Әуезовтің шығармашылығы

s16   «Бақтығұлдың көңілі талай күнгі қауіп, сақтық, тынышсыздықтан енді біраз жай тапқан. Қалың тік қара мұрттың астынан сәл сүйсінгендей жымияды да үндемейді.

Жыртық киімді, күрең жүзді Қатша балаларына шай қайнатып отыр екен… Үш бала бар: үлкені Сейіт – он жаста, Қалғанының үлкені – бес жасар Жұматай, ең кішісі – екі жасар, емшектен әлі шықпаған қара қыз – Бәтима. Бақтығұлдың келгені үрпиіп жүдеп отырған кішкене кедей үйге жан кіргізгендей болды».

Сайдағы қыстауына жеткен Бақтығұл Сәлменнің боз биесін бүгін жардай жайратып тастаған еді. Оның асылған семіз, дәмді еті әлі өзі түгіл, ашыққан бала-шағасының аузына да тиген жоқ. Естияр ұлы Сейіт ұйықтамай «жылы, жарық оттың қасында бұрқылдап қайнап жатқан жылқының жас етінің» иісін сезеді. Әйелі Қатша етті тез пісірмек болып, отты қатты жағып асығады. Ерінің шаршағаны асты тездетуді тілейді. Бірталай уақыт өткен соң, кішкене қазанның асы да қайнап, пісуге жақындайды. Қатша қол жуатын жылы суды шәугімге құйып, қалғып отырған күйеуін оятады. Бақтығұл да жадырап, «бас жағында жерде жатқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып, сол қолының бармағымен сүйкеп жүзін» көреді. Өткір пышақ «семіздің майында сыныптай жорғалағалы лыпып тұр». Сорлы кедейдің төріне қонған бар жақсылық осы-ақ. Ол әлсіз шырағданның отындай жалп етіп сөнеді. Тыстан ит үреді. Тасырлатып жау келеді. Боз биенің қазандағы былқыған етін сезген кәнігі, бүлік топ астың бір түйірін үй ішіне татырмастан, өздері бөліп жеп, соңынан Бақтығұлды таяққа жығып талдырады.

«Жаза тынымсыз. Тепкі мен қамшы, боқтық пен зорлық бар қорлығын етіп жатыр. Басы мен ұлы денесінің ешбір жерін талғаған жан жоқ. Өкпеге де, бетке де етіктерінің өкшесі, бүктеп ұрған қамшы да саябырсыз, толассыз тиіп, көз алдынан дамылсыз нажағай ойнағандай, от ұшқындары жарқ-жұрқ ұшып жатыр».

Шығармадан, үзінді келтірер болсақ «Арада қанша мезгіл өткенін Бақтығұл білмейді. Ол есін жиғанда ең алдымен сезгені – шекесі шаншып, қатты ауырып жатыр екен.

«… Күйеуінің қанын шала-шарпы ғана жуыпты. Бақтығұлдың екі көзі ісіп кеткен. Бетінің әр-әр жері көгеріпті. Шекесі жарылған екен. Сол арасынан әлі де анда-санда шып-шып қан шығады. Үстіндегі тонына шашырап барып қатқан қара қан тамшылары әлі көрініп тұр».

Міне, осы эпизодты талдар болсақ, осының өзінде қаншалықты психологиялық қуат бар. Алғашқы маздаған от, былқып піскен ет, ашығып жаураған үй ішінің күтінісі бір өзгеше тыныштық, тыным шағын туғызғанымен, артында не сыры бары белгісіз бұл оқиға оқушыны қыл үстінде қыпылықтатып отырады. Әкенің өткір пышағы семіз етке тиер ме екен, ұзақты күн нәр татпаған бала Сейіт тояр ма екен? Жоқ, олай болмайды. Қайта-қайта ата- ана мазаққа ұшырайды, қорлыққа килігеді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27