Әуезовтің шығармашылығы

s16   Бақтығұл адамдық қасиетін, адамгершілігін сақтап қаламын деп талпынды. Сондықтан да, ол алғашқыда Сәлменмен, кейіннен Жарасбаймен қақтығысты. Аң сияқты тау кезген Бақтығұл өзінің сәтсіз өмірінің ең бір ауыр шағында азаттықты аңсап, терең күрсінді.

«Осындай күшті, жуан жаулардың бір күні болмаса, бір күні уысына еріксіз түсетінен ойлағанда, Бақтығұл ішқұса болып алағызып кететін. Бірақ ес жиған уақытында бойын билеп, өз-өзіне қайрат бергенде:

– Не қылса да ұстатпаймын, қолыңа тірі түспеймін, қашамын, қашып жүріп өлемін…

Егер тіпті болмай бара жатсаң, Жарасбай көрермін!… – деген байлауға келген. (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 том 93 бет.)

Торға түскен Бақтығұл аласұрды, қолынан келетін мүмкіндіктің бәрін-бәрін ойластырды: бостандық немесе абақты, бостандық жолындағы арпалыста өлу немесе абақты. Байға қызмет ету – ол да абақты. Жазушы халық көпшілігін бірте-бірте қамтыған стихиялық қозғалыстың әлеуметтік-психологиялық тамырын осылайша ашады.

Бақтығұл «қамқоршы бас иесін» өлтіреді. Бұл әрекет – ол үшін қарсылық көрсету мен кек алудың бірден-бір жолы. Тек ұзақ та ауыр тебіреністен кейін ғана Жарасбайды өлтіру шешіміне келген еді. Қуғын көрген, емшектес інісінен, жан серігі атынан айрылған, сенімін жоғалтқан, төзгісіз тағдырға душар болған қашқын өлтіру шешімін дұрыс жол деп тапты.

Повестің соңғы көрінісі – Жарасбайдың өлімі ерекше эмоциялы-психологиялық қуатқа толы. Ауқымды әлем, көк аспан, өткен өмір, бастан кешкен қайғы-қасірет, ыза мен кек – осының бәрі бір ғана атылған оқпен шешіледі. Бір ғана атылған оқ – екі лагерьге бөлінген заманға шығарылған бірден-бір үкім жолы, ол –шыдамның соңы мен жаңаға бет бұрудың бастамасы.

Иесіз тауда шарқ ұрған, арпалысқан адам жаны табиғатпен, оның қашып-пысқан жазықсыз аңдарымен осылай ұғысады. Тілсіз, меңіреу тау-тас өзінің жойқын, суық, сұлу сәулетімен кейіпкерді таң етіп, оған қиюы кеткен көне заманның ағарған шашынан, әжімінен, өмір ағынанан елес береді. Бақтығұл көңілі ендігі жерде осы тылсым буған таулардан самсаған қалың қолды, екпіні күшті ұлы тасқынды тілейді. Онысы – адамды жетелейтін асыл арманы. Шығармадағы қамтылған жайлар революциядан бұрынғы дала тірлігі екені, автордың ұсынған идеясының түп тамыры сол кездегі патриархалдық-феодалдық өмірдің кеселінен, екі таптың қиян-кескі тартысынан шығып жатқаны түсінікті.

Жазушы ең алдымен сол азап өмірдің өзіндік атмосферасын дәл береді. Мұнда көкейге қонымсыз шалағай қалған, жалған жатқан көріністер жоқ. Қазақтың жазда жайлауға, қыста қиырдағы қыстауға көшіп-қонып жүрген өмірі, кәсібі, байлығы, кедейлігі, өзара тартысы, жаулығы, халықтың мінез, ұлттық рухы келісті де бапты шеберлікпен жөн табады.

Әдебиеттер тізімі:

Әзиев Ә. «Қараш-Қараш оқиғасы» туралы // Қазақстан мектебі.- 1968.- №6.- 81-84 б.
Әдібаев М. «Қараш-Қараш сырлары» // Қазақстан мектебі.- 1977.- №6.- 89-94 б.
Нұртазин Т. «Қараш-Қараш» // Жұлдыз.- 1961.- №6.- 140-144 б.
Оспанов Ә. «Қараш- Қараш» қаһарманы (Рысқұл Жылқайдаров) // Жалын.- 1972.- №1.-145-148 б.
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.- Алматы, 2002.- 528 б.
Күзембаев Е. Бақтығұл өмірде болған ба? // Заман Қазақстан.- 1991.- 5,6 ақпан.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27