Әуезовтің шығармашылығы

s16   Жұпыны үйдің бұл тып-тыныш жағдайы бүлінеді. Апыл-құпыл ет асаған көп қасқырдың қылығына Қатша жылап қана қарсылық білдіреді. Сейіт томсырайып, әке бір шетте лажсыз күйзеліп отырып қалады.

Бақтығұлға жасалған қиянат – повестің бірінші бөлімінің кульминациясы. Алайда, қорланған, таяқ жеген Бақтығұл өзінің адам екенін, адам болып аталуға қақы бар екенін қайсарлығымен көрсетеді. Ол – жалғыз, сондықтан да оның жеңілуі, ұрылып-соғылуы – табиғи құбылыс, дегенмен рухани жеңіс Бақтығұл жағында. Бақтығұлдың ішкі – сезімін білдіретін күй шығармада:

«Қозыбақ ауылы қолымен билік қылып: төлеуін де, айыбын да өзі кесіп, өзі алды. Оның үстіне үй ішімен тегіс жеген таяқ, жарылған бас, қып-қызыл жоса болған қан – міне. Қатын баланың көзінше қызыл-қырғын шабынды жасап, бәрінен де, намысқа тиген тепкі – мынау. Намыс пен қорлықтан ішке шоқ түскендей өртеніп күйген Бақтығұл қатты күрсініп, аунап түсті.»(М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 58 бет).

Кейіпкер эволюцясының келесі адамы мейлінше күрделі. Ел басындағы ауыр күнді әлде де толық түсінбеген Бақтығұл өмір сүріп тұрған құбылыстың «табиғилығы» мен «заңдылығына» шек келтіре қоймайды. Бір басына қорғаныс іздеген ол басқа байды – Жарасбайды паналауды көздейді. Повестің бірінші бөлімі Бақтығұлдың жаңа иесіне атып алған арқарын сыйға тартып, өзін қоластына алуын өтінумен аяқталады. Бақтығұлдың рухани эволюциясын тану үшін де, арқар аулауға байланысты суреттеменің маңызы ерекше. Бұған қоса аңшылық көрінісі повестің екінші бөлімінен де өзіне қос өрімделген сурет, оқиға табады. Ол – Жарасбайдың өлімі. Осынау тамаша суреттің сыры мол, оған бірінші бөлімдегі Сәлмен байдың Бақтығұлды ұрып-соғуы, ал екінші бөлімдегі байлар соты жұбын тауып, үйлесіп, астасып жатыр.

Тау мен аңшылық суреттері өлім көрінісін еске түсіреді. Бірінші бөлімдегі аңшылықтың сәтті болуы, атылған оқтың дәл тиюі Бақтығұл үй-ішінің хал-жайына тікелей байланысты.

«Тек бір тар жерге үшеуі бірдей қарбаласып, қақтығып қалғандықтан, алдыңғы екі ешкі секіріп кеткенде, қос мүйізі шаңырақтай қаптаң құлжа енді секіргелі қамданған еді. Төселе қадалып келе жатқан қара шиті қарауылы құлжаның көк желкесіне іліне бере-ақ гүрс етті. Тастың басында көк түтін бұрқ етті де, ырғалып толқып қалып, серпіле берді. Сол кезде ақ таңдақ қоңыр құлжаның қиралаң етіп, алдындағы тастан кеудесін асыра алмай, сүйретіле құлап түскені көрінді. Басына Бақтығұл келгенде, шала-жансар жаны бар екен. Ұзын қара пышақты суыра сала, тамақтан ыстық қанын шапшытып орып жіберді. Ақырғы рет ышқынып қор етті де, тағының жаны шықты» (т.2 61 бет).

Сәт түскен саятшылықтан кейін Бақтығұл Жарасбай байдың ауылына жөнелді де, уақытша баспана табады. Кейіпкерлердің еңбекпен күн көрісі осылай тұжырымдалады. Повестегі арналы ойдың тағы бір сілемі Жарасбайға мінездеме беруден басталады.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27