Әуезовтің шығармашылығы

s15    Трагедияның көркемдігі, академик Р. Нұрғалидың сөзімен айтқанда «драмалық жанрдың барлық талап-тілегіне толық жауап береді». Шығармадағы жиырма екі кейіпкердің барлығы да тарихи тұлғалар, қозғалыстың басы-қасында болған жандар. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса 1841 жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды.

М. Әуезов Кенесары образын жасауда 19 ғасырдың ортасындағы саяси-әлеуметтік жағдайларды терең зерттеп, көрермендерге жауап ретінде ол: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының материалдарын жинадым».

М. Әуезовтің 1934 жылы «Хан Кене» пьесасын жазу үшін жинаған материалдарының бір бөлігін Н. Середаның «Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі», Л. Мейердің «Орынбор қаласына қарасты қырғыз даласы», Д. Смирновтың «Сұлтандар Кенесары және Садық», А. Рязановтың «Кенесары Қасымов көтерілісі» сияқты тағы басқа нақты тарихи материалдар құрса, екінші бөлігін Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Х. Досмұхамедов, М.Ж. Көпеев, Ә. Диваевтың ел аузынан жазып алған аңыз-жырлары мен жекелеген қазақ жырауларының шығармалары құрады. Кенесары – Наурызбай көтерілісіне байланысты Жетісу өлкесінің әңгімелерін де мол жинаған.

Пьесаның алғашқы шымылдығы Қасым Абылайұлына беріліп жатқан ас үстінде көп жақсылардың Кенені ақ кигізге отырғызып, хан көтеруімен ашылады. Бұл М. Әуезовтің қазақтың салт-дәстүрін жеткілікті білетіндігін дәлелдейді.

Хан Кене шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеген ер тұлға. Сайын даланы отаршылдықтан тек білектің күшімен емес, мәмілегерлік жолдармен де сақтауға ұмытылғандығын, тынымсыз ой кешкенін тарихи зерттеулерде келтірілген Кенесары хаттарынан байқауға болады. Көтеріліске түрткі болған себептердің бірі – округтерді ұйымдастыру арқылы қазақтарды жан-жағына қысып, құнарлы жер шаруашылығына тиімді аймақтарға орыс-қазақ шаруаларының ауыз салуы болды. Бұған ашынған Кенесары 1838 жылы 26 қазанда өзіне сенімді бес елшісімен 1 Николай патшаға мынадай хат жазды: «барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рахатын көруді қамтамасыз ету үшін сізден, ұлы даламыздағы қоныстарды жоюды сізден өтінуді бақытым деп санаймын. Бұл жазбалар оның не үшін соғысқанының айқын көрінісі ғана емес, арада, бір ғасыр өтсе де батыр бабамыздың өр талабын, қайсар мінезін, жауынгер келбетін келер ұрпаққа танытатын жанды дерек.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27