Медальдар топтамасы: коллекционерлер клубы
24 ақпан күні Абай кітапханасында коллекционерлер клубының кезекті кездесуі өтті. Бір-бірімен тығыз байланыста жүретін олардың өз айтары болғандықтан осындай кездесулерді әдетке айналдырған.
Бұл кездесудің тақырыбы: «60-80 жылдардағы кеңестік медальдар және Ленинградтық ақша сарайы». Белгілі тарихшы-ғалым, археолог Амантай Исаұлы аталмыш коллекция туралы қызықты ақпараттан хабардар етті. Кеңес уақытында конференция, айтыс т.б. түрлі іс-шараларға қатысушылар медальдармен марапатталған, сонымен қатар мұндай медальдар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына, мемлекеттік маңызы бар оқиғаларға да арнап шығарылып отырған. Амантай Исайұлы өз коллекциясының басы болған әкесі ақын әрі әнші Иса Биназаровқа 1961 жылы айтысқа қатысқаны үшін берілген медаль және өзінің 1972 жылы Бүкілодақтық студенттік ғылыми жұмыстар конкурсында лауреат атанып марапатталған медалі жөнінде қатысушыларға әңгімелеп берді.
Бүгінде оның коллекциясында 50-ге жуық медаль бар, олардың әрқайсысы жеке өнер туындысы. Сол медальдардың бедері мен олардың сыр-сипаты әркімді таңқалдырары анық. Әрқайсы әлем мәдениетінен сыр шертетін өнер туындысы. Тәжірибелі коллекционер ретінде Амантай Исаұлы өз коллекциясын жинақтау және толықтыруда көмек беретін арнайы әдебиетпен толықтырып отырады.