Бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйрету лагерінің ашылуы

05.06.18

Тіл – достықтың алтын көпірі! Осы мақалды ұстаным қыла білген Абай атындағы кітапхананың шетел әдебиеттері бөлімі қызметкерлері кітапхананың кішкентай пайдаланушыларына арнап, ағылшын тіліндегі тіл лагерінің ашылу салтанатын ұйымдастырды.

Салтанатты шараға  қаламыздағы №2, №6 мектептің оқушылары мен кітапхананың кішкентай оқырмандары  шақырылды. Аталмыш лагерь осы жылдың маусым айының 5 жұлдызынан 21 жұлдызына дейін 7-10 жас аралығындағы балалар үшін жұмыс жасайтын болады. Негізгі мақсат: әртүрлі дидактикалық ойын ойнату, сурет салу және сан қырлы өнер арқылы  тілге деген қызығушылығы бар кіші жастағы балалардың тілін ағылшын тілінде дамыту, ағылшынша сауаттылықтарын арттыру. Лагердің ашылуына Астана қаласындағы АҚШ елшілігі қаржылай демеушілік жасады. Бұл қаржыға дидактикалық көрсеткіштер, мольберттер, сурет парақшалары, қарындаштар, қол қуыршақтары, бояулар және т.б. қажетті заттар алынды.

Аталмыш іс-шараның тартымды өтуіне «Star Kids» ән студиясының өнерпаздары ән шырқап, «Романтики» би тобының бишілері мың бұрала билеп, көрермендер көңілін көтеруге ат салысты. Шарада балаларға арналып ағылшын тілінде әртүрлі ойындар ұйымдастырылды. Шара соңында барлық қатысушылар арнайы жайылған тәтті дастарханнан дәм татты.