Абайдың ақын шәкірттері

Әсет Найманбайұлы (1867-1923)

18   Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен қала тұрмысына тұрақтала алмай Мақаншы ауданындағы Бақты ауылына көшіп барады. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Жасы ұлғайған шағындағы бір өлеңінде ақындық өнер сапарының он үш жасында басталғанын айтады:

Елуден жасым менің белең асқан, Өлеңге он үш жастан араласқам. Қызыл тіл қимылдаса қызуымен, Текпінді терең сөзден жаза баспан…-дейді ақын

Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдер болды.

Әсет – ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген.

Үйрек пен қаздай қалқып жүрмін жүзіп, Көп елде – көл жұртымда қыдыр шалған- дейді ақын.

Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданының жекпе-жектегі батыры»- деп М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтысы – Рысжан қызбен айтысы.

Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттердің бірі – Әсет.

Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста – халқының ақберен ақыны ретінде танылғаны анық еді. Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ақынның алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шаһкерім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен.

Әсет – Абай ағасының алдында мол тағылым алып, үлгі алады, Пушкин шығармаларымен танысады. Әсеттің «Евгений Онегин» романының оқиғасын алып, еркін аударма жасауы Абай әсері екені сөзсіз.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8