Латын әліпбиі – заман талабы: ақпарат күні

18.10.17

Абай атындағы әмбебап  кітапханада  ағымдағы  жылдың 17 қазанында  «Латын  әліпбиі – заман талабы» тақырыбында ақпарат күні өтті. Шараға қала мектептері мен колледж кітапханашылары, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отырған  латын әліпбиі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  көрініс тауып, мақсаты айқындалып, халықтың назарына ұсынылған болатын. Жер-жерде талқыланып жатқан өзекті тақырып Семей кітапханашыларының басқосқан  шарасымен жалғасып қолдау тапты.

Шараға Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  философ докторы (PhD), қауымдастырылған профессоры, «АКМЕ» халықаралық ағартушылық клубының жетекшісі Арай Жүндібаева қатысып, латын әліпбиінің аса қажеттігін, әлемдік өркениетте қазақ тілінінің мүмкіндігі артатыны және  болашағы жайлы  ойлы толғамдарын ортаға салды. Қатысушылар тарапынан латын әліпбінің емлесіне қатысты сұрақтарға жауап берілді.

Абай атындағы кітапхананың алтын қорында латын қарпінде жазылған 200-ге жуық әдебиеттер қоры бар.  Бірнеше басылымдарға құрастырылған слайд көрсетілімі арқылы көлемді библиографиялық шолу қатысушылардың назарына  ұсынылды. Шара қатысушылары «Латын қарпіндегі басылымдар» тақырыбында жасақталған кең көлемді кітап көрмесі ұсынылып, шолу жасалды.