М.Әуезов шығармашылығы – ХХ ғасырдың әсемдігімен, ғажайып әсерлілігімен сиқырлы, қайталанбас ұлы құбылысына айналды. Әуезов мұраларынан алатын тағылым ұшан-теңіз. Жазушы шығармаларында өз халқының тыныс-тіршілігін, қам-қарекетін, аяулы арманы мен нұрлы үмітін, тарихи болмысы мен бүгінгі бітімін терең ұғынып бере білген суреткер.
Ұзақ жылдарға созылған терең шығармашылық ізденістердің, қажыр-қайратының нәтижесінде күллі әлемге ұлы Абайды танытып қана қойған жоқ, қазақ халқы «Абай жолы» арқылы өзін де тереңірек түсініп таныды. «Абай жолынсыз» қазақ әдебиетін, халқымыздың рухани-көркемдік әлемін көзге елестету мүмкін емес» деп халық жазушысы Ә.Кекілбаев бағалағандай, тек қазақ халқының ғана емес, көшпелі түркі жұртының өткені туралы ең алғашқы кең ауқымдағы шығарма.
М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихындағы үлкен өмірлік, шығармашылық жолдарында зор табыстарға жетті. Жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазғаннан кейін он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. Атап айтақанда: «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр» әңгімелері, «Жетім», «Қараш-қараш оқиғалары», «Қаралы сұлу», «Қилы заман» секілді прозалық шығармаларымен оқырман назарын бірден өзіне аударды. Прозаның шағын жанрының шебері екендігін көрсететін осы шығармаларында адамның іс-әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра келіп, кейіпкер психологиясының терең иірімдерін, табиғат суретін, халықтың дәстүрлі тіршілігін, тынысын, ұлттық мінез-құлқын мейлінше қанық, толық суреттей білген.
Жазушы адам бойындағы пәктік пен сұлулықты әділетсіздік пен азғындыққа қарсы қоя, жарыстыра суреттеу арқылы қазақ әдебиетіне классикалық психологиялық прозаның үлгісін әкелді.
Осы туындылардың өзімен М.Әуезов құдіретті талант иесі екендігін танытқан болатын. Оның талантын шарықтатып, көркемдік дамудың шырқау биігіне жеткізген өмір жолы оңай емес еді. Ол таудай талпынудың, дамылсыз ізденудің, табанды еңбектенудің қиын-қыстау жолы. Сонымен бірге, халыққа адал қызмет етудің азаматтық, адамгершілік жүгін арқалаған ауыр да абыройлы жол болды.
М. Әуезовтің «Қилы заман» повесі
М.Әуезовтің қаламынан шыққан алғашқы туындылардың бірі – 1928 жылы жазылған «Қилы заман» повесі. Бұл туынды кезінде кейбір себептермен халыққа кең танылмай қалып қойған еді. Міне, сол повесть 1972 жылы Ш.Айтматовтың алғысөзімен «Новый Мир» журналында орыс тілінде «Лихая година» деген атпен жарық көрді.
Аталмыш повесте Қазан төңкерісі алдындағы қазақ даласындағы ақ патшаның отарлау саясаты, екі жақты езгіде, тар қыспақта қалған халықтың ауыр тұрмысы, қайғы-мұңы, ашу-ызасы барынша шынайы көрсетілген.
Бұл кезде болып жатқан 1-дүниежүзілік соғыстың зардаптары да қарапайым халықты жаншып, езе түскен. Міне, осы тұста халықтың ауыр жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне қарамай-ақ, патша үкіметі қара халықтан майданға әскер алу туралы жарлық шығарды. Жарлық халықтың ашу-ызасын келтіріп, ақ патшаға қарсы күрестің ашықтан-ашық басталуына әкеп соқты. Қалың жұрт қарсылық майданына жұмылды. Жұртты күреске ұйымдастырған халық басшылары- өмірде болған Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Ыбырай сияқты тарихи адамдар еді. Жергілікті байлар Дәулетбек пен Түнқатарлар халықты күреске бастаған Ұзақ пен Жәмеңкені қолға түсіріп, өздері патша жарлығын жүзеге асыруға әрекеттенеді. Бүлікті басып, басшыларын жазалауға орталықтан Клубницкий жіберіліп, Ыбырай бастаған жігіттермен арада қантөгіс қақтығыс болады. Автор осындай ұлт-азаттық көтерілістің қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарында күшейіп отырғанын, бірақ оның стихиялы түрде басталып, соғыс құралдарының жеткіліксіздігінен тез басылып қалып отырғанын жазады.
Өмірлік факті ретінде 1916 жылғы Жетісу Албандары көтерілісінің тарихи оқиғалары негізге алынған Ленинград университетінің студенті болған кезінде Мұхтар фольклор нұсқаларын жинау үшін Жетісуға әдейі келі, оның әсем жерлерін, заңғар таулары мен жасыл жайлауларын аралап, тамашалап көреді. Бірнеше шығармаға арқау еткен дүниеліктерді ол осы сапараларында жинаған.
Оқиға Жетісудың атағы жер жарған Қарқара жәрмеңкесін суреттеуден басталады. Салғаннан жазушының эпикалық құлашы, қаламгерлік диапазонының кеңдігі, палитрасының сан алуан бояуға байлығы көрінеді. Төгілген тілі келісті картонна. Бірақ, Әуезов жәрмеңкенің дырду қызығын, ақтарылып шашылып, судай ағып жатқан байлығын тамашалай таңдай қағып, тамсанудан аулақ. Сахараның қанды ауыз обырлардың, майға қонған шыбынның сирағын жалайтын сараң, жарты тілі үшін жайын сататын саудагерлердікін қалай алдап, шырғалап, жеп жатқандығы алғашқы көріністерден-ақ белгілі болып қалады. Жазушы бір детальмен көп сырды аңғартады. «Базар ортасында ұзын биік ағашқа аспандатып көтерген ақ жалаудан екі басты самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қыранды, жалмауыз тілекті ертегі озбырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызған ана жат пішінді, жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы ертегі айдаһарындай екі басты, жайын түсті самұрық. Бұның жәрмеңке басында тірі жүрген құлдары, атқан оқ, шапқан қылышы – жемқор, семіз қарынды пристав «ақ желке» Падпаруев те, айнласындағы жоғары құлдары – ұсақ тілмаштар. Бұның ішінде қазақтан шыққан өңі жылтыр, қарны томпақ тілмаштар».
Жыл он екі айда бір оралатын жәрмеңке қыр қазағы үшін керек-жарақ алатын сауда-саттық орталығы ғана емес, ескі көз, кәрі жолдаспен кездесетін, ел-елден келгендермен ұшырасып, әңгіме-дүкен құрып, ойын-сауық көріп, сайран кешетін қызық думан ордасы. Қарқара жәрмеңкесінің осындай қан базарында маусым жарлығы атылған оқтай дүңк ете қалды.
Сұмдық хабар елді екіге жарған: Рақымбай болыс, Оспан тілмаш бір жақта, Жәмеңке қария, Ұзақ батыр бір жақта. Дауылды күнгі теңіздей астан-кестең боп, бүлініп алған халық басты тауға да, тасқа да соғып ақыры солдатқа жігіт бермеске бекінеді. Көтерілістің білек сыбанып шыққан басшысы жоқ. Түптеп келгенде, елдің аузына қарайтын адамы – қарт Жәмеңке. Ол – көпті көрген көне, талайды бастан кешкен естияр. Бөрліккен көпшілік бас қосып, не істеудің амалын іздеген – ақылдасқан шақта, төрелік – Жәмеңкеде, екінші көшелі кісі – Ұзақ. Бұл екеуінің сөздерінде алыстан орағыту, тұспалмен білдіру, айшықты өрнек, кейде шүйлігіп, қадап, тіреп айту сияқты қазақтың ежелгі шешендік өнеріне тән қасиеттер мол. Жәрмеңке толғауларында даналық, ақылгөйлік басым жатса, батыр ұзақ кесіп, пішіп, түйіп айтады, сөздері қорғасындай салмақты.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – қатпары қалың, масштабы зор, саяси-әлеуметтік қозғаушы күш-қуаты орасан үлкен оқиға, халықтық қозғалыс. Тұңғыш басылғаннан кейін, зиянды шығарма деген жаламен тыйым салынып, қырық жыл өткен соң ғана зор қиындықпен қайтадан жарияланған туындының ұлттық рухымызды, азаттық үшін күресімізді, тәуелсіздік жолындағы азапты жолымызды бейнелеудегі орны ерекше екендігін тиянақтап айту дұрыс болмақ.
Жазушы көтерілістің басты, негізгі себебі, ашық, анық түрткісі патша өкіметінің қаны сорғалаған отаршылдық саясаты екендігін көптеген кейіпкерлерінің іс-қимылы, сөйлеген сөзі арқылы әр түрлі орайда жан-жақты бейнелейді. Бұл ретте 25 июнь жарлығының ең соңғы шеп, төзімнің бітуі, лаулағалы тұрған қауға түскен шақпақ от.
Бұл биік рух көтеріліс басталмай тұрып көрінеді де, абақты ішіндегі тергеу кездерінде Жәмеңке, Ұзақ мінездерінен терең танылады. Әр буын өкілдері, аттары белгілі, белгісіз азаматтардың азаттық еркіндікке бұлқына ұмтылуын жазушы зор шабытпен құлшына суреттейді.
Қолға түсіп, прокурор алдында тергеуге келген Жәмеңке жауаптарына құлақ асайық.
«Жерді алды. Қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды, өз жерімізді сатты» – дейді Жәмеңке.
Отаршылар жасаған зорлық, істеген сұмдықтарды жіпке тізгендей етіп ұлықтың бетіне соғады. Халық ашуы, халық ызасы кескекті ердің аузынан оттай ыстық сөз болып шығады. Осы тергеу үстінде Жәмеңкенің характері, оның азаттық сүйгіш үлкен жүрегі, ешкімнен шайлықпаған жасын, тізе бүкпес асқақ ерлігі көрінеді.
