Жазушының өшпес мәңгі мұрасы: мәнерлеп оқудан сайыс
24 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада Қала күніне арналып, Алаш қозғалысының 100 жылдығы шеңберінде және жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толуына орай «Жазушының өшпес мәңгі мұрасы» атты мәнерлеп оқудан сайыс өткізілді.
Оқушылардың М.О.Әуезовтың шығармашылығына деген құштарлығын арттыру және жас ұрпақ арасында қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға қаламыздағы ЖББ №5, №17, №18, №47 мектептердің оқушылары және №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Мәдени шара барысында сайыскерлер М.О.Әуезовтың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы хабардар болды. М.О.Әуезовтың прозалық шығармаларынан үзінді, драмалық шығармаларынан монолог, «Абай жолы» романынан үзінділер оқылды. Көркемсөз оқу шеберлері арасынан көркем прозалық, драмалық шығармаларынан үзінді оқу мен мәнерлеп оқу тапсырмалары бойынша үздіктер анықталды. Әділқазылар шешімі бойынша бірінші орынды №5 гимназияның 8 «в» сынып оқушысы Бейсембай Нұрислам, екінші орынды №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері Рожинцева Виктория, Мухаметзянов Тимур, Кружальский Виктор және №17 мектептің 6 «а» сынып оқушысы Ниязбек Пәкжан иемденсе, үшінші орын №18 мектептің 7 «ә» сынып оқушысы Фархатова Ақеркеге берілді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мәнерелеп оқу сайысына қатысушылардың құрметіне ән шырқалып, би биленді. №39 мектептің 8 «а» сынып оқушысы Базанова Аружанның орындауында «Мереке» әні шырқалса, №18 мектептің 7 «ә» сынып оқушысы Фархатова Ақерке өзінің «Тарту» биімен шашу шашты.
Мәдени шараға қатысушылардың назарына «Ұлы даланың ұлы жазушысы» атты кітап көрмесі ұсынылды. Кітап көрмесіне кітапхананың қорынан М.О.Әуезовтің өмірі мен қайраткерлігі туралы материалдар, жазушының шығармалары, ғылыми еңбектері, мақалалары қойылып, шолу жасалынды. Шара соңында кітапхана қызметкерлері оқушылар мен ұстаздарға үлкен алғысын білдіріп, кітаптарды сыйға тартты.