Абай және кітапхана

img37       1885 жылдың жазында Абай Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде Павлодар, Семей, Өскемен уездерімен Зайсан приставствасынан жиналған Орта жүздің әр руының өкілдері – 100-ден аса билері қатынасқан төтенше съезде «төбе» би болып сайланып, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде жаңа заң жобасын жасап ұсынған. Көпшілік талқысына салынған бұл заң жобасы еш өзгеріссіз бір ауыздан қабылданған. Бұл тарихи фактіні Н. Я. Коншин кітапхананың сирек қорында сақталып отырған Семей Географиялық қоғам бөлімшесінің 1927 жылғы «Запискиінде» жариялаған: «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласымен растайды.

Атқарған қоғамдық қызметі еленіп және Михаэлистің ұсынуымен Абай 1886 жылдың 4 – мамырынан Санақ Комитетінің мүшелігіне қабылданған. Ол туралы сирек қордағы Семей облыстық Санақ Комитетінің 1897 және1900 жылғы «Памятная книжкаларында» бағалы мәлімет бар.

img43    1887 жылдың 21 қарашасында Семей қаласында «Бастауыш білім беру қоғамы» ашылып, өз қаражатына Омбы фельдшер мектебінде, Том техникалық Теміржол училищесінде, Семей мұғалімдер семинариясында және басқа да қалалық оқу орындарында өз стипендианттарын қаржыландырған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына оқып, сауатын ашуға мүмкіндік берумен қатар, оларға киім-кешек, оқу құрал – жабдықтарын сатып әперіп отырған. Қоғам сонымен қатар Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне және қоғамдық кітапханаға қажетті қаржылай көмек көрсетіп отырған. Гоголь атындағы кітапханада ақысыз оқу залын ашып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырған.

Қоғамның қайырымдылық істері аймақта байқалмай қалған жоқ. Абай аталған игі істерге өзінің азаматтық үлесін қосқан. Сирек қорда сақталып отырған «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебінде» Абай мен оның ұлдары Ақылбай және Мағауия Құнанбаевтардың аталған қоғамға мүше болып, жарна төлегендігі туралы тарихи құнды дерек бар.
Санақ Комитетінің өлкеде атқарған жақсы бастамаларын жалғастырушы, 1902 жылы ірге көтерген Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс – Сібір Бөлімінің Семей бөлімшесінің қызметі қала тарихының жарқын беттерін құрайды.

Академиктер С.Ф. Шокальский, А.П. Карпинский, В.А. Обручев құрметті мүшелері болған Семей бөлімшесінің жұмысына орыстың атақты жиһангер ғалымдары Семенов Тянь- Шанский, Г.Н. Потанин, В.В. Сапожников, ірі қоғам қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейханов белсене ат салысқан. Абай Құнанбаев корреспондент – мүшесі болған Семей бөлімшесіне оның інісі Шәкәрім Құдайбердиев және Жақып Ақпаев, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков лайықты қоғамдық қызметтеріне қарай толық мүшелікке қабылданған.

Семей бөлімшесі Қазақстанды, оның ішінде Жетісу, Шығыс Қазақстан, Алтай өңірі, Семей өлкесін зерттеу ісінде атқарған жұмысы қазақ тарихынан, этнографиясынан, далалы аймақ флорасы мен фаунасынан, қазба – кен байлықтарынан ғылымға тың мәліметтер беріп, кітапхана мен мұражай жұмысы жандануына, жалпы аймақтың дамуына үлкен ықпал етіп, Семей тарихының жаңа беттерін ашқан.

Ғылымның әр саласына көңіл қойып, өзінің ақыл-ой зердесін кемелдендіруде, шығармашылық ізденісте болған Абай қазақтың шығу тегі, тарихына терең үңіліп, 1890 жылы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» ғылыми мақаласын жазады. Н.Я. Коншиннің өтінуімен жазылған «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской Орды» мақаласының авторлығы Абайға тиісті екенін архив құжаттарына сүйеніп Қ. Мұхамедханов дәлелдеген.

Семей бөлімшесі ғылыми зерттеу еңбектерін «Запискилерінде…» жариялап отырған. Сирек қордағы құнды қазынаның бірі – 1907 жылғы «Запискидің…» 3-ші басылымында Ә. Бөкейхановтың Абай Құнанбаевқа арнаған, бұрын қазақ үрдісінде болмаған қазанамасы жарияланып, орыс тілді оқырманды қазақтың ұлы ақынының өмірі және шығармашылығымен таныстырған.

Ұлы ақын Абайға деген ел ықыласын ол дүниеден өткеннен кейін де толастамаған іс – шаралардан көреміз. Әсірісе қала өміріне үлкен серпіліс әкелген 1914 жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арнап өткізген әдеби кештің маңызы зор болды. Оны ұйымдастырушылардың бірі – Семей бөлімшесінің мүшесі Нәзипа Құлжанова осы кеште ақын өмірі туралы баяндама жасап, Абай шығармалары орындалып, ұлттық салт-дәстүрлерден үзінділер көрсетілді.

1914 жылғы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67-ші санында Міржақып Дулатов Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арнап мақала жазып: «Өткен 26 январда Семей қаласында Географическое общество, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен, Абай құрметіне әдебиет кешін жасағандығы Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып, һәм бірінші қазақ әйелі (Назифа ханым Құлжанов жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді» деп жазды.

1924 жылдың желтоқсанында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі салтанатты мәжіліс өткізіп және Луначарский театрында қазақ тілінде ақынға арналған кеш ұйымдастырды. Сол кеште Географиялық бөлімше мүшелері Халел Ғаббасов: «Биография Абая Кунанбаева» деген, ал М. Әуезов: «Место Абая в киргизской литературе» атты баяндамаларын жасаған. Абайдың досы Көкбай Жанатаев естеліктерін әңгімелеп, Абай әндері шырқалып, өлеңдері оқылған. Абай бастап кеткен қоғамдық игілікті істер осылай баянды жалғасын тауып жатты.

Абай заманынан бастап XX ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларына, алаш арыстарына рухани нәр берген мол қазына бүгінгі күні жаңа технологиямен жабдықталған ірі ақпарат орталығы болып отырған Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың сирек басылымдарының алтын қорын құрап, ғалымдар зерттеуінің объектісіне айналып отыр.

Беттер: 1 2 3