Шығарма ерекшеліктерінің бірі – көпшілік сценалары айрықша шеберлікпен жазылған. Адамдар психологиясы, әртүрлі толқын, алтыбақан ала ауыздық, стихиялық – осы сияқты көтеріліс характеріне тән сипаттар, көптеген жәйттар көпшілік көріністері арқылы бейнеленген.
Жазушының бейнелеп отырған өмір құбылыстарына деген ықылас-пейілі, сезім-түйсігі, авторлық көзқарасы, қаламгерлік тұғыры кейіпкерлер тұлғасын сомдау үстінде үнемі айқын-ашық көрініп отырады. Тұтастай алғанда, реалистік прозаның негізгі принциптерін қатаң сақтап, биік көркемдік нысананы меңзей отырып, жазылған шығарманың басты байлығы – сан алуан ерекшеліктері бар, бірін-бірі қайталамайтын, ұлттық бояуы қанық мінездер, тұлғалар шоғыры. Солардың ішінде халық қысылып, тығырыққа тірелгенде, сөзіне ден қойып, байлауына тоқтайтын, елдің тағдырын шешетін, билік айтатын, негізінен екі кісі бар: бірі – Жәмеңке би, екіншісі – Ұзақ батыр.
Жәмеңке жасы жетпіс бестен асқан, өмірдің ащы-тұщысын түгел көрген, дәстүр-салтты бес саусағындай білетін, ел жорасының майталманы, көмейі бүлкілдеген шешен, азаттық жолында жанын беретін, қазақ едінің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен ескі билердің соңғы тұяқтарының бірі.
Қазақ ауылындағы таптық жіктеліс Рахымбай болыс, Оспан тілмаш, оған қарсы топ Жәмеңке, Ұзақ, Жанпейіс, Ыбырай араларындағы қайшылықтан танылады. Рақымбай – орта жастардағы, шала-шарпы орысшасы бар, пысық болыс. Патша отаршыларымен оның ым-жымы, ұрлық-қарлығы бір, солардың қолтығында жүреді. Жігіт алу кезінде халықты көзге алдап, сыртынан сатып жіберу – табыиғатына жарасымды қылық. Рақымбай мен Оспан тілмаш та опасыз. Бір әкенің баласы батыр Ұзақ, Түнқатар арасы керағар. Ұзақ – көтеріліс басшысының бірі. Түнқатар мал беріп, пара беріп жанын алып қалу пендешілігімен әуре. Бұл екеуі туысқандай емес, бір-бірімен ата жаудай.
М. Әуезов қилы заманға тап болған қазақ елі әлеуметтік топтарының да ішкі жіктерін көрсете алған. Әрі олардың бәрі қалыптасқан характер ретінде бейнеленген. Романда характер эволюциясы емес, қалыптасқан характерлердің қиын жағдайлардағы іс-әрекеті, ойлары, сезімдері бейнеленеді. Мысалы, романдағы Жәмеңке, Ұзақ, Ақжелке, Рахымбай, Түнғатар, Дәулетбек, Оспан т.б. сөзі, ойы, сезімі ғана емес, мінез-құлқы, қимыл-әркекетіне дейін даралана бейнеленеді.
Қаламгер ел басына күн туғанда оның басы-қасында кімдердің болғанын тебірене жазады. Патша жарлығына, қарулы әскерге көтерген күштердің рухани әлемін, жігер қайратын талдай суреттейді. Түрлі әлеуметтік топтардың алуан түрлі мақсаттары көрсетіледі. Мысалы, «Кешеден бері әншейінде пысықсып, тілмарсып жүрген Албан ішінің үлкен-кішісі, жақсы-жамандарының бәрінің де сөздерін естіп шықты. Бірде бірінің сөзінде түпкір өріс жоқ.Істейтін істің ем домы жоқ. Құр ғана Албанның өткен күні пәлен еді, бүгін мұндай апат келді, ауыр күн туды, ақыр заман болды дегеннен басқа, құр зарлағаннан басқа ештеңе айтпайды.
Жоғарыдағы Ұзақ батыр бейнесінің кейбір суреттері мен астарларына оралайық. Алғаш сөз алатын Жәмеңкеден кейін, толғаныста жүрген Ұзақ батыр ақтарылды. Оның сөзіндегі ойлары ірі. Ел басына орнай қалған қилы заман бүгін ғана туған жоқ. Ер азамат арқасына аяздай батқан қасірет батыр арманымен де қабаттасады. Батыр қарулы әскерге қарсы шыққалы отырған ел әрекетіне емес, оның намысының оянғанына, соны қартайған шақта өзінің көргеніне қуанады.
М.Әуезов ұнамсыз кейіпкерлерін дәстүрлі әдебиеттегідей бірден ұнамсыз қалыпта бейнелеуге тырыспайды. Оның ішкі құлқы мен сыртқы түрі арасындағы алшақтықты тура немесе жанама мінездеу арқылы да айтады. Бойға сіңген дағды бойынша қызметке кіріскеннен бергі көздеген нысана мал мен атақ, жылы, жайлы орын табуға ғана арналғандықтан , бұнда да сырт көрінісі болмаса, ішінде құралған негізгі пікір, бағыт жоқ еді. Ел қамы, көп мұңы дегеннен, «қалың жұрт тұрмысына жайлы, жайсыз болар ма? – деген сұрақтардан бұның басы да, жүрегі де аман болатын.
Жазалаушылар Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкірлерді абақтыға қамап, көтерілісті басшыдан айырып, олардың тобын ірітпекке қадам басқан. Ашық өлтіруге халық қаһарынан қорқып, Жәмеңкенің тамағына у қосқызады. 75 – тен асқан бас қарияның азапты өлімін суреттейтін беттерді оқығанда, төбе құйқаң шымырлап, жүрегің сыздағандай болады.
Құлазып елсіз қалған жайлау, иесіз қалған мал-мүлік жайында жазушы щығарманы төмендегідей аяқтайды. «Артында қара түтін боп жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күні қалды. Албан албан болғалы қыстың жұтын, жаздың індетін көрсетпеген, жер кіндігі – ата қоныс мекені қалды. Тау-таудың саласындағы иесіз шулап, қора-қора қой қалды. Тау толған арқар, бұғы, елік, қарақұйрық, таутекедей жабайы, жайын көршілері де қалды. Алдында белгісіздікке толған тұманды күндері құшағын жайды. Артына нәлет айтып, алдына қарай жол тартты».
М.Әуезов «Қилы заман» романында характерлер жасау жолында портрет пен мінездеудің, жинақтау мен даралаудың қазақ әдебиеті үшін дәстүрлі жаңа үлгілерін де шығармашылық талантпен меңгере қолданады. Ірі характерлер сомдау жолында қаламгер қолданатын әдіс тәсілдер шығармада салалас, сабақтас сюжеттердің аралас келуі, шеберлікпен қолданылуы көркем мазмұнды романдық хронотопта жан-жақты және тереңдей, көлемді бейнелеуге негіз жасаған.
Үлкен табыс – жазушының өрнекті, бейнелі көркем тілі. Автор диалогқа драмалық жүк артады. Олар мінез қырларын жақсы ашқан. Көпшілік сценаларында бірер диалогтың өзімен–ақ әртүрлі психологияның тамырын басып қаламыз. Шығармада Жетісу табиғаты ерекше бір ілтипатпен, зор махаббатпен суреттеледі. Автордың Алатау өңіріне деген ыстық ықыласы пейзаждан сезіліп тұрады.
Данышпан жазушы М. Әуезовтің қазақ халқының осынау қасіретті, қан жұтып, қырғын тапқан қайғылы тарихы мен қаралы тағдыры туралы перзенттік ыстық ықылас, терең толғаныспен жазған қалың қыртысты, кең тынысты көркем полотносы – «Қилы заман» романы алғаш рет баспадан 1928 жылы шыққаннан кейін, араға елу жылға жуық уақыт салып, 1975 жылы ғана екінші рет қайта кітап болып жұртышылық қолына тиді.
Асаубаева А. «Қилы заман хикаясындағы қаһармандар хал-ахуалы» // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 1997.- №5-6.- 47-51 б.
Әбдібаев М. Үлкен өнер бастауында («Қилы заман» повесі жайында ) // Мәдениет және тұрмыс. – 1977.- №8.- 10-11 б.
Әлдібаев Ә. Мен білетін бейнелер немесе «Қилы заманда» кімдер суреттелген // Қазақ әдебиеті .- 1981.- 15 май.
Бердібаев Р. Суреткер ерлігі: «Қилы заман» романының жарық көргеніне 60 жыл // Қазақ әдебиеті .- 1987.- 18 сентябрь.
Бисенғали З. «Қилы – заман» ұшыраған зобалаң // Абай .- 1997.- №2-3.- 42-46 б.
Жұртбаев Т. Қилы заман қалай жазылды? // Лениншіл жас.- 1990.- 28,29,30 тамыз.- 3 б.
Нұрғали Р. «Қилы заман» қандай туынды // Қазақ әдебиеті .- 1967.- 1 қыркүйек.
М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы
«Хан Кене» трагедиясы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы, оның объектісі мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне тікелей байланысты. М.Әуезов «Хан Кене» трагедиясында өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасады. Тұлға мен заманның, дәуір мен тағдырдың, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын әдеби бейнелер арқылы көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағын толғанып ой жібереді.
М. Әуезов Кенесары образын жасауда 19 ғасырдың ортасындағы саяси-әлеуметтік жағдайларды терең зерттеп, көрермендерге жауап ретінде ол туралы: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының материалдарын зерттедім –деп ой қорытады.
М.Әуезов те тарихи тұлғаға осы ой қазығы тұрғысынан келген. Рас, шығармада он жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды. Жанр талабы оны қажет етпейді. Осы ретте шебер драматург Кенесары басындағы осы маңызды, тартысты кезеңдерді таңдаған. Ол – Кенесарының хан сайлануы, бүйірін отаршылдықтың темір құрсауы қыса түскен халықтың күйзелісі, азаттықтың аңсаған тілегі, көтеріліс сәттері, жорықтар, елшілік хабарлар, бас кейіпкерлер өмірінің трагедиялық сәті.
