Кітапханамыз ірге көтерген уақыттан бері тұрақты оқырманымыз болған ғұлама ақын Абай Құнанбаевтың сирек басылымдар қорында сақталып, сандық форматқа көшірілген әдеби мұраларын, өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми зерттеулерді өздеріңіздің назарларыңызға ұсынамыз. Кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы ғұлама ақынның ең алғашқы «Таңдамалы өлеңдері» жинағы Алматыдағы «Қазақстан көркем әдебиет баспасынан» қазақ тілінде, латын графикасында 1936 жылы Р.Жаманқұловтың жауапты редакторлығымен баспа көрген. Сирек қорымыздағы ақынның «Таңдамалы өлеңдерінің» келесі жинағы Ықылас Адамбековтың құрастыруымен және редакторлығымен 1939 жылы Алматыдағы «Қазақстан көркем әдебиет баспасынан» жарық көрген. Қазақ тілінде, латын графикасында шыққан бұл жинақ екі бөлімнен тұрып, бірінші бөлімінде өлеңдері, екінші бөлімінде «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмалары жарияланған. Абайдың орыс тіліндегі «Таңдамалы шығармаларының» жинағы 1945 жылы Москвадағы мемлекеттік «Художественная литература» баспасынан Л.Соболевтің редакторлығымен, М.О.Әуезовтың алғы сөзімен жарық көрген. Жинаққа ақынның таңдаулы өлеңдері, поэмалары және В.Шкловскийдің аудармасымен ғақлиялары, Л.Соболевтің аудармасымен нақыл сөздері де енген.
Ұсынылған тізімдегі ғұлама ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты сандық форматқа көшірілген әдебиеттер Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасынан орыс тілінде «Абай. Критико-биографический очерк, стихи и библиография» атауымен ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесіне арналып Қ.Бекхожин, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайыловтың құрастыруымен 1940 жылы және абайтану ғылымының негізін қалаған М.Әуезов пен Б.Кенжебаев бірлесіп жазған 1945 жылы шыққан «Абай – великий казахский поэт» зерттеуімен басталады.
Ақынның балалық шағынан бастап толысып, кемеліне келген кезге дейін қамтыған М.С.Сильченконың 16 мақаладан тұратын «Абай.Очерки жизни и творчества»- ғылыми зерттеуі 1945 жылы және оның Қ.Жұмалиевтің редакторлығымен «Абай классик казахской литературы» сыни өмірбаяндық зерттеуі 1949 жылы Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасынан орыс тілінде жария көріп, әдебиет зерттеушілеріне, тарихшыларға, студенттерге арналған.

Абайдың шығармалары және сандық форматқа көшірілген әдебиеттер тізімі:

Құнанбайұлы Абай. Таңдамалы өлеңдер.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1936.- 126 б.;
Құнанбаев Абай Таңдамалы өлеңдері /Құрастыр. және ред. Ы.Адамбеков.- Алматы: Қазақстан көркем әдебиет баспасы, 1939.- 84 б.