Шоқтығы биік тұлға: шығармашылық кеш

18.05.17

«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 17 мамырда № 16 мектептің 9-10 сынып оқушыларына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туындылары бойынша «Шоқтығы биік тұлға» тақырыбында шығармашылық кеш ұйымдастырды.

Шара Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталды. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол өзінің қысқа ғұмырында қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын ХХ ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Кеш барысында оқушыларға ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында мәлімет беріліліп, ақынның өлеңдері оқылып, бейне жазба, слайд ұсынылды. Сонымен қатар кітапхана қорында сақталған кітаптары мен мерзімді басылымдардан «Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ поэзиясының аққан жұлдызы» атты кең көлемді кітап көрмесі жасақталып, шолу жасалынды.