Билерді және Алаш зиялыларын еске алу кеші: дөңгелек үстел
Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұйымдастыруымен өткен «Билерді және Алаш зиялыларын еске алу кеші» дөңгелек үстеліне қатысып қайтты.
Шара қатысушыларына «Қазақ зиялыларының еңбектері Абай атындағы кітапхананың сирек қорында» тақырыбында баяндама ұсынылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл шараға БАҚ өкілдері, Семей қаласынан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері, қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының өкілдері, Өскемен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының қызметкерлері, зиялы қауым қатысып, пікірлерін ортаға салды. Кітапханамыздың сирек басылымдарының алтын қорындағы Ж.Күдериннің «Өсімдіктануы», А.Бөкейхановтың Абай (Ибрагим) Құнанбайұлына арналған «Қазанамасы», Х.Досмұхамедовтың «Как бороться с чумой среди киргизского населения» сынды алаш арыстарының көзі тірісінде жария көрген құнды басылымдары шара қонақтарының қызығушылығын туғызды. Шараны Облыстық Жамбыл атындағы драма театрының әртістерінің «Алаш алыптары» қойылымы, №3 «Көпбейінді мектеп-гимназия», №9 «Білім инновация мектебі» оқушыларының күй орындауы көркемдеп, ерекше әсер берді.