Өр дауысты ақынның өлең-жырлары: ретро-көрме

10.11.17

10 қараша күні Абай атындағы кітапханада Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өлең өрнегі, суреттеу мәнері бар суырып салма төкпелігімен аты бүкіл қазаққа танымал болған  ақын Нұрлыбек Баймұратовтың туғанына 130 жыл туғанына орай, өзі өмір сүрген уақыттағы оқиғаларды жырлаған шығармалары жайлы мағлұмат  беру мақсатында «Өр дауысты ақынның өлең-жырлары» атты ретро-көрме кітапхана пайдаланушыларының назарына ұсынылды.

Нұрлыбек Баймұратовтың кітапхананың сирек  қорында сақталған, қазақ және орыс тілінде  жарық көрген «Ер Төлеген» поэмасы сонымен қатар, «Қазына» өлең кітаптары, «Абай», «Дидар», «Семей таңы» және «Арна» т.б. мерзімді басылым беттерінде жарияланған ақындық  қабілеті туралы естеліктер топтамалары, қазақ айтысының бүгіні мен болашағы жайлы мәліметтер көрменің мәнін айшықтандыра түсті.

Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алған, ескіше де, жаңаша да сауатын ашқан Н.Баймұратовтың өлеңдері 1924 жылдан бастап жарияланып тұрды, осы жылы  ақын  «Қала сұлуы» дастанын жазды.

Алғаш рет өлеңімен көпшілік алдына 1939 жылы қазақ жазушыларының 2-съезінде Семей делегаты атынан шығып, сонда КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне алынады. 1939 жылы қарашада Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілген.

Қаламгер ең алдымен ақын ретінде танымал болды.Ол Қазақстанның Мәскеудегі өнер және мәдениет декадасына қатысқан. 1957 жылы өлең, ән және айтыс жинақтары – «Халық кегі», «Бақытты дәуір», «Айтыс», Бесқарағай ауданындағы азамат соғысы жайлы «Қанды жорық» (1962) поэмасы жарыққа шыққан.