Тіл адамдар қатынасының құралы: брейн –ринг
22 қыркүйек күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне арнап медицина университетінің студенттеріне «Тіл адамдар қатынасының құралы» атты брейн-ринг интеллектуалды ойынын ұйымдастырды. Ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, туған тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың айтқандарын оқып үйрену, тілді ұлттық мұра ретінде қадірлеуге үйрету, оқырмандардың тез ойланып, еркін сөйлеуге баулу мақсатында ұйымдастырылған шара сайыс түрінде өтті.
Тіл – қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны мен ары. Іс-шара барысында студенттерге халықтар достастығы және үш тұғырлы тіл жайлы ақпарат берілді. Сайысқа қатысушы студенттер үш тілде жүргізілген кезеңдерден сүрінбей өтіп, өз білімдерін жоғары дәрежеде көрсетті. Соңында тілдер мерекесі құрметіне кітап көрмесіне шолу жасалды.