«Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың Жамбылы»: арнау кеші
2016 жылдың 16 наурыз күні Абай атындағы кітапхананың оқу залында Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай «Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың Жамбылы» тақырыбында арнау кеші ұйымдастырылды.
Кеш қонақтары «Авиценна» медициналық колледжі мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің білім алушы жастары болды. Жамбыл өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады.
Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаев – замандас ақындар. Екі ойшыл да шығармаларындағы ең басты тақырып – халық жайлы ерекше жыр толғайды. «Қазақ поэзиясының алыбы» атанған Жамбыл мен қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абайдың арасында қаншама ортақ ерекшеліктер бар. Іс-шара барысында осындай құнды ақпараттардан мәліметтер беріліп, деректі бейнебаян көрсетілді. Педагогикалық колледж студенттері Шерікбай Тамаша «Мынау тұрған Абайдың суреті ме?», Бақытжанова Айгерім «Ленинградтық өрендерім» сияқты атамыздың жыр жолдарын нақышына келтіріп жырлап берді. Аханова Әйгерім және Каримов Әділет өздерінің жүрек жарды «Жамбылға арнау» өлең жолдарын оқып, Шерікбай Тамаша Жамбыл атамыздың Айкүміс ақынмен айтысынан үзінді келтіріп, көрермен қошеметіне бөленді. Жүз жасаған Жамбылдың өмірінің соңғы күндерінде жазылған «Соңғы сөз» өлең жолдарын Күдербаева Фарида оқып, арнау кешінің қортындысын жасады. Келген оқырмандардың назарына кітапхананың қорындағы ақынның шығармаларынан, Жамбылдың ақындығы жайында жазылған еңбектер және мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар мен маңызды деректерден «Жыр алыбы Жамбыл» атты кітап көрмесі ұсынылып, шолу жасалды. Соңында келген кеш қонақтарына Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан жастарға кітаптар сыйға берілді.