мұрагердің» мұраты зор // Семей таңы.- 2003.- 21 наурыз.- б.6
Мұхамедова Р. Өнім әлемдік стандартқа сай болуы керек // Семей таңы.- 2005.- 21 қазан.