Ең алдымен Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінде қазан төңкерісіне дейінгі халық тарихының шежіресін жасауда ерлікке барабар батыл қадам жасады.
Көркемдік қасиеттеріне келгенде «Хан Кене» пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең басты шарт –талаптарына жауап береді.
Трагедияда Кенесарының хан сайлану салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан, орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығармаға сыймайды да. Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ рубасыларының еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесарының қырғыз манаптарына да бұл ойы өтпейді. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жанқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары – Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жаманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспей айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.
Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды: тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді.
Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы өз ортасында, дұшпандарымен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ортасында, соғыс үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай, қолма-қол шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын қарату үшін мал-жан, дүние-мүлік, сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ жаратын әділ, бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немере қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп, отқа салып балқытып, мұзға салып суарған алмас қылыштай қаһарманның бір басында қырық кісінің айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін күресіп, елі үшін шәйіт боп өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты іспеттес әйгілі сыры, мұңды монологының өзі дөп-дөңгелек.
Ерлігі мен өрлігі бір басынан артып жығылатын Бопай ескі заң мен көне жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті көзінің ағы мен қарасындай көретін батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа түскендей болады.
Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерлерінің бірі – Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын Әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұлғайта келіп, естен кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім түйсігі, ой байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған қас батыр.
Билік орнықтырудың бірден-бір құралы – күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның ар жағы зорлық, қаталдық, қатыгездік, көз жасы, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз болмаған.
Сол мінездің жария болған сипаты Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп, намыстан өртеніп, кектене шиырығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап, араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі мүмкін еді.
Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурызбай немере қарындасы, бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде жүргендей, өмір мен өлім шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.
Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт бермеу, мал бермеу, соғысу, іріткі салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде беріп, артынан опасыздық жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады. Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес. Ру басыларының мұндай қара бастарының қамын жеген опасыз тұрпатының бір үлгісі: кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған, бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.
Драматург хан Кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би, төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының, дүниетаным нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын көрсетеді. Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, Сыпатай, Байұзақ үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай боп, келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады, Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін өздері шешкендерінен іш тартады. Оның үстіне бас қолбасы Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап, менсінбей жүргенде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітісем деп тұрғанда оққа қарсы шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанмен, жол айырығына келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп 12 мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарының жау қоршауына тастап, соғыс майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есіл ер мерт болады.
Осындай ұлы трагедиялық шығарма «Хан Кене» пьесасы жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен, қолма-қол тыйым салынды да, 1981 жылы қайта басылды.
Трагедияның көркемдігі, академик Р. Нұрғалидың сөзімен айтқанда «драмалық жанрдың барлық талап-тілегіне толық жауап береді». Шығармадағы жиырма екі кейіпкердің барлығы да тарихи тұлғалар, қозғалыстың басы-қасында болған жандар. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса 1841 жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды.
М. Әуезов Кенесары образын жасауда 19 ғасырдың ортасындағы саяси-әлеуметтік жағдайларды терең зерттеп, көрермендерге жауап ретінде ол: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының материалдарын жинадым».
М. Әуезовтің 1934 жылы «Хан Кене» пьесасын жазу үшін жинаған материалдарының бір бөлігін Н. Середаның «Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі», Л. Мейердің «Орынбор қаласына қарасты қырғыз даласы», Д. Смирновтың «Сұлтандар Кенесары және Садық», А. Рязановтың «Кенесары Қасымов көтерілісі» сияқты тағы басқа нақты тарихи материалдар құрса, екінші бөлігін Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Х. Досмұхамедов, М.Ж. Көпеев, Ә. Диваевтың ел аузынан жазып алған аңыз-жырлары мен жекелеген қазақ жырауларының шығармалары құрады. Кенесары – Наурызбай көтерілісіне байланысты Жетісу өлкесінің әңгімелерін де мол жинаған.
Пьесаның алғашқы шымылдығы Қасым Абылайұлына беріліп жатқан ас үстінде көп жақсылардың Кенені ақ кигізге отырғызып, хан көтеруімен ашылады. Бұл М. Әуезовтің қазақтың салт-дәстүрін жеткілікті білетіндігін дәлелдейді.
Хан Кене шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеген ер тұлға. Сайын даланы отаршылдықтан тек білектің күшімен емес, мәмілегерлік жолдармен де сақтауға ұмытылғандығын, тынымсыз ой кешкенін тарихи зерттеулерде келтірілген Кенесары хаттарынан байқауға болады. Көтеріліске түрткі болған себептердің бірі – округтерді ұйымдастыру арқылы қазақтарды жан-жағына қысып, құнарлы жер шаруашылығына тиімді аймақтарға орыс-қазақ шаруаларының ауыз салуы болды. Бұған ашынған Кенесары 1838 жылы 26 қазанда өзіне сенімді бес елшісімен 1 Николай патшаға мынадай хат жазды: «барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рахатын көруді қамтамасыз ету үшін сізден, ұлы даламыздағы қоныстарды жоюды сізден өтінуді бақытым деп санаймын. Бұл жазбалар оның не үшін соғысқанының айқын көрінісі ғана емес, арада, бір ғасыр өтсе де батыр бабамыздың өр талабын, қайсар мінезін, жауынгер келбетін келер ұрпаққа танытатын жанды дерек.
М. Әуезов те тарихи тұлғаға осы ой қазығы тұрғысынан келген. Рас, шығармада он жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды. Жанр талабы оны қажет етпейді. Осы ретте шебер драматург Кенесары басындағы осы маңызды, тартысты кезеңдерді таңдаған. Ол – Кенесарының хан сайлануы, бүйірін отаршылдықтың темір құрсауы қыса түскен халықтың күйзелісі, азаттықты аңсаған тілегі, көтеріліс сәттері, жорықтар, елшілік хабарлар, бас кейіпкер өмірінің трагедиялық сәті. Пьесадағы Кене хан арзан атақтың адамы емес, қалың қазақты тұтастырып бірлікке, намысқа шақырған күрескер, үлкен ойдың, намыстың, парасаттың адамы болып көрінеді. Сонымен қатар, оның алға қойған мақсатынан кері шегінбейтін тегеурінділігі де танылады.
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры .- Алматы, 2002.- 528 б.
Дәуітова С. «Хан Кене» трагедиясындағы авторлық концепция// Жұлдыз.- 1998.- №12.- 176-181 б.
Елеукенов Ш. «Хан Кене» және ұлттық мұрат: (М. Әуезовтің «Хан Кене» атты пьесасы туралы) // Заман Қазақстан.- 1997.- 8 тамыз.- 12-13 б.
Қозыбаев М. «Хан Кенедегі» халық тарихының көріністері // Түркістан.- 1997.- 10 қыркүйек.
Сейфуллин С. «Хан Кене» туралы // Абай.- 1993.- №8.- 25-33 б.
Серғазы Л. М. Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясының тарихилығы: автореферат.- Алматы, 2004.- 35 б.
Серғазы Л. «Хан Кене» трагедиясын басқа шығармалармен салыстыру // Абай.- 2005.- №1.- 67-72 б.
Мұхтар Әуезов шығармаларының көркемдік ерекшеліктері
Мұхтар Әуезов қазақ әдебиет тарихында қалыптасқан озық дәстүрлерді алға апарушы, ілгері дамытушы болды. Осы жолда ол әдебиет тарихын зерттеуші, сөз өнеріне аса зор үлес қосқан жазушылығымен, жаңа сапада жазылған тың шығармаларымен қазақ әдебиетінің мәртебесін жаңа биіктерге көтерді.
Ұлы суреткердің шығармаларының қуатты, арналы мол саласы – оның прозалық туындылары. Ол «Қорғансыздың күні» (1921) деп аталатын алғашқы әңгімесі арқылы-ақ өзінің суреткерлік дарынын айқын танытты. Әңгімеде бас кейіпкер Ғазизаның күйзелісі табиғаттың ызғырық боранымен астастырыла суреттеледі. Әуезов адам бойындағы пәктік пен сұлулықты әділетсіздік пен азғындыққа қарсы қоя жарыстыра суреттеу арқылы қазақ әдебиетінде классикалық психологиялық прозаның үлгісін әкелді. Әңгіменің жанрлық табиғатына тән сюжеттік-композициялық тұтастықтың шебер өрілуі, уақыт пен кеңістіктің аясында негізгі кейіпкерлердің жан дүниесін аша білуі қазақ әдебиетіне көркемдік стилі өзгеше дара суреткер келгендігін байқатты.
Жазушы келесі «Оқыған азамат» (1922) әңгімесінде өзінің азаматтық мұратын аңғартты. Оқыған адамның бәрі парасатты бола бермейді. Әңгімедегі басты кейіпкер бойындағы ұқсастық, келісімпаздық, сатқындық сияқты ұнамсыз қылықтарды көркемдік әдістермен әсерлі бейнелеу арқылы жазушы қазақ зиялы қауымының халық алдындағы жауапкершілік әлеметтік мәселе деңгейіне дейін көтерген.
Қазақ жазушысының «Қаралы сұлу» (1925) әңгімесі прозаның озық үлгілерінің бірі. Жастай жесір қалған келіншек Қарагөздің әңгіменің шарықтау шегіндегі саналы және санасыз әрекеті, жан қуаты мен тән қуатының арпалысы шебер суреттеледі. «Қыр суреттері», «Жетім», «Кім кінәлі», «Ескілік көлеңкесінде», «Сөніп-жану», «Кінәмшіл бойжеткен», «Іздер», «Бүркітші» т.б. әңгімелері – Әуезов прозаның шағын жанрының шебері екендігін көрсетеді. Жазушы шығармаларында көп желілік, адам әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра келіп, кейіпкер психологиясының терең иірімдерін, табиғат суретін, халықтың тұрмыс-тіршілігі тынысын, ұлттық мінез-құлықты мейлінше қанық, толық беру тән.
