Абай заманындағы кітаптар: ретро-көрме

01.08.18

1 тамызда Абай атындағы кітапханада Абайдың рухани орталығында «Абай заманындағы кітаптар» ретро-көрмесімен таныстырудың кезекті қатысушылары оқырмандар мен кітапхана мамандары болды.

Ұлы ақын абайтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, орыстың атақты ақын жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов; сыншыл ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Европа ақындарынан: Гете, Байрон; философтардан: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған.

Әсіресе, ақынға үлкен әсер қалдырып, тарихи мол дерек берген Американың Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Уильям Дрейпер болған. Оның сол кездерде орыс тіліне аударылған, Ресейдің жоғары оқу орындарының студенттері оқулық есебінде пайдаланып жүрген «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» (История умственного развития) (1869 ж.) деген екі томдық еңбегі мен «Католицизм мен ғылымның арасындағы қатынас тарихы» (1876 ж.), Уэвелл У. «История индуктивных наук» (1867),  Г. Спенсердің «Начало социализма» (1810) т.б. кітаптары болған.

Сонымен қатар, Семей қаласы кітапханасының оқырманы Абай «Современник», «Русский вестник», «Вестник Европы», «Исторический вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Новости», «Новое время» журналдарын да үнемі назарында ұстаған.

Бұл кітаптар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, әлемдік мәдениеттен шалғайдағы қазақы ауылдың төл перзенті Абай Құнанбаевтың білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды.