Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz

Әдебиет (С-Ы)

28Сапаев Ғазиз

Ғазиз Сапаев 1926 жылы 10 қазанда Семей өңірінің Тарбағатай ауданындағы «Қарасу» совхозының «Ақмектеп» бөлімшесінде дүниеге келген, Семей педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті бойынша бітірген соң он жылдай мұғалім болып, 1959-1981 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық «Семей таңы» газетінде мәдениет және жоғарғы оқу орындары бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарды. Редакцияда қызмет істеп жүрген кезінде мәдениет, әдебиет саласы бойынша өнер адамдары, ақын-жазушылар, ғалымдар туралы мақақалар жазды, бірнеше сыни мақалалардың да авторы. СССР-дың Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.
Жазушының шығармашылық қызметі 1950-жылдардан басталды. Алғашқы повесі «Жыл жемісі» 1963 жылы жарияланды. Кітапта жоғары оқу орнын бітіріп енді ғана еңбекке кіріскен жас мұғалім Ержан туралы, оның ұстаздық жолдағы оқу мен еңбек процесін өзара ұштастырудағы бағыты сөз болады. Демек, педагог-автор совет мектептерінің даму жолын, яғни бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан мектеп реформасын дәл болжай білген.
Жазушының өзіндік екінші белесі – «Менің Көгершінім» (1969) повесі. Мұнда ол жастар тәрбиесі туралы көкейтесті мәселені алдымызға тартады. Онда жеңіл жүрісті ортаға кетіп қала жаздаған Тентеш ауыл қызы Көгершінмен танысып, өміріне күрт өзгеріс еніп, еңбекке араласады.
Ғазиз Сапаевтың «Гүлдана» кітабына (1977) екі повесть және әңгімелері енген. Бұлардың ішінде шоқтығы биігі – «Гүлдана» повесі. Соғыс күндеріндегі колхозды ауыл, майданға кеткен азаматтардың орнына жұмыс істеп жүрген бала-шаға, қарттар мен әйелдердің жанкешті ерен еңбегін баяндайды. Бұл тақырып сол кезде қазақ әдебиетінің басты тақырыптарының бірі болғандықтан автор Гүлдана мен Ерболдың өзара қарым-қатынасын, бір-біріне деген адал сүйіспеншілігін орталық арна ете отырып, өзіндік қолтаңба танытады. Аз көрінсе де қимыл-әрекетімен, дара мінезімен есте қалатын кейіпкерлер – Сәлім, Бораш, Жаңыл Қайыржан, Кәкендер бейнесі де айшықты кестеленген. Гүлдана мен Ерболдың қосыла алмаған себептері де тартымды шешілген. Сайып келгенде осы жайттың өзі-ақ оқырманға түрлі ой салып, өз махаббаты үшін әрқашан да күрескер болуға шақырғандай.
Осы жинақтағы екінші повесть «Тойым-той» да жазушының қаламы төселіп, кемел прозаик болғандығына айғақ деу қажет. Бұл туындысында жазушы оқуға түсем деп қалаға келіп, үш жыл бойы босқа сенделіп жүрген Жақаттың басынан кешкен хикаяттарды суреттей отырып, бүгінгі жастар өмірінің көлеңкелі бір сәттерін сатираның уытты тілімен шенеп, әрі қызықты, әрі ұлағатты етіп бере алған. Жақаттың көп қылығынан жиренесіз, күле отырып әрнеге ойға қаласыз… Повестің тартымды сюжеті ондағы тартыс өзегінен туған-ды. Екінші сөзбен айтқанда, қақтығыс пәрменділігі драма жазуға сұранып тұрғандай еді. Шынында да солай болды.
Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің репертуарына қабылданған Ғ.Сапаевтың «Тойым-той», «Қиын екен қыз дегенің» пьесалары 1977-1984 жылдар аралығында Абай атындағы Семей облыстық музыка-драма театрының сахнасында үздіксіз қойылып, көремендер көңілінен шықты.
«Туған жерден алыста» (1982) атты көлемді повесі ауыр жылдарда адасып жүріп Қытайдың Шынжаң өлкесіне тап болған бір түтіннің басынан кешкен ауыртпалықтары, сол семьяның Есен деген ұрпағының есейе келіп, туған еліне қайтып оралғаны арқау болған. Ең әлдымен бұл повесть өзінің шынайлығымен, «аржақтағы» алыс елдің жерін, дәстүрін, тілін, адамдарын жете біліп, көзімен көргендей нақтылы суреттеуімен оқушыны еліктіреді. Әрине, жас Есеннің керген-білгені, Отанға деген сүйіспеншілігі, ақыры сол махаббат оны елге сүйреп, бұл жолда сүйген қызына, туған анасына деген шынайы махаббатын да құрбан еткені адамның іші-бауырын елжірететін хикаяттар. Повестің сәтті шығу тегін емес… Есеннің басынан кешкендерін автордың өзі де көрген жайттар. Жас күнінде адасқан ата-анасымен алысқа кеткен автордың есейе келе есін жиып, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан ауыр күндерде туған еліне қайтып оралғаны ақиқат, демек автор көп жылдардан соң басынан кешкендерін көркемдеу құралдарының жәрдемімен сомдап, оқушыға ғибрат еткендей сәтті туынды жасап шыққан. Автордың осы еңбегін жастарымызды патриоттыққа тәрбиелейтін сәтті туынды деп бағалау лайық.
«Жазушы» баспасынан Сапаевтың «Жол үстінде» (1989) кітабы басылып шықты. Бұл кітапта екі повесть, бірі – «Жол үстінде» повесі. Мұнда журналистер өмірі бейнеленген. Екіншісі «Үшөркеш» советтік дәуірде бір шопанның басынан кешкен қорлық-зорлығы. Сапаев жаңа тарихтың ең үлкен тауқыметтерін бастан кешірген қазақ жазушысы. «Туған жерден алыста» повесінің мазмұнын кеңейтіп, «Фолиант» баспасынан «Сағыныш» деген атпен роман болып 2002 жылы жарыққа шықты. Романның басты кейіпкері – Есен автордың өз прототипі, автобиографиялық туынды. «Сағыныш» Кеңестер Одағында өмір кешкен елдің басынан өткен ірі әлеуметтік күйзелістерді тұтас қамтиды. 2011 жылы Алтай-Ертіс кітапханасы бойынша облыс әкімі Б.Сапарбаевтың басшылығымен «Бел-белестер» деген кітабы жарыққа шықты. Онда өлеңдері, әңгімелері, естеліктері енгізілген.
Бүгінгі таңда жазушы, ақын, ұстаз Ғазиз Сапаев құрметті еңбек демалысында, отбасынында бала, немере қызығын көріп отырған бақытты әке, ата.

Әдебиеттер:

Тәбәрікұлы С. Жанақ ақын,- Алматы: Сөзстан, 1997.-155 б.
Тәбәрікұлы С. Жанақ ақын: (1770-1856) //Жұлдыз.-1998.-№2.-114-144 б.
Тәбәрікұлы С. Жыр дүлділі: (Жанақ ақынның туғанына 225 жыл толуы қарсаңында)// Семей таңы.-1995.-4 мамыр.
XIX ғасырдағы қазақ ақындары.-Алматы: «Ғылым» баспасы, 1988.-13- 256.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия: 3-том.-Алматы, 2001.-526 б.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11