Әдебиет (Б-Ж)

13Жомартбаев Тайыр

Қазақтың педагог жазушысы Тайыр Жомартбаев Абай ауданында 1884 жылы туған. Уфа қаласындағы Медресе – Ғалияны бітірген соң (1910-11) Семей қаласындағы медреселерде сабақ берді, революциядан кейін өмірінің ақырына дейін совхоз мектептерінде, техникумдарда ұстаздық етті. 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің сапалы жаңалық – прозаның, оның ішінде романның тууы еді. Бұл жанрға алған қалам тартушылардың бірі – Абай төңірегінде болып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен белгілі педагог, ақын-жазушы Тайыр Жомартбаев еді.
1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан оның «Балаларға жеміс», «Қыз көрелік» атты кітаптары жарияланды. Алғашқы еңбегі ағартушылық қызметімен тікелей байланысты – өлеңдер, аудармалар жинағы болса, соңғысы қазақ прозасының тұңғыш көлемді ізденістерінің бірі болуымен ұлттық әдебиетіміздің тарихынан өзіндік орын алады.
«Қыз көрелік» – әйел теңдігі, ағартушылық тақырыбын заманында ешкімге ұқсатпай, өзіне тән көркемдік ізденіспен өрнектеген шығарма. Бұл туындыда М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» болмса, С. Торайғыровтың «Қамал сұлуындағыдай» қазақ халқы тіршілігінде әлеуметтік теңсіздік, жастардың бақытқа жетуіне кесе көлденең тұрған ескі әдет-ғұрып, қатал озбырлық пен қиянат жайы негізгі мотив етіп алынбайды.
Туындының негізгі ой қазығы – оқығаны арқасында өз басының теңдігін сақтап, бақытына қол жеткізген әдепті қыз Ғайникамал тәрізді қазақ қызын дәріптеу.
Роман өлең үлгісімен жазылған. Әйел теңдігін сол кездегі туындыларда кеңінен айтылғаны мәлім. Осы сәйкессіздікті, жағымсыз өмір салтын сынауда ақын өзгеше логикалық қисын табады. «Кәріні жас құшақтау мін болмаса, кемпірді жас жігіттер неге алмайды?» деген дәлелді сауал тастайды. Ғалым Б. Кенжебаев белгілі монографиясында 20 ғасыр басындағы әдебиеттің дамуында әйел теңдігі тақырыбын жазуда екі концепцияның болғандығын айтады. Бірі – ескілік әдет-ғұрып әлі де күшті, жастардың махаббат еркіндігіне жетуіне мүмкіндік жоқ деп келетін трагедиялық шығармалар жүйесі болса, екіншісі заман өзгеріс үстінде, өз еріктері үшін бел шешіп күресе білген жастар мақсаттарына жетуіне болады деп келетін оптимистік үлігдегі туындылар еді.
«Қыз көрелік» романы сол кездегі қазақ романдарының алғашқы қарлығаштары деп аталуы заңды құбылыс. Ол туралы ғалым-аудармашы С. Талжанов былай дейді: «Ұлы Октябрьден кейін туашақ қазақ романының толғағы бұрынырақ басталған. Нәресте проза – «Қыз көрелік» пен С. Көбеевтің «Қалың малы» еді. Бұл екеуі де роман деп атала береді».

Әдебиеттер:

Бисенғали З. «Қыз көрелік» романындағы жаңа идеялар// Абай.- 2003.- №2.- б.73-77 б.
Қабышев Т. Абайдың поэзия дәстүрін дамытушы // Семей таңы.- 2004.- 26 қараша.- б.4
Қабышев Т. Заман жайлы жырлаған// Семей таңы.- 2004.- 25 маусым.- б.4
Құлбарақов С. «Қыз көрелік» – қазақ прозасының қарлығашы // Абай.- 2002.- №1.- 472
Қазақ совет энциклопедиясы: т.4.- Алматы, 1974.- 472 б.
Қазақ халқының атамұралары.- Алматы, 1999.- 830 б.
Мұхамедханов, Қ. Ақын, жазушы, педагог // Қазақ әдебиеті. – 1996. – 23 қаңтар
Зұлхаров , Ғабит. Қазағым-қандасымды еркелеттім: алғашқы қазақ романының бірі – ”Қыз көреліктің” авторы Т.Жомарбаевтың шығармашылығы хақында// Ертіс өңірі. – 2010. – 24 наурыз. – С. 12-13

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10