Әуезовтің 1920 жылдардың соңында жазған «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928), «Көксерек» (1929) аталатын үздік повестері проза жанрындағы ерекше көркемдік құбылысы болып табылады. Әңгіме жанры арқылы көрінген суреткерлік қуат бұл повестерде қанатын кең жайып, ашыла түскен. «Қараш-қараш оқиғасының» басты кейіпкері Бақтұғыл – рухы биік тұлға. Ар-намысын, адамдық қасиетін таптаған Жараспайды атып өлтіреді. Кісі өлтіру – адам күнәләрінің ішіндегі ең ауыры. «Қараш-қараш оқиғасы» повесінде әлеуметтік-әділетсіздікке қарсы шыққан қайсар жігіттің образы сомдалып, ішкі арпалысы тереңдігімен тәнті етеді. Табиғаттың өзі басты кейіпкер Бақтығұлдың ішкі психологиялық арпаласымен астасып, өзгеше көркемдік тұтастық құрайды.
«Көксерек» повесі – тақырып жағынан оқшау тұрған шығарма. Әлем әдебиетінде қасқырдың, жалпы аң-құстың «психологиясын» беру дәстүрі бар. Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы – мәңгілік тақырып. «Көксерек» повесі осы тақырыпта қазақ ұғымы, тірішілік таным тұрғысынан келіп, әлем әдебиетіне тың көркемдік құбылыс ретінде қосылған шығарма болды. Кейін Ш.Айтматов, М.Мағауиннің т.б. шығармаларында бұл дәстүр жалғасын тапты. «Қилы заман» шығармасындағы эпикалық ауқымдылық, кейіпкерлердің психологиялық сезім толқыныстарының тереңдігі, характерлердің әлеуметтік қақтығыстар тұсында құбыла дамуы, азаттықты аңсаған халық рухы, ұлы жазушының күрделі тақырыптарды игеру шеберлігін, кең тынысты қарымын танытты.
Жазушы қандай тақырыбын жазса да адам психологиясын, оның қабат-қабат астарын терең аша отырып, қазақ әдебиетінде сол кезеңде жиі көтерілген тақырыпты мүлде жаңа қырынан, өзшеге шеберлікпен игерген.
Сонымен, қорыта айтқанда М.Әуезов – ғалым-жазушы, көркем ойдың алыбы. Ғұлама ойшылдың дүниетанымының тереңдігі, өзгеше ойлау стилі мен ойлау әдісі кейінгі ұрпақтарды да тәнті етеді.
Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – тек көркем шығарма емес, ұлтымыздың болмысы мен дәстүрлі тұрмысын көркем оймен кестелеген, дала тарихы мен философиясы тұнған дала дастаны. Шығарманың характері мен тіл тәрізді портрет жасаудағы жазушының өресін, қабілетін танимыз. Оның заңдылығы – шеберлікке, әдебиеттің өркен жаюына мықты басқыш. Эпопеяға басты кейіпкер етіп тарихи тұлғаны ала отырып, тұтас бір халықтың болмысын тереңнен қопара бейнелеу – әлем әдебиетіне қосылған ерекше көркемдік әдіс болды. М.Әуезовтің портрет жасау шеберлігінің үлгісі бүгінгі әдебиетке әсерін тигізді. Шығармаларындағы бейнелерді сан бояумен құбылтып, түрлендіріп шеберлікпен бере білу кеңінен өріс алды, өмірге қилы мінезді, алуан келбетті кейіпкерлер келді. Әсіресе, портреттің өрелі түрі- психологиялық портрет өркен жайды. Жазушының портрет жасау жолдары, әдіс-тәсілдері, форма-түрлері көбейді.
Әуезов кейіпкерлерінің сырт келбеті жан толғанысымен тұтасып, бүтін бір тартымды дүние жасайды, бірін-бірі толықтырып тұрады. Келбеті арқылы характердің қатпар-қатпар жан-дүниесі, жүрегінің дірілі шеберлікпен ашылады.
Мұхтар Әуезов жасаған образдарда адам келбеті ғана емес, қаһарманның да, қаламгердің де арман-толғанысын, асқақ қиялын көреміз. Абай, Тоғжан бейнелері соның жемісі. Характер қасиетіне байланысты жазушының бояуы ажарлана түседі, құбыла түседі: бірде нәзік жанның жан құбылысы жаныңды тербетсе, енді бірде ой шатқалына сүңгисің, тағы бірде сұрланған беттің сұмдығынан шошисың… Осылай кете береді. Бірақ суреткердің біргегей мақсаты – кейіпкер тебіренісін терең ашу. Барлық бояу, штрих, келбет құбылысы – бәрі де осы мақсатқа бағынған.
Жазушы образды шеберлікпен беруде сан түрлі қимылдар жасайды. Қимыл, сезім үстінде біртіндеп ашу үстінде әдісін де, жинақтап, тұтас суреттеу тәсілін кеңінен қолданған.
Нұрғали М. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры:(Мағжан, Мұхтар, Міржақып, Сәкен, Ілияс, Сәбит, Ғабит туралы).-Алматы: «Күлтегін», 2002.-528 б.
Ақшолақов Т. Характер сомдауда // Қазақ тілі мен әдебиеті.-1992.-№4.-27-32 б.
Әдібаев Х. Портрет сыры // Жұлдыз.-1969.-№ 7.-146-150 б.
Әлімбай М. Зергерліктің зерлері // Ана тілі.-1997.-4 қыркүйек.-5 б.
Әуезов М. //Қазақстан.Ұлттық энциклопедия.-Алматы, 1999.-12-13 б.
Рүстембекова Р. Көркемдік кілті // Қазақ әдебиеті.-1977.-10 июнь
Жұртбай Т. «Қилы заман» және алаш идеясы // Кітапхана.-2008.-№4.-36-39 б.
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі
Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы 20 ғасырдағы қазақ және әлем әдебиетіндегі ерекше көркем құбылыс. Суреткер өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының рухын, ұлттық болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абайдың мәңгілік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралық таныммен сомдаған. ”Абай жолы” эпопеясын суреткер шебер композицияға, сюжетке құра білді.
Романның сол сюжеттік желісі жазушыға қайталанбас сом характер жасауға мүмкіндік береді. Сондай кесек, ірі сомдалған тұлғалардың бірі – Құнанбай. Жазушы романда қажы бейнесін сан-алуан оқиға үстінде әр түрлі мінез-қылығымен көрсеткен, тұңғиық сыры терең, қалтарысы, бұрылысы, сұмдығы мен жауыздығы, қайраты мен қажыры, шешендік алғырлығы мен ақыл-айласы бойына тұтаса біткен жан бейнесінде өрнектелген. Оның сырт пішінінен ішін тану қиын. Қатпары көп ішкі жан дүниесінде бұғып жатқан сырлар сыртқа бірден теппейді, бергісін көрсетіп, әріде, тереңде, қалтарыста жатқанын ішінде бүгіп қалады.
Ол ескі өмірдің қаймағы шайқалмауын, заман тізгінін қолынан кетірмеді, әкімшілік-биліктен айрылмауды, елге Құнанбайлық әмірін жүргізуді көздейді және осы ниетінен қайтпайды. Өз қарауындағы елді құрығында ұстап, көнбегендерге Құнанбайлығын істейді, тізесін батырады. Мұның барлығын өз қолымен емес, басқалар арқылы істейді, өзі тасада қалады. Ол азуы кере қарыс Алшынбайды да ”Алшеке” дей отырып, өз керегіне жаратады. Ол шариғатты да, ”құдайшылықты” да дегені үшін құрбандыққа шалады. Құнанбай уысынан шығар пенде жоқ, өйткені онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды, сөзге жүйрік. Мінез бен іске де алғыр. Осылардың бәрі өз ортасын бойымен басып жығып беруге себеп болды. Демек, романда Құнанбай қулығына құрық жетпес, ақылы мен түлкілігі, айласы мен амалы астасып жатқан терең шыңырау болып бейнеленген. Жазушы оның сол әрекетін нақтылы оқиғалар арқылы шығарманың бүкіл бейнелі құрылымында образдар жүйесінде көрсеткен.
Құнанбай айла-амалы, өзгенің қолымен от көсейтіні ру басшыларын да осы қылмысқа ортақ етуінен анық танылады. Ол ”күнәһар” Қодар мен Қамқаға қандай жаза қолдану керек, оны да өзі жеке дара шешпеген, ру басшыларының сарабына салған болады. Бірақ бұл жерде Құнанбайлығын жасады. Өлтірткен ол емес, солардың өздері: ”Адам өлтіріп отырсың, не бетіңмен үн шығарасың?” дейді Бөкей Қаратайға. Құнанбай шариғатты өз кәдесіне жаратады. Мұндай ”ел қорлаған сұмдыққа, ел көрмеген жаза керек” деп шариғат атымен үкімін шығарады.
Құнанбай романда ірі қимыл, қайрат адамы болып көрсетіледі. Ол бір нәрсеге бел байласа, оны орындамай, аяқтамай тынбайтыны, ештеңеден іркілмейтіні, тайсалмайтыны мына бір оқиғадан байқалады. Құнабайдың үстінен арыз түседі. Ол арыз қағаздар Майырдың қолында. Орыс арақсыз отырған ба? Құнанбай Майырды араққа тойғызады да, оның қолынан қатты қайырып ұстап тұрып, Мырзаханға қағазды өртеуге бұйрық береді, сөйтіп, оның көкжалдығын тағы да тани түсесің.
Құнанбай әкімшілік – аға сұлтандық мансап-дәрежесін, ақыл-айласын өз құлқыны үшін кәдеге де жарата біледі. Реті келген жерде қылғып жұта береді. Бір Қарқаралы сапарынан олжаға шаш етегінен батады. Жазушы осы тұста әділетсіздікке жақтаушы Абайын тағы да сахнаға шығарады. Әкенің мынау олжасының сырын білген ол, өз-өзінен қысылады. ”Не деген ұят?”,- дейді Абай көңілі.
