Мемлекеттік рәміздер-тарих таңбасы: патриоттық сабақ

04.06.19

4 маусым  – Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, Отан  сүйгіштікке  тәрбиелеу мақсатында балалар әдебиеті бөлімі №37 мектептің жазғы демалыс лагері оқушыларына «Мемлекеттік рәміздер-тарих таңбасы» атты патриоттық сабақ ұйымдастырды.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылған мәдени шарада оқушыларға рәміздердің шығу тарихы мен қалыптасу кезеңдері және ұлттық нышандардың авторлары жайында  тыңғылықты ақпараттар берілді. Лагерь оқушылары  Отан, Туған ел,  Достық  туралы  мақал-мәтелдер  айтып,  балалардың ой- өрісін, тіл байлығын  дамыту мақсатында  ұйымдастырылған   «Кім алғыр», «Жалғасын тап», «Сөзжұмбақ» атты викториналық ойындарға белсене қатысты,  «Мемлекеттердің рәміздері» атты электронды бейне сұрақтарға жауап беріп,  өздерінің білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды.

Қатысушыларға «Еліміздің мемлекеттік рәміздері  және оның қалыптасу тарихы» атты бейне ролик ұсынылып,  арнайы жасақталған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш»  тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалынды. Шара «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді бірлесіп айтумен аяқталды.