Азамат соғысы – ескерткіштерде: өлкетану қонақжайы

22.01.19

20 қантар күні Абай кітапханасында «Азамат соғысы – ескерткіштерде» тақырыбымен өлкетану қонақжайының кезекті басу қосуы өтті. Семей қаласы облыс орталығы бола тұра, қызыл әскерлер мен ақ гвардияшылар үшін маңызды стратегиялық нысан болды. Сол революция және азаматтық соғыс жылдарыңдағы сұрапыл күндердің естелігі ретінде қаламызда бірнеше тарихи орын сақталып, кейін сол жерге ескерткіш орнатылған. Ол ескерткіштер сол жылдардағы халықтың қайғы-мұңы, қасіретінен сыр шертеді.  Осы күні қаламызда азамат соғысы жылдарындағы оқиғаларға арнап қойылған төрт ескерткіш сақталған: қазіргі Былғары және Силикат зауыты маныңдағы жазықсыз атылғандарға арналған ескерткіш,  Затон аумағындағы су жолы жұмысшыларына арналған бөгет жаныңдағы ескерткіш, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» кітабында баяндалатын  «Өлім вагоны» және қалалық саябақтағы бауырластар зиратына қойылған ескерткіш.

Шараға қатысушы қала жұртшылығы тек қана төрт ескерткіштің тарихымен ғана емес, сонымен қатар 1918-1920 жылдардағы қаламызда болған негізі оқиғалар, атаман Аненковтың  Семей қаласында салған ойраны жайында, қала тұрғындары өз ата-әжелерінің аузынан естіген естеліктерімен бөлісті. Аталмыш шараны Достық үйінің қабырғасында құрылған «Прииртышье» казактар хорының орындауындағы әндер толықтыра түсті.  Сонымен қатар, осы қонақжай отырысына арналып қала коллекционерлері мен кітапхананың ұйымдастырумен құрылған көрме қойылды.  Көрмеге қойылған жәдігерлердің арасындағы 1920 жылдардағы Қазақстандағы азаматтық соғыс пен  революцияға байланысты сирек қордағы кітаптар мен коллекционерледің жеке мұрағатындағы  ақшалар, монеталар мен  қылыштар  қонақтардың қызығушылығын тудыра білді.