Б. Шефер «Мани атты төбет»: кітап тұсаукесері
5 ақпан күні Абай кітапханасында «қаржы Моцарты» атанған әйгілі неміс жазушысы, қаржы кеңесшісі, бизнес-жаттықтырушы және қоғам қайраткері Бодо Шефердің «Мани атты төбет» кітабының қазақ тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті.
Шараға «Mentor Baspasy» қазақ тілінде жарыққа шығарған кітапқа редакторлық еткен баспа редакторы Айбын Шағалақ арнайы қатысып, аударманың ерекшелігі, кітаптың мазмұндық маңызы мен жас ұрпаққа берер тәрбиелік құндылығы туралы ой бөлісті. Бұл еңбектің жарық көруіне қаржылай қолдау көрсеткен Мырзабек Тұрарбекұлының үлесі де ерекше аталып өтті.
Кітаптың лента қию рәсімі Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай мен Абай кітапханасының директоры Мерей Қартқа табысталды. Олар өз сөздерінде қазақ тіліндегі сапалы аудармалардың көбеюі – рухани кеңістіктің кеңеюіне және оқырман мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосатынын атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушы мектеп кітапханашылары да сөз алып, кітаптың балалар мен жасөспірімдер үшін маңыздылығына тоқталып, осындай пайдалы еңбектердің мектеп қорларына түсуі жас буынның қаржылық сауатын ерте қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Шара соңында кітаптың 990 данасы мектеп кітапханаларына сыйға тартылып, кітапханашыларға таратылды. Бұл бастама жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта саналы, қаржылық тұрғыдан сауатты тұлға болып қалыптасуына ықпал етпек.