Құнанбайдың алаған қолы береген де. Ол асай да біледі, асата да біледі. Әйтпесе ол Құнанбай атана ма, аға сұлтан бола ала ма, Баймұрын, Бөжей, Байсалдарды жеңе ала ма? Құнанбайдың арқа сүйері Алшынбай сияқтылар болса, екінші таяныш-тірегі патша әкім-ұлықтары. Сондықтан олардың көмейін тығындау, қалтасын мығып отыру керек. Ол патша әкімдерін сатып алуға болатынын жақсы біледі. Жазушы патша әкімдерінің ақша, дүние құлы, қалта құлы, парақорлық, уақтық мінезін, құлқын құлдарының жемтіктестігін бір-бірін қас-қабағынан, ым-жымынан танитынын орайлы ашқан.
Жасы ұлғайған, қайраты мұқала бастаған, ел ішіндегі билік тізгінін ұстау барған сайын қиындай бергенін сезінген Құнанбай енді сол елді әлі де уысынан шығармаудың басқа бір айла-амалын ойлайды. Бұл кезде енді Құнанбай бұрыңғы қасқырлығын қойғандай, сопылық күйіне қарай ойысқандай. Елмен, жұртпен сыйпатты сөйлесіп, мүләйімсіген кейпін байқатады. Жазушы Құнанбайдың сол сәттегі қалпын ”бет-ажарында қобалжу жоқ. Өз ойын өзі қинап, алаң біткенкісі емес… ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өтті… жалғыз көзін салмақпен қадай отырып, сөйлеп кетті” деп сабырлы, салмақты Құнанбайды алдымызға тартады. Ол балаларына, туған-туыстарына, дос-жарандарына арнайы айтқан аттанар алдындағы қоштасу сөзінде өте ұстамдылық, байсалдылық көрсетеді. Сөздері де мығым, алыс жолға, қиын-қыстау сапарға аттанып барам-ау деген үрей, қорқыныш сезілмейді, қайта салмақты. Қайта бәріне тоқтау айтып, өтірік мүләйімсиді.
Ал, Дәркембайға ашулану тұсындағы Құнанбай кейпін суреткер асқан бір шеберлікпен суреттеген: ”…Құнанбайдың момын жүзі мүлде жоғалып кетті. Бұрынғы жаулық шабуылдар үстінде көгеріп, түйілетін ашуын қайта тапты. Бұл кезде жыртқыш тағылардың тісті, тырнақтылары болса, солардың гүрілдеп шыққалы тұрған, іреп сойғалы тұрған, қатал тағылық кескініне келді” деп даланың жыртқыш қырдың бейнесін елестетеді. Бұл романдағы сан алуан оқиғалар үстінде көрінген өзіміз білетін кекті, күшті Құнанбай. Әлгінде ғана сопылық мүләйімсуден нышан қалмаған, көлгірсу, бүкпелеуі жоқ, жаулық кейпіне қайта оралған Құнанбай ғана бар.
Жазушы Құнанбайдың қажылыққа бару оқиғасын текке алмаған. Сол арқылы Құнанбай түлкілігінің бір қырын көрсетпек болса, екіншіден оның оның көп жауыздықтарының тағы бірін, жарлы-жақыбайларға жасаған қиянатын әшкерелеген, үшіншіден, Дәркембай сияқты халық қамқоры, қарапайым дана қарттың адамгершілік, батылдық, ерлік қасиетін танытқан. Жазушы өзі жарлы болса да жаны жақсы, адал адамның кейпін берген.
Жазушы Құнанбайдың екі баласы Тәкежан мен Абайдың бір-біріне қарсы мінез құлқын шебер сипаттай білген. Тәкежан әкесінің түлкілік, қаталдық мінездерін бойына сіңіре білген, Ал Абай әкесінің әділетсіздік қылықтарына жаны ыршып, әкесінің қателігін бетіне басады: ”Еркекпен еркекше алысудан жеңілсең де, қатын-балаға батырсың. Қайтарыңдар елдің малын, ұялсаңдар етті” деп Тәкежан мен Майбасарға бұйыра сөйлейді.
Міне, жазушы Абайдың халық қамқоры екендігін, Тәкежанның жәбіршіл, жауыздығын бір ғана штрихте анық байқатады. Дегенмен, Құнанбай ақыл-парасат иесі, өз ойы, түйсігі бар жан. Мұны әке мен бала арасындағы сөз қағыстан аңғаруға болады. Үлкендер заман мен заман арасын салғастырып, өткен заманның артықшылығын, бүгінгі заманның азғандығын сөз еткенде, соған қарсы Абай дәлел келтіргенде, Құнанбай сөзге араласып, салмақты дәлел тастады дейді. Баласының басындағы үш мінді айтқанда Құнанбай сөзі де, өз заманы да, өз әлеуметтік жағдайы да, солардың түсінігі, танымы тұрғысынан алғанда, ойлы да дәлелді. Бірақ Құнанбай баласы Абайдың дәл дұрыс жауабына қарсы дау айта алмайды. Құнанбай баласына жеңіледі, қиналады. Енді жеңілгенін мойындайды, тек баласынан ғана емес, ендігі өмірден де жеңіліп барады. Осы бір эпизодтан тағы бір нәрсені аңғарамыз. Жазушы Құнанбайлар заманының енді жас Абай бастаған жаңашылдар заманы екенін көрстетеді. Соны түсінген Құнанбай еріксіз күрсінеді. Құнанбай адам таниды. Ол – Абайдан көп үміт күткен болатын. Оны барлық баласынан ерекше көрген. Бойындағы бар қасиетін байқаған. Байсал, Бөжей, Қаратайлар Құнанбайды қошаметтеп, оның Ысқақ деген баласын ”осы бір пысық та сергек неме” деп мақтаған кезде, Құнанбай оны теріс көргендей ”одан да не күтсеңдер де, жаман қарадан көрсеңдерші” деп Абайға қарайды. Демек, Құнанбай ақыл-айласы бір басында мол адам.
Жолдасова Т. Құнанбай бейнесі: тарихи шындық пен көркем шындық // Қазақстан Жоғары мектебі.-2003.-№ 2.-210-215 б.
Жолдасова Т. Абай және роман-эпопеядағы диалог пен портрет // Ізденіс.-2003.-№ 2.-177-180 б.
Сәкенова Р. Құнанбай бейнесін жаңаша танытудың бір үлгісі // Қазақ тілі мен әдебиеті.-2004.-№ 3.-33-40 б.
М. Әуезовтің «Қараш-Қараш» повесі
Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алсақ та, қазақ халқының тарихының елеулі кезеңдерін қамтитынын көреміз. Жазушының алғашқы шығармасының бірі – «Қараш-Қараш» оқиғасы атты повесі 1927 жылы жазылды. Мұнда Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ ауылының айқын картинасы, таптық сананың, стихиялы түрде болса да, аздап ояна бастағаны суреттеледі. Аталған шығармадағы басты кейіпкер Бақтығұл өмірде болған адам. Қаламгер патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін 10 жыл абақты жұмысына кесіліп, Сахалинге жер аударылған Рысқұл Жылқайдаровтың (Тұрар Рысқұловтың әкесі) прототипі етіп Бақтығұлды алған. Осы шығарма жайында пікір айтқан белгілі француз жазушысы Андре Стильдің: « … еркіндік сүйгіш, ер көңілді Бақтығұлдың жеңістері мен қателіктерінің өзі де азаттық пен адам ұлылығын бейнелейді»–деп тамсана да таңырқай жазуы М. Әуезовтің бұл туындысының тарихи құндылығына дәлел боларлық баға.
Повестің бас кейіпкері Бақтығұл бейнесі арқылы дәуірдің қиын да қым-қиғаш қарама-қайшылығы бостандық аңсаған халық арманы мен жаңаша көзқарасы идеялық-көркемдік тұрғыда танылады. Бақтығұлдың өмір құбылысын аңғара түйсінуі арқылы драматизмі мен күрес жолдары сан сала тұтас әлем ашылады. Басынан кешкен тағдыр тауқыметі, жеке драмасы Бақтығұлды тартысқа толы күрделі өмірді тануға, бойындағы қуат-күшін жаңадан безбендеп, өзін-өзі адам ретінде сезінуге, әділет үшін күреске жетелейді. Тумысынан құлдықпен қаналуға жаратылғанмын дейтін қалыптасқан ой-сезімінен арылып, өз қадір-қасиетін сезіне бастағаннан кейін-ақ, тіршілігінің келелі кезеңі басталады. Аса маңызды бұл процесс повесте кең тарихи перспективада көрсетіледі. М. Әуезов патриархалдық санадан оңай құтыла қоймаған көшпелінің жан дүниесі диалектикасын шыншылдықпен көркем аша білді.
Шығармадан үзінді келтірер болсақ, «Бақтығұлдың есінде сайрап тұрған нелер арманды, өксікті күндер бар. Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты. Қозыбақ ауылы деген Бүрген болысындағы малды-басты жуан ауылға екі бірдей малай боп, өзі қой бақты, он жасар інісі қозыға салынды. Содан міне – тап былтырғы өткен күзге дейін табандатқан жиырма жыл бойында Бақтығұл да, Тектіғұл да Қозыбақ ауылының кенжесі – Сәлмен дейтін сотқар байдың малайы болды. Қойшыдан асқанда қолы жеткені жылқышылық еді. Он жеті-он сегіз жыл бойында Бақтығұл Сәлменнің мыңға тарта жылқысының сан жүзін тудырып-өсіріп, сан айғыр үйірін тыңнан салғызып, әлденеше кәрі бие, ат-айғырын қартайтып, қысы-жазы байдың жылқысының соңында болды» (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 45 б).
