Ерлігің ғасырлар бойы ұмытылмайды…: онлайн-кездесу
5 ақпан күні Абай кітапханасында Кеңес Одағының Батыры, татар халқының ұлы ақыны Мұса Жәлелдің туғанына 120 жыл толуына орай Татарстан Республикасының Қазан қаласымен бірлескен онлайн іс-шара өтті. Аталған шараға Шәкәрім университетінің студенттері қатысты.
Іс-шараның басында Татарстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Хадиев И.Г. құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Татарстан арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, халықтарымыздың мәдени қарым-қатынасы туралы баяндады. Сондай-ақ, Мұса Жәлел атындағы музей-пәтердің аға ғылыми қызметкері Ләйсан Харасова музей қорындағы жәдігерлер, ақынның жеке заттары, жеке кітапханасы мен отбасы туралы мәлімет беріп, ең қызықты экспонаттарды таныстырды.
«Мәңгілік пен ерліктің ақыны: Мұса Жәлелдің кітаптары Татарстан Республикасы Ұлттық кітапханасында» атты баяндама-презентациямен татар және өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Зимаголова Г.Ш. сөз сөйледі. Ол Мұса Жәлелдің көзі тірісінде жарық көрген латын және кирилл әліпбиіндегі сирек басылымдары, оның орыс тіліне аударылған еңбектері, сондай-ақ шығармаларының әлемнің 60-тан астам тіліне тәржімаланғаны жөнінде айтты. Ақынның татар, ағылшын, неміс, чех, чуваш, өзбек және басқа да тілдердегі шығармалары таныстырылды.
Шәкәрім университетінің студенттері А.Наурызбекова, А.Төлеутаева және А.Садықова Мұса Жәлелдің өмірбаяны, шығармашылығы мен ерлігі туралы презентация әзірлеп, ақын өмірінен қызықты деректерді баяндап, татар тілінде өлең оқыды.
Іс-шара Мұса Жәлелдің «Боран», «Жырларым» және басқа да өлеңдерін татар тілінде әсерлі оқумен қорытындыланды.





