Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz

Әдебиет (С-Ы)

32Шондыбаев Уәйіс

Шондыбаев Уәйіс -бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданының Баршатас ауылында туған (1873-1925).
Уәйіс жасынан әнші, қиссаларды жатқа айтатын және дарынды ақын болған, әрі сазгер. Көрші Тобықты елімен, Қосай, Нұралы ауылдарымен, Найман руының сол кездегі алдыңғы катарлы адамдарымен жиі араласқан, тату-тәтті жолдас болған. Кезінде Абай шәкірттерінің бірі болған. Оның халық арасында кеңінен тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау» т,б. әндері бар. 1894 жылдан бастап Көкбай, Акылбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Ақын шығармаларының ел аузында, көшірме қолжазбаларда және архив қорында сақталып жеткендері: орыс ақыны П.П.Ершовтың (1815-1869) әйгілі ертегі-дастаны «Конек-Горбунок» оқиғасын пайдаланып жазған «Иванушка-дурачок» поэмасы, «Жошы-Алаша хан» дастаны, «Қырық уәзір» әңгімесінен алынып жазылған «Бір қыздың оқиғасы» атты дастаны мен бірнеше өлеңдері.
Керей Уәйісақынның шығармаларын жинап, алғысөз,түсініктерін жазып, екі кітабын баспадан шығарған («Уақыт өрнегі»,Алматы, «Жазушы»,1988ж. «Абайдың акын шәкірттері», Алматы,1994 ж. 6-том) Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым Қ.Мұхаметханов ағамыз.
Уәйіс ақынның 1916-1921 жылдары жазған өлең-жырлары түгелдей саяси-әлеуметтік лирика жанрында, революцияшыл рухта жазылған. «Кеңшілік кедейлерге заман бар ма?» (1916), «Дүние байқағанға бір кең сарай» атты өлеңдерінде халықты азаттық күреске үндеп, ел қамқоры болған жастарды жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады.
Ақынның алғашқы өлеңдері Ресейдегі төңкеріс, дүрбелең, азамат соғысы күндеріндегі күпті көңіл, қатерлі қауіптен елес берсе, кейінгі өлеңдері – Қазақстанда болыпевизм үстемдігі жаңа орнай бастаған, ел бүлініп, дүние құбыла бастаған кезеңге сәйкес келеді. Ақынның замана ызғырығын айқын сезініп, нақты баға беруі, осы орайдағы күмән мен үрей – XX ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының көңіл-күйін айқын аңғартады. Ақын «Қанды ғасыр» толғауында былай дейді:

Көз жетті мына заман оңбасына,
Қара жүрек көбейді қандасына,
Реңсіз жан-жануар, табиғат та,
Кім кепіл қанды ғасыр болмасына.
Үрей шашып тұрғандай даласына,
Күдік көп туысына, баласына,
Өзіңе де сенбейтін заман туды,
Аузыңды ашсаң, қаласың жаласына.

Бұл өлең туралы: «Қанды ғасыр» толғауы – осы кезеңде Мағжан көшбасшы болған ұлттық әдебиеттің өзгеше бір туындысы деп бағалауға тиіспіз» -деп жазады Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мағауин.
Ақынның шығармалары 1987 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты.

Әдебиеттер:

Шондыбайұлы У. (1873-1925) Тәуке –Жәкібай: Поэма/Қазқ әдебиеті.- 1992.-18 желтоқсан.
Абайдың ақын шәкірттері: (Уәйіс ақын да кіргізілген )//Қ. Мұхаметханов.- Алматы: Дәуір, 994.-336 б.
Қазақ ССР 4-том қысқаша энциклопедия.-Алматы,1989.-638 б.
Сәменбекұлы Н. Керей Уәйіс ақын //Дидар.-2002.-8 маусым.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11