Қозбағаров Алаш Ахметжанұлы (1917-1996)

2wҚозбағаров Алаш Ахметжанұлы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Семей облысы акушерлар мен гинекологтарының  ғылыми қоғамының  негізін құрушысы, медицина ғылымдарының докторы Алаш Ахметжанұлы Қозбағаровтың туғанына 95 жыл толады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Алаш Қозбағаров 1917 жылғы 23 қарашада Семейдің көші-қон ауруханасының аумағындағы үйлердің бірінде дүниеге келген, бұл жерде өзінің отбасымен 7 жылдан астам оның әкесі Ахметжан Қозбағаров тұрды және жұмыс істеді. Ахметжанның үлкен ұлы Алаш Алматы қ. №10 мектебінде жетінші сыныпты және Талды-Қорған қ. медициналық рабфакті бітіргеннен кейін 1934 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық институтына түсті. 1939 жылы ҚазМИ бітірген соң Алаш емдеуші-дәрігердің дипломын және Ақмола облыстық денсаулық сақтау бөліміне жолдама алады.

Қозбағаров еңбек жолын Шортанды ауданында КазЦИК атындағы астық совхозында учаскелік аурухана меңгерушісі болып бастады,  кейін аудандық ауруханада хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, кейінірек Жоламбет кенішінде медициналық учаскесінің  (аурухана, емхана, перзентхана мен балалар ясли негізінде) меңгерушісі болды.

Бірақ оның төрт жылдық еңбегін соғыс тоқтатты. А.А.Қозбағаров генерал Рыбалко басқарған 3-ші танк армиясы 6 танк корпусы 22-ші гвардиялық мотоатқыштар бригадасының 3-ші батальон дәрігері ретінде бірінші рет Орлов-Курск шайқасына қатысты.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ол өзінің бірінші Қызыл Ту орденін алды. Кейінірек – Днепр өзенін соғысып өту кезіндегі ұрыстарға, Украинаның оң жағалауын азат етуге қатысты, Житомирдің қасында ауыр жарақат алды. Майдан госпиталінде емделгеннен кейін қайтадан ұрысқа қатысты, жаралы жауынгерлерді құтқарды, Винница, Намслау, Польша, Силезия… Дәрігер-ординатор, 1693 эвакогоспитальдің хирургия бөлімшесінің бастығы, Глевице қаласында 1899 эвакогоспитальдің туберкулез бөлімшесінің бастығы, 3450 эвакогоспитальдің дәрігер ординаторы қызметтерін атқарды.

Жауынгерлердің өмірін құтқару кезінде көрсеткен жанкешті ерлігі үшін екінші Қызыл Ту орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

1946 жылғы наурызда әскерден оралған соң А.А.Қозбағаров ауыр сырқаттанып қалды: соғыста алған жарақаты әсер етті. 4 ай шамасында Талды-Қорған қалалық ауруханасында, және жарты жылдан астам Семей қаласында Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің госпиталінде ем қабылдады.

Госпитальден шыққан соң 1948 жылғы ақпанда акушер-гинеколог, кейін Семей қаласы Затон ауданы емдік бірлестіктің бас дәрігері, кейінірек 1950 жыл мен 1958 жыл аралығында № 1 перзентхананың директоры болып еңбек етті. Акушерлік және гинекология саласы оның өмірінің басты міндеті болды.

Медициналық институтта акушерлік және гинекология кафедрасын ашу қажеттілігі туындаған кезде институт басшылығы үшін А.А.Қозбағаровтан артық кандидатура болған жоқ. А.А.Қозбағаров дәрігерлік жұмыстан қол үзбей «Клиническая оценка некоторых методов стимуляции и возбуждения родовой деятельности» тақырыбында кандидаттық диссертация жазды.

1957 жылы ол диссертациясын үздік қорғап медицина ғылымдары кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді. Алаш Ахметжанұлы диссертациясын қорғаған соң СММИ акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі лауазымына  тағайындалды және оған доцент атағы берілді.

