Қала экономикасының тарихы

Graph With Stacks Of Coins

Семей қаласының экономикасы 20 ғасырдың 50-60 жылдары жоғары қарқынмен дами бастады. 1960 жылдары Ертіс өзенінің сол жағалауында ет комбинаты маңайында республикадағы жоғары сапалы құрылғылармен жабдықталған ең алғашқы кабель заводы құрылды. Екі жылдан кейін 150 км. жоғарывольтты электржелісі жүргізіліп, қалаға Бұхтарма су электрстанциясынан арзан электр тогі келіп жатты. Семей қаласы үшін бұл зор оқиға болды. Екі жылдан соң, сүт комбинаты тұрғызылып, арматура зауытының құрылысы басталды. 1964 жылы семейліктер үшін Ертіс өзенінің үстіне салынған көпір қалалықтардың мақтанышына айналды. Семейдегі өзен порты республиканың шығысының экономикасын дамытуға үлкен үлес қосты. Ертіс өзені бойымен әртүрлі ауыр жүктер кен, темір кені, құрылыс материалдары, астық т.б. тасымалданды. Семей қаласы жеңіл өнеркәсіп, тағам өнеркәсібінің орталығына айналды.

Тоғыз жолдың торабындағы ежелден саудаға бейім Семей халқы 1990 жылдардағы қиын кезеңде кәсіпкерлікті дамытып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып, егемен еліміздің іргесін қалауда өз үлесін қосты. Мұнда ең алдымен шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

1998 жылы жеке меншікке негізделген қала өнеркәсібі 87 ірі кәсіпорынды құрады. «Қаражыра» көмір кенішінің қуаты жыл сайын өсе түсті, 1997 жылы 2,5 млн.тонна көмір өндірілген. Атақты Шульба ГЭС-і жұмыс істеп тұрды. Өнеркәсіп өндірісінің жартысын ұқсатушы өнеркәсіп қамтыды. Бұлар-машина жасау, ұн тарту, тамақ, ағаш өңдеуші және металл өңдеуші кәсіпорындар, сол сияқты фармацептикалық және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар.

1998-1999 жылдары шетелдік инвестициялар мен республикалық бюджеттің қаржысы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысына жұмсалды. Семей қаласында аспалы көпірдің ашылуы өлке тарихына қосылған үлкен жаңалық болды. 2000 жылы 16 қазанда пайдалауға берілген аспалы көпірдің ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев келіп, Жапония компаниясының менеджері Т.Мацузава мырзамен Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің көк лентасын қиып ұлы достық жолын ашты. Көпірдің маңызы сол, тек семейліктер мен Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Батыс Сібірді байланыстыратын халықаралық маңызы зор жол торабы болып отыр.

2010 жылы салалардың көпшілігінде оң нәтижелер байқалады: жаңа кәсіпорындар ашылды, қызметкерлердің айлық орташа жалақысы бюджет саласындағы сияқты, нақтылы секторда да өсті, жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеді.

Беттер: 1 2 3