Әуезовтің шығармашылығы

s16   Жарасбай Бақтығұлдан теріс айналып кетті. Бай мен кедей арасындағы байланыстың біршама қыры ашылып қалғандай еді. Әрине, билеушілер мен «қайыршылар» арасында тепе-теңдік болуы мүмкін емес. Билеуші иесінің екіжүзділік, жалғандығын байқап қалса да, Бақтығұл Жарасбайдың сатқындығына әлі де сене алмайды. Тіпті Жарасбай Бақтығұлды құрбандыққа шалып, Қозыбақ руымен мәмлеге келмек болған сәтінің өзінде Бақтығұл мұндай сұмдықтың болуына сенбейді.

Ер көкірек, адал азамат Бақтығұл бейнесі – тарам-тарам жол кешкен жарлы бейнесі тұлғалана түсіп, туған ұлтының талай сапалы қасиетін бойына сіңіреді.

Повестің бірінші бөлімінде Бақтығұл Сәлменмен жеке-дара алысса, екінші бөілімінде Бақтығұлға жасалған сол жеке бастың жағдайы-шегінен асып, әлеуметтік терең мәнге ие болады. Бақтығұл жалғыз Жарасбайға ғана емес, өздері тұтынған жолға шамалы болса да, қауіп төне қалса, біріге қалатын барша байларға қарсы тұрады. Жарасбайдың сатқындығы, билердің әділетсіз соты Бақтығұлды терең тебірентті, зұлымдық пен алдауға толы өмір сыңайы көз алдыма елестеп өтті.

Бақтығұл қатты өзгерді. Ол әділетсіздікті әлеуметтік көлемде түсінуге жақындайды. Билер сотының үстінде ол барлық «майлы ауыздарға» лағнет айтып, қарсы тұрады. Бірақ ол әлде де таптық әділетсіздік жолындағы күрескер емес. Бақтығұл мінезіндегі өзгеріс – стихия, дегенмен әділдік идеясына бой ұрғызған қаһарлы стихия. Билер Бақтығұлға үш жыл абақты кесіп, ұрланған малды төлеуге кесік айтты.

«Қамқоршы әке болған Жарасбайдың» сатқындығы Бақтығұлдың көзін ашты. Ол өмірді қаз-қалпында тани бастады. Осы кезден бастап Бақтығұлдың әлеуметтік көзқарасы ерекше ашылады. Ол өзін халықтың, қаналған, алданған көпішіліктің бірі ретінде сезінеді: байлар мен олардың жетіктестері барып тұрған жексұрын. Сот оны қоғамнан айырды, оны қайсар етті, бұған дейін өзі қорқып келген жағдай – абақтыны көруге мәжбүр қылды. Алайда, ол рухани оянды, оның ойына күштілердің дәрменсіздігі жайлы сана оралды, жиіркенішті сұрқияларға қарсы тұруға нық бекінді. Дәл осысымен Бақтығұл бейнесі ерекше тұлғаланып, романтикалық сипат алады. Сонымен бірге, бұл бейне трагедиялық та: ол – ескі ғұрыптың ұрпағы бола тұрып, байлар үкіміне ашықтан-ашық қарсы тұрады, міне осысымен барша зорлық иелеренің әділеттілігіне күдік тудырады.
Бақтығұлдың зайыбы Қатша бейнесі де көңіл аударарлық. Қатшаның көз жасы неғұрлым қайғылы оқиғаны сездіріп, қайғы сырын аңғартқандай. Әділдік көксеген Қатша тілегі әр уақытта да жауапсыз қалады.
« – Қуарғырлар, соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой!» (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 36 б.)

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27