Алаш Ахметжанұлы Қозбағаров 20 жыл бойы акушерлік және гинекология кафедрасын басқарды.

1960-1980 жылдар дәрігердің, ғалымның өміріндегі барынша қарқынды шығармашылық, табысты қызмет кезеңі. Ол басқаратын акушерлік және гинекология кафедрасының негізінде № 1, 3 клиникалық перзентханалар ашылды.

Ресми түрде зейнеткерлікке шыққан соң Алаш Ахметжанұлы 1979 жылғы шілдеде етконсервілер комбинаты медициналық санитарлық бөлімінің гинекологиялық бөлімшесін басқарды, бұл бөлімше оның еңбегінің арқасында СММИ акушерлік және гинекология кафедрасының клиникалық базасына айналды.

А.А.Қозбағаровтың ғылыми ойлары мен практикалық тәжірибесі 1970-1990 жылдары 70 жуық ғылыми жұмыстарда, «Акушерство и гинекология», «Здравоохранение Казахстана» журналдарында жарияланған бір қатар мақалаларында, СММИ ғылыми еңбектерінде, СММИ ғылыми-практикалық конференциялардың материалдарында жүзеге асырылды. Олардың бір қатары  оның оқушылары және әріптестері: А.В.Квятковскаямен, Г.А.Бербер, М.В.Ушаковамен, А.А.Кабижановамен, В.М.Ищановамен, Д.А.Құрманғалиевамен, В.А.Казанцевамен, Н.Н.Шейнинамен бірлесіп жазылған, оларға Алаш Ахметжанұлы медициналық іс-тәжірибеге және ғылымға жол ашқан.

Тек қана 1991-1995 жылдар ішінде Қозбағаров Қазақстаннан, Сібірден, Қиыр Шығыстан келген 1000 астам науқас адамдарға кеңес берді.
А.А.Қозбағаров Семей облыстық акушерлік және гинекология ғылыми қоғамының негізін салушысы және жетекшісі, сондай-ақ, Бүкілодақтық және Республикалық  акушерлік және гинекология қоғамдарының басқарма мүшесі, «Білім» Бүкілодақтық ғылыми қоғамның облыстық бөлімшесінің лекторы болды.

1996 жылғы 6 қаңтарда Алаш Ахметжанұлы Қозбағаров дүниеден өтті.

Семей қаласының әкімі және қалалық мәслихат қала жұртшылығының ұсынысы бойынша  орталық көшелердің біріне Алаш Қозбағаровтың есімін беру туралы  шешім қабылдады.

 

Әдебиеттер:

  1. Архивы – память прошлого / Центр документации новейшей истории ВКО. – Семипалатинск: Изд-во Семей-печать, 2000. – 29 с., фото.
  2. Гуляева, Е. Полвека счастья: о Козбагарове А. // Наше дело. – 2014. – 4 декабря. – С.2
  3. Дарю тебе жизнь… / Управление архивов и документации ВКО, Центр документации новейшей истории ВКО.- Семей: Изд-во «Тенгри», 2007. – 35 с., фото
  4. Куттыбаева С. Памяти врача Алаша Козбагарова // Вести Семей.- 2010. – 1 сәуір. – С.3
  5. «Саған өмір сыйлаймын…»: (А.Қозбағаровтың туғанына 90 жыл толуына орай) // Ертіс өңірі. – 2007. – 24 қазан. – Б.2
  6. Силина Э.А. Козбагаров: жизнь, отданная матерям // Рудный Алтай. – 2007. – 4 декабря. – С.2
  7. Смирнова Д. Алаш Козбагаров: врач, даривший людям счастье // Вести Семей. – 2007. – 6 декабря. – С.3
  8. Яковлева Н. Врач, дарующий жизнь // Вести Семей. – 2017. – 28 марта. – С.5