Повестің сюжеті бас қаһарманның идеялық эволюциясын ашады. Алғашқы беттерден бастап-ақ Тектіғұлдың басына түскен ауыр зәбір-жара кеңінен баяндалады.
«Тектіғұл міне – бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ ауылы кейде бір елмен барымталасса, қолдарына шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке – соғысқа да салатын. Қозыбақ ауылының Сәлменнен үлкен ағасы – Сәт болыстыққа таласып, талай партия сайлауда әлденеше қырғын-жойқын төбелес жасатты. Соларда Сәт Сәлменнің исі Қозыбақтың «қара сойыл, дөйір жігіттері шетінен жойқын» десіп, өзге жасақшылар сескене сөйлегенде, Бақтығұл, Тектіғұлды еске алатын. Бұларды кейде қорлай, мазақтай сөйлеп, «екі құл, қос құл» десетін».
«Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді». Сәлмен байдың көпе-көрнеу айуандығы Бақтығұлдың әділетсіздікті түсінуіне себеп болды. Рас, басында оған бұл хайуандық тек осы бір ауылда бітеу шыққан жара сияқты көрінеді. Ескі түсініктің шырмауындағы Бақтығұл өздеріне жасалған қатыгездіктің себебін інісімен екеуінің келімсек-кірмелігінен деп ұқты. Түптеп келгенде , Тектіғұлды өз қолымен өлтірген бай өз кінәсін мойындауды былай қоып, жоқшылыққа ұшыраған Бақтығұл үйіне қол ұшын да бермеді. Бұл жайында шығармада «…Бақтығұл аттан түспестен, айналаны шарлап, шапқылап айғай салып, Тектіғұлды іздеген. Бірақ таң атқанша таппаған. Ауылда иіруде қалған жылқы дауылдан үркіп – ол босап, иен далаға шашырай жоғалған-ды. Бақтығұлдың малды тастап, інісін іздегенін; тағы Тектіғұлдың ұшып өлгелі жатқан жерінен тауып алып, артына мінгестіріп әкелгенін білген Сәлмен Бақтығұлды және де әке-бабадан боқтап, қамшының астына алған. Бақтығұл Сәлменнен тілін тартпай, Тектіғұлды ақтап: «Жанымнан садаға кетсін сенің арамнан жиған малың! Құлағын ұрайын. Мен де айтамын соны», – деген, тілін тартпаған-ды. (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағының 2-томы, 39 бет)
Кекті ызаға шомылып, қаһарға мінген батырақ көңіліне қаяу түсірген бай жылқысын барымталады. Табиғи, шыншыл баяндалған қазақ та қиын әңгіме оқырманды әлде не болар екен деген ауыр күйге түсіреді, қатты әсер етеді. Ескі ауылдың сан-сала тіршілігіне араласқан Бақтығұл бейнесі жан-жақты ашылады. Тумаларымен, ел билеуші шонжар байлармен ара-қатынасы кейіпкердің рухани эволюциясын аша түседі.
Повестің кейіпкерлері – тарихи адамдар, олардың қимыл-әрекеттері де барлық реалдық күрделілігімен, шыншыл қалпында, тіршілік еткен орта жағдайымен кеңінен суреттелген.
Повестің сюжетінде бас қаһарманның рухани дамуының үлкен екі кезеңі белгіленген. Олар – Тектіғұлды өлтірген Сәлменге деген наразылық және Жарасбайға қарсы кек алу жолына түсуі. Алғашқы наразылық Сәлменнің Бақтығұлды қатал соққыға жығуымен аяқталады. Талай тепкіге тап болса да, бас кейіпкер заманның қыры мен сырын әлі толық түсініп болған жоқ, ол жәбірленушіден жеке басының кегін алуды ойлайды.
«Бақтығұлдың көңілі талай күнгі қауіп, сақтық, тынышсыздықтан енді біраз жай тапқан. Қалың тік қара мұрттың астынан сәл сүйсінгендей жымияды да үндемейді.
Жыртық киімді, күрең жүзді Қатша балаларына шай қайнатып отыр екен… Үш бала бар: үлкені Сейіт – он жаста, Қалғанының үлкені – бес жасар Жұматай, ең кішісі – екі жасар, емшектен әлі шықпаған қара қыз – Бәтима. Бақтығұлдың келгені үрпиіп жүдеп отырған кішкене кедей үйге жан кіргізгендей болды».
Сайдағы қыстауына жеткен Бақтығұл Сәлменнің боз биесін бүгін жардай жайратып тастаған еді. Оның асылған семіз, дәмді еті әлі өзі түгіл, ашыққан бала-шағасының аузына да тиген жоқ. Естияр ұлы Сейіт ұйықтамай «жылы, жарық оттың қасында бұрқылдап қайнап жатқан жылқының жас етінің» иісін сезеді. Әйелі Қатша етті тез пісірмек болып, отты қатты жағып асығады. Ерінің шаршағаны асты тездетуді тілейді. Бірталай уақыт өткен соң, кішкене қазанның асы да қайнап, пісуге жақындайды. Қатша қол жуатын жылы суды шәугімге құйып, қалғып отырған күйеуін оятады. Бақтығұл да жадырап, «бас жағында жерде жатқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып, сол қолының бармағымен сүйкеп жүзін» көреді. Өткір пышақ «семіздің майында сыныптай жорғалағалы лыпып тұр». Сорлы кедейдің төріне қонған бар жақсылық осы-ақ. Ол әлсіз шырағданның отындай жалп етіп сөнеді. Тыстан ит үреді. Тасырлатып жау келеді. Боз биенің қазандағы былқыған етін сезген кәнігі, бүлік топ астың бір түйірін үй ішіне татырмастан, өздері бөліп жеп, соңынан Бақтығұлды таяққа жығып талдырады.
«Жаза тынымсыз. Тепкі мен қамшы, боқтық пен зорлық бар қорлығын етіп жатыр. Басы мен ұлы денесінің ешбір жерін талғаған жан жоқ. Өкпеге де, бетке де етіктерінің өкшесі, бүктеп ұрған қамшы да саябырсыз, толассыз тиіп, көз алдынан дамылсыз нажағай ойнағандай, от ұшқындары жарқ-жұрқ ұшып жатыр».
Шығармадан, үзінді келтірер болсақ «Арада қанша мезгіл өткенін Бақтығұл білмейді. Ол есін жиғанда ең алдымен сезгені – шекесі шаншып, қатты ауырып жатыр екен.
«… Күйеуінің қанын шала-шарпы ғана жуыпты. Бақтығұлдың екі көзі ісіп кеткен. Бетінің әр-әр жері көгеріпті. Шекесі жарылған екен. Сол арасынан әлі де анда-санда шып-шып қан шығады. Үстіндегі тонына шашырап барып қатқан қара қан тамшылары әлі көрініп тұр».
Міне, осы эпизодты талдар болсақ, осының өзінде қаншалықты психологиялық қуат бар. Алғашқы маздаған от, былқып піскен ет, ашығып жаураған үй ішінің күтінісі бір өзгеше тыныштық, тыным шағын туғызғанымен, артында не сыры бары белгісіз бұл оқиға оқушыны қыл үстінде қыпылықтатып отырады. Әкенің өткір пышағы семіз етке тиер ме екен, ұзақты күн нәр татпаған бала Сейіт тояр ма екен? Жоқ, олай болмайды. Қайта-қайта ата- ана мазаққа ұшырайды, қорлыққа килігеді.
Жұпыны үйдің бұл тып-тыныш жағдайы бүлінеді. Апыл-құпыл ет асаған көп қасқырдың қылығына Қатша жылап қана қарсылық білдіреді. Сейіт томсырайып, әке бір шетте лажсыз күйзеліп отырып қалады.
Бақтығұлға жасалған қиянат – повестің бірінші бөлімінің кульминациясы. Алайда, қорланған, таяқ жеген Бақтығұл өзінің адам екенін, адам болып аталуға қақы бар екенін қайсарлығымен көрсетеді. Ол – жалғыз, сондықтан да оның жеңілуі, ұрылып-соғылуы – табиғи құбылыс, дегенмен рухани жеңіс Бақтығұл жағында. Бақтығұлдың ішкі – сезімін білдіретін күй шығармада:
«Қозыбақ ауылы қолымен билік қылып: төлеуін де, айыбын да өзі кесіп, өзі алды. Оның үстіне үй ішімен тегіс жеген таяқ, жарылған бас, қып-қызыл жоса болған қан – міне. Қатын баланың көзінше қызыл-қырғын шабынды жасап, бәрінен де, намысқа тиген тепкі – мынау. Намыс пен қорлықтан ішке шоқ түскендей өртеніп күйген Бақтығұл қатты күрсініп, аунап түсті.»(М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 58 бет).
Кейіпкер эволюцясының келесі адамы мейлінше күрделі. Ел басындағы ауыр күнді әлде де толық түсінбеген Бақтығұл өмір сүріп тұрған құбылыстың «табиғилығы» мен «заңдылығына» шек келтіре қоймайды. Бір басына қорғаныс іздеген ол басқа байды – Жарасбайды паналауды көздейді. Повестің бірінші бөлімі Бақтығұлдың жаңа иесіне атып алған арқарын сыйға тартып, өзін қоластына алуын өтінумен аяқталады. Бақтығұлдың рухани эволюциясын тану үшін де, арқар аулауға байланысты суреттеменің маңызы ерекше. Бұған қоса аңшылық көрінісі повестің екінші бөлімінен де өзіне қос өрімделген сурет, оқиға табады. Ол – Жарасбайдың өлімі. Осынау тамаша суреттің сыры мол, оған бірінші бөлімдегі Сәлмен байдың Бақтығұлды ұрып-соғуы, ал екінші бөлімдегі байлар соты жұбын тауып, үйлесіп, астасып жатыр.
Тау мен аңшылық суреттері өлім көрінісін еске түсіреді. Бірінші бөлімдегі аңшылықтың сәтті болуы, атылған оқтың дәл тиюі Бақтығұл үй-ішінің хал-жайына тікелей байланысты.
