Алаш жолы – мәңгілік тілдің түп қазығы: ғылыми-тәжірибелік конференция
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Семей мемлекеттік медицина университетінде «Алаш жолы – мәңгілік тілдің түп қазығы» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Біздің кітапхана «Алаштың асыл мұралары» атты кең көлемді кітап көрмесімен, «Қазақ зиялыларының Абай кітапханасының сирек басылымдар қорындағы шығармалары» тақырыбында баяндамамен және кітапхана ұжымы дайындаған «Алаш» электронды кітапханасын конференцияға қатысушыларға ұсынды. Кітапхананың сирек қорында сақталған ұлт зиялыларының төл туындылары олардың жазған, жариялаған еңбектерімен салыстырғанда мұхитқа құйған тамшыдай өте аз болса да, соның өзі ғалымдар мен ізденушілердің ықыласын аударды. Ә.Бөкейхан, Ж.Ақпаев, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Ж.Күдерин, А.Сейітов, Т.Шонанұлы, Х.Досмұхамедов, Ж.Тілеулин, А.Маметов сынды ұлт зиялыларының көзі тірісінде жария көрген шығармалары туралы ақпаратты конференция қатысушылары ерекше ықыласпен қабылдады. Ал көрмеден орын алған қазіргі заманда жарық көрген ұлт зиялыларының шығармаларының мол мұрасы мен «Алаш» электронды кітапханасына басты назар аударған зиялы қауым шын жүректен ризалықтарын білдірді.