Әдебиет (С-Ы)

Сағындықұлы Жанақ

Суырып салма ақын, қазақ поэзиясының дүлдүлі Жанақ Сағындықұлы Абыралы ауданында туған. 76 жас жасап, 1856 жылы Кент бойында қайтыс болған.
Әкесі белгілі аңшы болған. 1748-58 жылдары қазақ-қалмақ соғысында мергендігімен көзге түскен. Жанақ ауыл молдасынан дәріс алып, хадимше хат танып, діни білім алған. Кейіннен әкесі Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде, Ташкент қаласындағы медреседе оқытқан.
Ақын Жанақ жастайынан ел аралап, бойындағы туа біткен дарынымен, өнерімен елдің көңілін өзіне аударған. Мал жинауды кәсіп етпей, кедейлік зардабын шеге жүріп, өнерді аса қадірлеген. Соның арқасында Жетісу, Семей, Кереку, Қарақаралы, Аягөз, Тарбағатай сияқты елдерді шарлап, халқының мұң-мүддесін өлең-жырға қосты. Сол үшін де халқы ақынын құрметтеген. Қазақ жері орыс патшалығының билігіне өткен кезде, мамыражай қазақ халқының тіршілігінде жат қылықтар пайда бола бастады.

Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,
Теріскей тебіні жоқ ел болған кез.
Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,
Телміріп теңдігі жоқ ел болған кез,- деп

Жанақ акын тебірене жырлайды. Сол кездегі халқы үшін қызмет еткен ақын-жыраулар бай көпшіктерді қатты сынап, халқының бойындағы күйзелісті көріп өздері де қатты қайғырады. Осы сыншылдык өнер Абайға да қатты әср еткен.
Жанақтың хан, төренің емес, халық мұратын көксегенін оның «Айдабол Шоңға», «Рүстем Төреге», Бекі төреге айтқан өлеңдерінен байқалады. Мәселен, кылышын қынабынан суырған Рүстемге әдейілеп іздеп барып, басын қатерге тігіп тайсалмай:

Тоқта, тоқта, әй төре, Арғын елмін,
Құбыладан екпіндей соққан желмін.
Қазақ түгілі маңайыма өзге келмей,
Ежелден асу бермес, сары белмін, -деп менменсіген төренің аптығын басады.

«Рүстем төреге айтқаны» – Жанақтың ең үлкен көркем туындысы. Мұндағы Рүстем бейнесі қатал да бар түлғасымен көрінеді. Елден пара алуды көсіп еткен сотқар төренің бетін аяусыз тілгілейді. Осындай өткір өлеңдері жағынан Абайға ұқсастығы байқалады.
Жанақ ақын ғұмырын өнерге бағыштап, келешек ұрпақ үшін өшпес қазына, өлмес мұра қалдырған. 1790-97 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліске қатысып, қозғалыс жаршыларының бірі болған.
Жанақ ақынның мұраларын зерттеп, жұртшылыққа жариялаған білгірлер Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, М.Мағауин, С.Қирабаев, Т.Жұртбай, Х.Сүйіншәлиев т.б. Семейлік басшы қызметтерде көп жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шыкқаннан кейін бойындағы қаламгерлік талантымен танылған белгілі азамат Сейітжан Тәбәрікүлы Жанаққа ден қойып, кітабын жазып шықты.
Айтыс, дастан өнерінде Жанақтың өзіндік мектебі болған: атақты Сегіз Сері, Шөже, Түбек, Бақтыбай,Сүйінбай оны өздеріне ұстаз ретінде үлгі түтқан.
Сонымен қатар Жанақ қобыз тартудың да шебері болған.
Ш.Уәлиханов қазақ акындары жайлы еңбегінде: «Атақты суырып салма ақын Жанақ қайтыс болғаннан кейін, жыр толғайтын және қобызда ойнайтын ешкім болмай қалды» – деп тебірене жазады. (Валиханов Ч. Соб.соч. том 1 с.199)
Оның сазгерлік, әншілік өнер иесі екендігі жөнінде халқымыздың белгілі өнер зерттеушісі, сазгер І.Жақановтың еңбектері бар.
Жанақ ақын суырып салма дарын иесі болумен қатар, үлкен айтыс ақыны да. Ол туралы М.Әуезов шығармалар жинағында: «Жанақпен Найман ішінде бастығы Түбек болып айтысқан он алты ақын тегіс жеңіледі» – дейді. Ақын өз заманындағы озбырлықты, теңсіздікті әшкерелеп, кедей-көпшіктердің мұңын жоқтаған.
«Жанақ ақын жақсылықты дәріптеп, кемшілікті сынаушы, тарыққанда – ақылшысы, қуанғанда – сайраушысы болыпты халқының», – деп жазады С.Мұқанов.
Сонымен, Жанақ ақын – асқан қобызшы, шебер домбырашы, халық жырын тынбай толғайтын жыршы. Жай ақын емес, «от ауызды, орақ тілді» ақын. Оның терең мағыналы жырлары ұрпактан-ұрпаққа мұра болып қалмақ.
Қаламгер Сейітжан аға ел ауызында әлі де сақталған ақынның белгісіз өлеңдерін теріп, ақын өміріне байланысты деректерді анықтап берді.

Әдебиеттер:

Тәбәрікұлы С. Жанақ ақын,- Алматы: Сөзстан, 1997.-155 б.
Тәбәрікұлы С. Жанақ ақын: (1770-1856) //Жұлдыз.-1998.-№2.-114-144 б.
Тәбәрікұлы С. Жыр дүлділі: (Жанақ ақынның туғанына 225 жыл толуы қарсаңында)// Семей таңы.-1995.-4 мамыр.
XIX ғасырдағы қазақ ақындары.-Алматы: «Ғылым» баспасы, 1988.-13- 256.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия: 3-том.-Алматы, 2001.-526 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11