«Тек бір тар жерге үшеуі бірдей қарбаласып, қақтығып қалғандықтан, алдыңғы екі ешкі секіріп кеткенде, қос мүйізі шаңырақтай қаптаң құлжа енді секіргелі қамданған еді. Төселе қадалып келе жатқан қара шиті қарауылы құлжаның көк желкесіне іліне бере-ақ гүрс етті. Тастың басында көк түтін бұрқ етті де, ырғалып толқып қалып, серпіле берді. Сол кезде ақ таңдақ қоңыр құлжаның қиралаң етіп, алдындағы тастан кеудесін асыра алмай, сүйретіле құлап түскені көрінді. Басына Бақтығұл келгенде, шала-жансар жаны бар екен. Ұзын қара пышақты суыра сала, тамақтан ыстық қанын шапшытып орып жіберді. Ақырғы рет ышқынып қор етті де, тағының жаны шықты» (т.2 61 бет).
Сәт түскен саятшылықтан кейін Бақтығұл Жарасбай байдың ауылына жөнелді де, уақытша баспана табады. Кейіпкерлердің еңбекпен күн көрісі осылай тұжырымдалады. Повестегі арналы ойдың тағы бір сілемі Жарасбайға мінездеме беруден басталады.
«Жарасбай – құр ғана болыс емес. Болыстықпен ғана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар; «ер мықты» деп көпке аты жайылған адам. Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы басқа болыс, хажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ» (т.2 62 бет).
Үзінді Бақтығұл мен Жарасбайдың болашақ ара-қатынасын терең түсіндіреді. Егер Сәлмен қатал да сараң, мал үшін кісі өлтіруге тайынбайтын адам ретінде көрінсе, Жарасбай – оған қарама-қарсы, әлдеқайда күрделі тұлға: оңай уысқа түспейтін, қалтарысы мол.
Повестің екінші бөлімінде кейіпкер эволюциясы мейлінше кең әлеуметтік фонда өтіп жатады. Бақтығұлдың жеке басының тартысы әлеуметтік мазмұн, сырмен қоюлана түседі. «Қараш-Қараш» оқиғасында кейіпкер көзқарасына ықпал етуші халық бейнесі бірінші рет кеңінен көрсетіледі. Жарасбай мен Бақтығұл арасындағы шебер суреттелген қарым-қатынас революция алдындағы ауылдың сыр-сипатын – әлеуметтік жағдайын ашады.
Алғашқы кезде Жарасбай жаңа «досымен» жылы-жылы сөйлесіп, жарқын қарсы алғандай, тіпті өзімен дастархандас етеді. Жарқын ықылас, жақсы көңіл үшін Бақтығұл ер қанаты – тұлпарын да, өмірін де иесінің жолында құрбандыққа шалуға әзір. Риза болған Бақтығұл Жарасбайдың ұлына өзінің айтулы жорғасын сыйға тартады. Жарасбай да Бақтығұлға шын пейіл білдіретін сияқты: ішіп-жемнен қарайласады, жұмыс береді, егін егуіне рұқсат етеді, Бақтығұлдың ұлына өзінің балаларымен бірге оқу мейірімін жасайды. Жарасбайдың іш есебі бар, қалайда өр көкірек жігітті айтқанына көндіру – бас нысанасы. Болыстың дос-жарандары жаңа кірменің көңілін орнықтырар сөздерін де аяған жоқ. Бай мен оның сыбайластары торға түскен Бақтығұлдың жағдайын өте ұтымды пайдаланады. Туған ауылынан қуылған Бақтығұлға Жарасбай құтқарушы қыдырдай көрінеді.
Күз түсті. Болыс сайлауы туралы хабар тарады. Жарасбайдың Бақтығұлға неге пана, дос болғандығы да аңғарыла бастады. Жазушы болыстық үшін қиян-кескі тартыс-таластың сұрапыл түрлерін эпикалық кең суретпен баяндайды. Жарасбай Бақтығұлды барымтаға жұмсайды – сайлауға көп-көп шығын, қаржы керек еді. Байдың алдауына түскен Бақтығұл алыс ауылдарға шапқыншылық жасап, бай шығынының орнын толтырып отырды.
Болыстыққа сайлана салысымен Жарасбайға Бақтығұлдың керегі болмай қалады. Тіпті бұрынғыдай таныс-достық қауіпті бола берді. Өйткені малы ұрланғандардың шағымы бойынша патша чиновниктері ұрыларды іздестіруге мұқият кіріскен еді.
Жарасбай Бақтығұлдан теріс айналып кетті. Бай мен кедей арасындағы байланыстың біршама қыры ашылып қалғандай еді. Әрине, билеушілер мен «қайыршылар» арасында тепе-теңдік болуы мүмкін емес. Билеуші иесінің екіжүзділік, жалғандығын байқап қалса да, Бақтығұл Жарасбайдың сатқындығына әлі де сене алмайды. Тіпті Жарасбай Бақтығұлды құрбандыққа шалып, Қозыбақ руымен мәмлеге келмек болған сәтінің өзінде Бақтығұл мұндай сұмдықтың болуына сенбейді.
Ер көкірек, адал азамат Бақтығұл бейнесі – тарам-тарам жол кешкен жарлы бейнесі тұлғалана түсіп, туған ұлтының талай сапалы қасиетін бойына сіңіреді.
Повестің бірінші бөлімінде Бақтығұл Сәлменмен жеке-дара алысса, екінші бөілімінде Бақтығұлға жасалған сол жеке бастың жағдайы-шегінен асып, әлеуметтік терең мәнге ие болады. Бақтығұл жалғыз Жарасбайға ғана емес, өздері тұтынған жолға шамалы болса да, қауіп төне қалса, біріге қалатын барша байларға қарсы тұрады. Жарасбайдың сатқындығы, билердің әділетсіз соты Бақтығұлды терең тебірентті, зұлымдық пен алдауға толы өмір сыңайы көз алдыма елестеп өтті.
Бақтығұл қатты өзгерді. Ол әділетсіздікті әлеуметтік көлемде түсінуге жақындайды. Билер сотының үстінде ол барлық «майлы ауыздарға» лағнет айтып, қарсы тұрады. Бірақ ол әлде де таптық әділетсіздік жолындағы күрескер емес. Бақтығұл мінезіндегі өзгеріс – стихия, дегенмен әділдік идеясына бой ұрғызған қаһарлы стихия. Билер Бақтығұлға үш жыл абақты кесіп, ұрланған малды төлеуге кесік айтты.
«Қамқоршы әке болған Жарасбайдың» сатқындығы Бақтығұлдың көзін ашты. Ол өмірді қаз-қалпында тани бастады. Осы кезден бастап Бақтығұлдың әлеуметтік көзқарасы ерекше ашылады. Ол өзін халықтың, қаналған, алданған көпішіліктің бірі ретінде сезінеді: байлар мен олардың жетіктестері барып тұрған жексұрын. Сот оны қоғамнан айырды, оны қайсар етті, бұған дейін өзі қорқып келген жағдай – абақтыны көруге мәжбүр қылды. Алайда, ол рухани оянды, оның ойына күштілердің дәрменсіздігі жайлы сана оралды, жиіркенішті сұрқияларға қарсы тұруға нық бекінді. Дәл осысымен Бақтығұл бейнесі ерекше тұлғаланып, романтикалық сипат алады. Сонымен бірге, бұл бейне трагедиялық та: ол – ескі ғұрыптың ұрпағы бола тұрып, байлар үкіміне ашықтан-ашық қарсы тұрады, міне осысымен барша зорлық иелеренің әділеттілігіне күдік тудырады.
Бақтығұлдың зайыбы Қатша бейнесі де көңіл аударарлық. Қатшаның көз жасы неғұрлым қайғылы оқиғаны сездіріп, қайғы сырын аңғартқандай. Әділдік көксеген Қатша тілегі әр уақытта да жауапсыз қалады.
« – Қуарғырлар, соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой!» (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 36 б.)
Бақтығұл адамдық қасиетін, адамгершілігін сақтап қаламын деп талпынды. Сондықтан да, ол алғашқыда Сәлменмен, кейіннен Жарасбаймен қақтығысты. Аң сияқты тау кезген Бақтығұл өзінің сәтсіз өмірінің ең бір ауыр шағында азаттықты аңсап, терең күрсінді.
«Осындай күшті, жуан жаулардың бір күні болмаса, бір күні уысына еріксіз түсетінен ойлағанда, Бақтығұл ішқұса болып алағызып кететін. Бірақ ес жиған уақытында бойын билеп, өз-өзіне қайрат бергенде:
– Не қылса да ұстатпаймын, қолыңа тірі түспеймін, қашамын, қашып жүріп өлемін…
Егер тіпті болмай бара жатсаң, Жарасбай көрермін!… – деген байлауға келген. (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 том 93 бет.)
Торға түскен Бақтығұл аласұрды, қолынан келетін мүмкіндіктің бәрін-бәрін ойластырды: бостандық немесе абақты, бостандық жолындағы арпалыста өлу немесе абақты. Байға қызмет ету – ол да абақты. Жазушы халық көпшілігін бірте-бірте қамтыған стихиялық қозғалыстың әлеуметтік-психологиялық тамырын осылайша ашады.
Бақтығұл «қамқоршы бас иесін» өлтіреді. Бұл әрекет – ол үшін қарсылық көрсету мен кек алудың бірден-бір жолы. Тек ұзақ та ауыр тебіреністен кейін ғана Жарасбайды өлтіру шешіміне келген еді. Қуғын көрген, емшектес інісінен, жан серігі атынан айрылған, сенімін жоғалтқан, төзгісіз тағдырға душар болған қашқын өлтіру шешімін дұрыс жол деп тапты.
Повестің соңғы көрінісі – Жарасбайдың өлімі ерекше эмоциялы-психологиялық қуатқа толы. Ауқымды әлем, көк аспан, өткен өмір, бастан кешкен қайғы-қасірет, ыза мен кек – осының бәрі бір ғана атылған оқпен шешіледі. Бір ғана атылған оқ – екі лагерьге бөлінген заманға шығарылған бірден-бір үкім жолы, ол –шыдамның соңы мен жаңаға бет бұрудың бастамасы.
