Тарихи-мәдени орындар

Әміре Қашаубаев атындағы филармония

1945 жылы қазан айында мемлекеттік Жамбыл атындағы филармонияның филиалы Семей концерттік эстрадалық бюросы ашылды. 1953 жылы Семейдің облыстық концерттік бюросы, 1966 жылы Семей облыстық мемлекеттік филармониясы болып қайта құрылды. 1968 жылы филармонияға әнші Әміре Қашаубаев аты берілді. Сонау 1925 жылы Парижде ән салған Әміре атамыздың асқақ әні әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. 1975 жылы «Әсем» ансамблі Парижге барып, қазақтың әндерімен қатар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас»,
«Қалың елім», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін асқақтата шырқады. Филармонияда қазақ өнерінің талай майталмандары еңбек етті және еңбек етуде. Олар Қазақстан Республикасының Халық артистері: М.Ешекеев, Р.Рымбаева; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері Б.Сыбанов, Д.Хайруллин, Б.Үдербаева, Т.Рахимов; белгілі сазгерлер: Ж.Дәстенов, Т.Мұхаметжанов, Мәдениет қайраткерлері А.Бейсембеков, К.Өлмесеков, Р.Байдалина; дирижерлер: М.Айдаболов, С.Малаев, Р.Ноғайбаев, О Сейітқазы; көркемдік жетекшілер: Б.Тапалшинов, Г.Елубаева, Н.Құсайынов; кейінгі толқын өнерпаздар: Т.Сембаев, С.Есенгелдинова, Б.Омаров, Н.Көшеров, М.Қаранова, Л.Молдабекова т.б. Филармонияның қалыптасуына еңбек сіңірген қызметкерлер: Чавкин Ю.Н. (1945-1947), Семенов-Леонс (1947-1952), Валитов Т.Ф. (1953-1969), Мәсәлімов М.О. (1970-1973), Есболатова К. (1973-1980), Мекишев С.М. (1980-1982), Әлин М.С. (1982-1985), Ерсәлімов Б.Е. (1985-1988), 1988 жылдан қазіргі уақытқа дейін сазгер, әнші А.Бейсембеков басқарады.
Филармонияда «Бибігүл» халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, «Семей сазы» фольклорлық ансамблі, балаларға арналған үш концерттік бригада, «Шәкәрімнің музыка мұрасы», «Абайды тыңда, таңырқа», «Классикалық музыканың құдіреті», «Музыка аспаптарының тарихы» атты лекция-концерттер өткізіліп тұрады.
1991 жылы Мәскеуде орталық концерт залында «Ғасырлар үні» атты үлкен концерт өтті. 1992 жылы Қазақстанның егемендік алуына бір жыл толуына байланысты Мәскеуде Чайковский атындағы концерт залында Семей филармониясының әншілері мерекелік концерт өткізді.
1999 жылы Алматыда «Абайдың музыка мұрасы» атты лекция концерттің байқауы өтті. Оған әнші, сазгер А.Бейсембеков Абай мұрасы жайлы концерт өткізіп бірінші орынды жеңіп алды.
Филармония өнерпаздары жыл сайын Астана, Алматы қалаларында есеп концерттерін үлкен жетістікпен өткізіп келеді. Филармонияда симфониялық, қазақ ұлттық халық оркестрі және әншілер бірігіп халқымыздың бай музыкалық мұрасын насихаттауда жемісті еңбек етуде. Өнерпаздар әр түрлі халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен фестивальдардың жүлдесіне сан мәрте ие болды. Гастрольдік сапармен ұжым Қазақстанның барлық облыстарында, Ресей, Қырғызстан, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Турция, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Қытай, Моңғолия т.б. елдерде өнерлерін көрсетті. 

Мекен-жайы:
Б.Момышұлы, 43;
телефон: 52-20-11; 52-17-23.
Жұмыс уақыты:
9.00-18.00
Үзіліс 13.00-14.00
Демалыс: сенбі, жексенбі

Әдебиеттер:

Әміре атындағы филармония // Семей таңы.-1979.-22 қыркүйек.
Қамбаров Ж. Абайдың рухын асқақтатқан: Әміре атындағы филармония жайында лебіз // Семей таңы.-2005.-12 тамыз.-2 б.
Қуатбеков Б. Өнерпаз өрендер ортасы // Семей таңы.-1984.-28 шілде.
Сейсенұлы Д. Рухани дүние өрістесін десек // Егемен Қазақстан.-2005.-9 желтоқсан.-8 б.
Тілеухан А. Ұлы әншіге құрмет: Әміренің туғанына –115 жыл // Ертіс өңірі.-2003.-27 қараша.-3 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13