Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Мам 15

Абайдың діни танымы: тікелей эфир

Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Философия және теология ғ.д., профессор Қожа Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлымен «Абайдың діни танымы» тақырыбында онлайн жүздесу өткізді.

Онлайн жүздесу барысында ғалым Абайдың діни көзқарастары, болмысты тануы жайында сөз қозғады. Ғалым Абайдың дінге деген көзқарасының  күрделігі жайында, Абайдың өзі мұсылман бола тұра, ол тек қана діни – исламдық шеңберде қалып қоймай, күллі адамзатқа өркениеттің, Алланың хақ жолын нұсқайтыны жайында сөз қозғады. Бұл – Абайдың гуманисттік ойының әлемдік деңгейге көтерілуінің жарқын көрінісі еді.

Абай мұсылманның ең басты парызы жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына бар болмысымен сене тұра, ол Алланы саналы түрде танып білгісі келеді.

Алланы, оның басты сипаты ғылым арқылы тану керек деген ұлы ойшыл Абай, дүниені яғни, қоршаған ортаны тану, ақиқатты тану, өзін-өзі тану, өз адамдығын бұзбай жаман нәрседен қашып, жақсы пайдалыны үйрену де ғылымнан,-дей келіп, адам бойындағы күллі жақсы қасиеттердің бәрі де ғылым арқылы келеді, – деген аса күрделі ой қорытындысын түйіндейді өзінің философиялық діни көзқарасын айқындайтын 38-қара сөзінде.

Хәкім Абай үшін дін мен ғылым біртұтас бір дүние. Екеуі де яғни дін де ғылым да ақиқат пен бір Алланы тану жолында қызмет етуі керек.

«Алланың бойындағы сегіз сипатын құдірет пен ғылым сипатына қоса біріктіріп, оны бір сөзбен ғақыл яғни ақыл сөзімен атайды. Осы ақыл сипатына Абай өз тарапынан нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып, екі сипатты яғни әділет пен рақымды қосады. Осы өзі екшеп, даралап алған қастерлі үш ұғымнан яғни ақыл, әділет, рахымнан Абайдың толық адам туралы ілімінің негізі қаланады»,-деп ғалым М.Мырзахметовтың пікірімен ойын түйіндейді ғалым ағамыз. Сонымен, «Абай іліміне» сүйеніп айтар болсақ, өн бойына ақыл, әділет, рахым секілді үш адамгершілік қасиетті жинақтаған адамды «Толық адам» дейміз.

Абайдың діни көзқарастары туралы «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген пайыммен онлайн кездесу аяқталды.