Иесіз тауда шарқ ұрған, арпалысқан адам жаны табиғатпен, оның қашып-пысқан жазықсыз аңдарымен осылай ұғысады. Тілсіз, меңіреу тау-тас өзінің жойқын, суық, сұлу сәулетімен кейіпкерді таң етіп, оған қиюы кеткен көне заманның ағарған шашынан, әжімінен, өмір ағынанан елес береді. Бақтығұл көңілі ендігі жерде осы тылсым буған таулардан самсаған қалың қолды, екпіні күшті ұлы тасқынды тілейді. Онысы – адамды жетелейтін асыл арманы. Шығармадағы қамтылған жайлар революциядан бұрынғы дала тірлігі екені, автордың ұсынған идеясының түп тамыры сол кездегі патриархалдық-феодалдық өмірдің кеселінен, екі таптың қиян-кескі тартысынан шығып жатқаны түсінікті.
Жазушы ең алдымен сол азап өмірдің өзіндік атмосферасын дәл береді. Мұнда көкейге қонымсыз шалағай қалған, жалған жатқан көріністер жоқ. Қазақтың жазда жайлауға, қыста қиырдағы қыстауға көшіп-қонып жүрген өмірі, кәсібі, байлығы, кедейлігі, өзара тартысы, жаулығы, халықтың мінез, ұлттық рухы келісті де бапты шеберлікпен жөн табады.
Әзиев Ә. «Қараш-Қараш оқиғасы» туралы // Қазақстан мектебі.- 1968.- №6.- 81-84 б.
Әдібаев М. «Қараш-Қараш сырлары» // Қазақстан мектебі.- 1977.- №6.- 89-94 б.
Нұртазин Т. «Қараш-Қараш» // Жұлдыз.- 1961.- №6.- 140-144 б.
Оспанов Ә. «Қараш- Қараш» қаһарманы (Рысқұл Жылқайдаров) // Жалын.- 1972.- №1.-145-148 б.
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.- Алматы, 2002.- 528 б.
Күзембаев Е. Бақтығұл өмірде болған ба? // Заман Қазақстан.- 1991.- 5,6 ақпан.
М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» повесі
М.Әуезовтің шығармашылық жолына зер салар болсақ, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазушы үшін аса бір жемісті шақ болды. Осы тұста жазушы С.Мұқанов былай деген еді: «Қаламалды тұңғыш әңгімесі «Қорғансыздың күнімен-ақ» Мұхтар шын мәніндегі еуропалық проза деңгейіне көтерілді, содан бері қазақ прозасы сол биіктен түспей келеді» деп жазған еді. Шындығында да осылай болған, «Қорғансыздың күнінен» бастап, күрделі тартысқа толы «Қилы заман» романы да, «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше тоқал», «Қаракөз», «Хан Кене» пьесалары соы кезде туған.
Мұхтар Әуезовтің жиырма төрт жасында жарық көрген «Қорғансыздың күні» әңгімесі қазақ топырағындағы прозалық шығарма жазудың балаң шағы мен таптаурын тәсілін жаңа сатыға көтеріп, туған әдебиетіміздің абыройын еуропалық деңгейге шығарған айтулы туынды болды. Әңгіменің бітім-болмысы, дәлірек айтқанда, сюжеті мен композициясы, тартыс табиғаты, замана шындығының көркем көрінісі, кейіпкерлерлердің сомдалуы, идеясы, осылар сияқты басқа да толып жатқан компоненттер мұны толық дәлелдейді. Оның үстіне, қаһармандардың мінез-қылығы мен интеллектуалдық жағдайларына байланысты қолданылатын сөздердің шеберлікпен қиыстырылғандығын атап өтпеске болмайды. Ол аз десеңіз, табиғат құбылысының, пейзаждың адам психологиясымен астасып жатканының өзі оқырманды енжар қалдыра алмайды.
«Қорғансыздың күні» былай басталады:
«С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, демелендіріп тұрады» (20 томдық шығармалар жинағы, 1-том, 67-бет)
Тағы авторға сөз берейік:
«Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да, паналығы жоқ, азынап тұрады. Кыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да, Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз.
Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғаңдықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын».
Жас М. Әуезовтің тапқырлығы мен аңғарғыштығы осы орайда көзге анық түседі. Шындығына келгеңде, Арқалық атырабында алты ай қыста аз күн болса да, май тоңғысыз болмағанымен, жылтырап күннің көзі көрінетін күндер де кездесер, боранның сейілер шағы да ұшырасар, бірақ сондай ызғарлы, қорқынышты, аянышты ортаны, табиғат құбылысының да сұрапыл сәтін барынша көрнекті суреттеген.
Ұлы сөз зергерлерінің бірі «Шығармамның тұңғыш сөзін табуға, алғашқы сөйлемін құрастыруға соншалықты қиналамын» деген екен. Осы тұрғыдан алғанда, әдеби ағымдар мен тәсілдерді жете білетін М. Әуезовтің үлкенді-кішілі басқа дүниелері сияқты, «Қорғансыздың күнінің» де сәтті бастау алғанын ерекше атауға болады. Одан әрі автор оқырмандардың еңсесін көтеретін, әр түрлі ойға шомылдыратын жайларды біртіндеп кірістіріп отырады. Осындай жерлерде әлемдік әдебиеттің алыптары Л. Толстой мен А. Чехов тәрізді жазушылар шығармашылығынан бойына сіңірген гуманистік идея мен әділеттік принципі айқын бой көрсетеді. Жазушы ұлттық психология, халықтық намыс ұғымдарын өте бір шеберлікпен көркем кестелейді.
М.Әуезов кейіпкерлерін сөйлетуге өте шебер. Әсіресе, жадау үйдің үлкені, үлкенді-кішілі баласын о дүниеге амалсыз аттандырып, су қараңғы келіні мен пәк жанды бойжеткен Ғазизаны пана көріп отырған қарт ананың монологі В. Белинскийдің А. Пуш¬кин тілі туралы ойын еске салады. Ұлы сыншы: «Ұлы ұлт ақыны баринді де, мұжықты да бірдей өз тілінде сөйлете алады» деген.
Мұхтардың кейіпкері де ана тіліміздің икемділігін барынша орайына келтіріп, данагөй адам ретінде ұзақ та болса, қисынымен сөйлейді. Автордың түсініктемесінде «Әңгіме әлпеті алдындағы қоштасып отырып айтқан немесе бір үлкен марқабат күткен кісісіне жаны қысылған уақыттағы үміт, тілек айтқан сөзге ұқсайды» делінгенмен, оның түр-түсінен, тұлғасынан күйректікті, күні біткен бейшаралықты байқай алмайсыз. Керісінше, хас батырша еркін есіліп, батыл байламдарын сездіріп отырған аталы сөз бар. Ел ішіндегі зорлық пен зомбылықты сөз етсе де, ағайын арасындағы алауыздықты қозғаса да, алдындағы қорғансыз жандардың аянышты халдерін тілге тиек етсе де, тіпті әйел адам болғандықтан, дауысының бірде ашық, бірде күмілжи шығып отырғанымен, ананың асқақ бейнесі әсте де аласарып отырған жоқ.
Шығармада елеусіздеу көрінетін кішкентай ғана штрихтардың өзі композицияны жарасымды толықтыра түседі. Мәселен, барынша жадау үй ішінің іске алар кедей тіршілігін салқын қанды баяндап отырған автор оқырманның назарын әдемі, текшелей жиналған төсек-орынға аударады. Осының өзінен «қыздың жиған жүгіндей» деген сияқты, Ғазизадай тазалықты сүйетін, жүріс-тұрысы ғана емес, әр қимылы сүйкімді қыз баланың бар екеңдігін білеміз. Сондай-ақ, тамақ желініп болғаннан кейін әжесі Ғазизаға қонақтардың аттарын жайғастырып келуге, қораға барып шөп салған тапсырма бергенде, қыз сәл саябырлап, әлдене көңіліне күдік тудырып ойланғандай болады. Соған қарамастан, әжесінің сөзін жерге тастамайды, қарсылық білдірмейді. Мұндай инабаттылық ғасырлар бойы қазақ қызының бойына дарыған тартымды әдет. Осындай әдемі қылықтары арқылы автор бейкүнә, таза жүректі жас қыздың бейнесін толықтыра түседі.
«Қорғансыздың күніне» келетін болсақ, мұнда да әр қилы ойдың бола беруі ғажап емес. Дегенмен, автордың нені нысана еткені туындының атынан білініп тұрған жоқ па? Шынында, жазушы әлсіздердің жайына баса көңіл бөліп отыр. Солай болғанның өзінде, Ғазизаны өлімге кия алмайсыз. Ары таза адамның «мұндай қорлық көріп, тірі жүргенше, өлгенім артық» дейтін қатаң да болса, қайта ойланбас шешімі болатыны да белгілі. Автор идеясына бойласақ, мұндай масқаралық осымен бітсін, енді еш уакытта кайталанбасын деген үкім айтқандай. Ал, Ақан мен Қалтай – олар қаншалықты азулы, ызғарлы, күшті болғандарымен, жұртқа қарауға бет жоқ, сөйлесуге тіл жоқ, таң атар-атпаста аттанып кетті. Оларды автордың моральдық тұрғыдан жазалауы сезіліп тұрады.
Жүсіпбек . Қорғансыздың күні: (Жаңа кітап)// Қазақ тілі.- 1922.- 22 апрель.
Қабдолов З. [ М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні атты әңгімесі туралы] // Қабдолов З. Жанр сыры. Алматы, 1964.- 25-32 б.
Омаров А. Ғазиза сұлудың мекені табылды // Семей таңы.-2011.-27 қыркүйек.-5 б.
Серғалиев М. «Қорғансыздың күні»: композициясы мен тілі// Абай.-1997.- №2-3.- 38-41 б.