Әуезовтің шығармашылығы

s14    Жыл он екі айда бір оралатын жәрмеңке қыр қазағы үшін керек-жарақ алатын сауда-саттық орталығы ғана емес, ескі көз, кәрі жолдаспен кездесетін, ел-елден келгендермен ұшырасып, әңгіме-дүкен құрып, ойын-сауық көріп, сайран кешетін қызық думан ордасы. Қарқара жәрмеңкесінің осындай қан базарында маусым жарлығы атылған оқтай дүңк ете қалды.

Сұмдық хабар елді екіге жарған: Рақымбай болыс, Оспан тілмаш бір жақта, Жәмеңке қария, Ұзақ батыр бір жақта. Дауылды күнгі теңіздей астан-кестең боп, бүлініп алған халық басты тауға да, тасқа да соғып ақыры солдатқа жігіт бермеске бекінеді. Көтерілістің білек сыбанып шыққан басшысы жоқ. Түптеп келгенде, елдің аузына қарайтын адамы – қарт Жәмеңке. Ол – көпті көрген көне, талайды бастан кешкен естияр. Бөрліккен көпшілік бас қосып, не істеудің амалын іздеген – ақылдасқан шақта, төрелік – Жәмеңкеде, екінші көшелі кісі – Ұзақ. Бұл екеуінің сөздерінде алыстан орағыту, тұспалмен білдіру, айшықты өрнек, кейде шүйлігіп, қадап, тіреп айту сияқты қазақтың ежелгі шешендік өнеріне тән қасиеттер мол. Жәрмеңке толғауларында даналық, ақылгөйлік басым жатса, батыр ұзақ кесіп, пішіп, түйіп айтады, сөздері қорғасындай салмақты.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – қатпары қалың, масштабы зор, саяси-әлеуметтік қозғаушы күш-қуаты орасан үлкен оқиға, халықтық қозғалыс. Тұңғыш басылғаннан кейін, зиянды шығарма деген жаламен тыйым салынып, қырық жыл өткен соң ғана зор қиындықпен қайтадан жарияланған туындының ұлттық рухымызды, азаттық үшін күресімізді, тәуелсіздік жолындағы азапты жолымызды бейнелеудегі орны ерекше екендігін тиянақтап айту дұрыс болмақ.

Жазушы көтерілістің басты, негізгі себебі, ашық, анық түрткісі патша өкіметінің қаны сорғалаған отаршылдық саясаты екендігін көптеген кейіпкерлерінің іс-қимылы, сөйлеген сөзі арқылы әр түрлі орайда жан-жақты бейнелейді. Бұл ретте 25 июнь жарлығының ең соңғы шеп, төзімнің бітуі, лаулағалы тұрған қауға түскен шақпақ от.

Бұл биік рух көтеріліс басталмай тұрып көрінеді де, абақты ішіндегі тергеу кездерінде Жәмеңке, Ұзақ мінездерінен терең танылады. Әр буын өкілдері, аттары белгілі, белгісіз азаматтардың азаттық еркіндікке бұлқына ұмтылуын жазушы зор шабытпен құлшына суреттейді.

Қолға түсіп, прокурор алдында тергеуге келген Жәмеңке жауаптарына құлақ асайық.

«Жерді алды. Қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды, өз жерімізді сатты» – дейді Жәмеңке.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27