Әлем таныған тұлға: мерекелік шара
Биылғы жылы ұлы Абайдың туғанына 172 жыл толуына орай қаламыздағы ақын атымен аталатын Абай музейі мен Абай атындағы кітапхана бірлесіп шаралар циклін өткізді. Абай ескерткіші басында гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілгеннен кейін Абай мұражайында мәдени іс-шаралар жалғасын тапты.
Абай өзінің саналы ғұмырында махаббат тақырыбында өлең жазып, әндер шығарды. Бұл тақырыпта кең көлемде, терең мағынада жазылған ақынның қара сөздерінің де мағынасы айрықша. Абай атындағы кітапхана қызметкерлері жиналған қауымға Абайдың махаббат және отбасы, бала тәрбиелеу ісі тақырыбына қатысты жазылған өлеңдері мен қара сөздерінен әзірленген үлестірме материалдар дайындап, шара қонақтарына таратты. Кітапхана қорынан арнайы дайындалған Абайдың жетінші және қырық бесінші қара сөздері мен «Желсіз түнде жарық ай», «Жүрегім менің қырық жамау», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Мен сәлем жазамын», «Қалқам-ай, мен үндемей жүрмін көп» сынды өлеңдерінен әзірленген буклеттер мен ақпарат парақшалары қатысушылар үшін ақпараттық-танымдық материал болады деген ойдамыз.
Бұл күні кітапханамызға келген кішкентай бүлдіршіндер Абайдың рухани орталығында ұйымдастырылған «Абай оқыған әдебиеттер әлемі» тақырыбындағы ретро-көрмемен танысып, көне кітаптар әлеміне саяхат жасады.