Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік: мамандар күні
5 қазан күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері үшін Мамандар күні өткізілді.
Рухани жаңғыру еліміздегі білім беру жүйесінің, оның ішінде мектеп үшін айрықша маңызы зор екендігі қазіргі таңда айқын білінуде. Елбасы Н.Назарбаевтың тың идеялары жаңа нәтижелі көкжиектерге қол жеткізетін тың серпін. Осыған орай, оқу үрдісінде үнемі ізденісте болу, жаңашыл, уақытпен үндесе алатын, жан-жақты қабілетті өз ісінің шебері болу сияқты сұраныстың ұстаздарға зор міндет артып отырғандығын ескере отырып, мұғалімдер кітапхана қорында бар жаңа әдебиеттермен, оқулықтармен, тәжірибелік маңызы бар жаңа ақпараттармен таныстырылды.
Шара барысында 2018 жылдың жергілікті мерейгер тұлғалары және өлкеде аталатын тарихи оқиғалар туралы да мазмұнды ақпараттар ұсынылды. Мұғалімдерге арналып «Ұстаздар, сіздер үшін!» атты кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге пән мамандары үшін оқытудың озық үлгілері мен жаңа технологиялары туралы салалық жаңа әдебиеттер, оқулықтар, мультимедиялық және мерзімді басылымдар қойылып, шолу жасалды.