2019 жылы өлке бойынша аталынып өтетін күндер: ақпарат күні

28.02.19

          Абай атындағы әмбебап кітапханасы 27 ақпан күні қаламыздағы мектептер мен колледждер кітапханашы мамандарының басын қосып 2019 жылы өлке бойынша аталып өтетін күндер бойынша ақпарат сағатын өткізді. Шара барысында  облыс әкімдігі қолдауымен 2018 жылдан баспа бетін көріп жатқан  кітапхананың «Абай әлемі» жаңа жобасы аясында жарық көрген өлкеміздің айтулы қаламгерлерінің шығармалары кеңінен таныстырылды.  Ағымдағы жылы аталып өтілетін халықаралық және республикалық атаулы күндерге шолу жасалып, Шығыс өлкесі, Семей өңірі бойынша аталып өтетін, еске алынатын айтулы күндерге шолуды  слайд көрсетілімі мен бейнесюжет  толықтырды.

Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысын атқарып отырған, көпшілік қауымның зор ынтамен бас қосатын «Өлкетану қонақжайының» ең қызықты шаралары  жайлы әңгімеленіп, слайд материалдарымен жиналған қауымға көрсетілді.

Шара қонақтарына ақпарат күніне арнайы әзірленіп,  латын қарпіндегі сирек басылымдардан ұйымдастырылған жаңа виртуальды кітап көрмесі ұсынылды. Виртуальды кітап көрмесі кітапханамыздың «алтын қорындағы» барлық ғылым саласын қамтитын, кітап, газет, журналдардан тұратын   218 дана әдебиеттер нұсқасынан тұрады. Жаңа виртуальды көрме латын қарпіндегі сирек басылымдарымыздың толықмәтінді нұсқасын  кітапхана сайты арқылы қашықтағы оқырмандарымызға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Жиналған кітапханашылар өз мекемелеріне келіп шара өткізіп бере аласыздар ма деген өтініштерін айтып, «Абай әлемі» кітаптар топтамасынан мектеп кітапханаларына да берілсе деген тілектерін білдірді. Шараға қатысқан кітапханашы мамандарға үлестірме ақпараттар таратылды.