«Абай жолы» кітапханасы жобасы: кітаптар тұсаукесері
11 желтоқсан күні Абай кітапханасында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қолдауымен, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Абай кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті.
«Абай жолы» кітапханасы – 2023 жылдан бастау алып, бес жылға жоспарланған ауқымды әдеби жоба. Абай облысы әкімдігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан бұл бастама туған өлкеміздің рухани қазынасын тереңдетуге, ұлтымыздың ұлы тұлғалары қалдырған құнды мұраны қайта жаңғыртуға бағытталған. Биылғы жылы аталмыш жоба аясында 25 атаулы кітап жарық көріп, әдебиетсүйер қауымға жол тартты.
Шараның шымылдығы Қайырбек Шағырдың сөзіне жазылған «Тәуелсіздік таңы» әнін орындаған «Арлан» тобының әсерлі әнімен ашылып, жобаның бас редакторы, Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Еспенбетов Арап Сләмұлы жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, Абай облысының білім басқармасының басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, кітап авторларының бірі Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков сөз алып, жобаның рухани өміріміздегі орны мен маңызына кеңінен тоқталды.
Тағылымды кеш барысында «Абай» театрының әртістері «Жас Абай», «Абай», «Алаш» қойылымдарын ұсынып, өнер мен әдебиетті астастырған ерекше атмосфера қалыптастырды. Топтамаға кітабы енген авторлардың өлеңдері поэзия шеруінде оқылып, Шәкір Әбеновтің, Әсет Найманбайұлының, Әділғазы Қайырбековтың сөздеріне жазылған әуезді туындылар орындалып, кештің көркін келтірді. Сондай-ақ, топтамаға енген әр кітап туралы мазмұнды мәлімет беріліп, олардың тақырыптық ерекшелігі мен әдеби құндылығы көрермен назарына ұсынылды.
Шара қонақтарын кітапхана фойесінде авторлардың портреттерімен көмкерілген жаңа кітаптар экспозициясы қарсы алып, жасанды интеллект негізінде жасалған электронды кітапхана қоры көпшілікке таныстырылды. «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген бұл кітаптар топтамасы – Абай облысының мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Жоба әдебиет әлеміне жаңа тыныс пен тың серпін сыйлап, ұлттың рухани тамырын тереңдете түсті.










