Қазақ тілінің негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынов: дәріс
2017 жылдың 19 шілдесінде Абай атындағы кітапхана Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тіл мамандары үшін «Қазақ тілінің негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынов» атты тақырыпта дәріс өткізді. Шараға қатысқан Өскемен, Павлодар қалалары мен шығыс өңірінің аудандарынан келген әскери бөлімшенің тіл мамандарына қазақ тілі мен әдебиетінің негізін салған тарихи тұлға, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы туралы мазмұнды тағылымды дәріс ұсынылды. Сонымен қатар, 2017 жылы аталып өтілетін атаулы күндер мен биылғы жылғы мерейтой иелері – семейлік ақын-жазушылардың өмірі және шоқтығы биік шығармаларымен таныстырылды.
Шара соңында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы ТжӘҚЖ басқармасының аға офицері капитан Жанарбек Дәуітбекұлы Мұқатов мамандар атынан танымдық ақпараттар үшін алғыс білдіріп, кітапхана библиографы З.Т.Мағауинаға II дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапаттады. Болашақта рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Абай атындағы кітапханамен шығармашылық байланыстарын әрдайым жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.