Рухани жол: Абай. Ән – мұра: тұсаукесер
Абай атындағы кітапханада 2016 жылдың 15 сәуір күні абайтанушы, халық композиторы, қолөнер шебері Арғынбек Ахметжановтың 80 жасқа толу мерейтойына орай «Рухани жол: Абай. Ән – мұра» атты кітабының тұсаукесері өткізілді.
Шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, шығармашылығына тәнті оқырмандар, студент жастар, қала оқу орындарының кітапханашылары, туған-туыстары қатысты.
Қаламгердің «Рухани жол» еңбегі құрылымдық жағынан ұлттық дәстүр, ел шежіресі, абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану мәселелері, шығармашылық өнер саласындағы қызметтің шеберханалық сырлары, адамгершілік мұраттары сияқты тараулардан тұрады. Арғынбек аға 65 ән- романстардың авторы, оның 45-і Абайдың, екеуі Шәкәрімнің өлеңдеріне шығарылған.Осы уақытқа дейін 100-ден аса домбыра жасап, «Әл-Фар-а» атты жаңа аспап құрастырып, ұлттық аспаптар қатарын толықтырды.
Аталмыш шара барысында тұсаукесер рәсімін жасап, ақ тілек баталарын бере келген абайтанушы, жазушы Төкен Ибрагимов, шежіреші Молдабек Жанболатұлы сазгер ағаға шалқар шабыт, саз әлеміне шеберлік пен тереңдік, ұзақ ғұмыр тілесе, көптеген әріптес – өнерпаздар Арғынбек ағаның аса еңбекқор, ізденгіш, өнер сүйгіш қасиеттеріне тоқталып, шығармашылығына сәттілік тілеп, тағылым ой айтты.
«Ұлылар аманатын арқалаған» атты көркемделген кітап көрмесі жасақталып, сазгердің әр жылдардағы өмірі мен шығармашылығында кездескен ұстаздарының, әнші – сазгерлердің фото – шежірелері, Абай мен Шәкәрімнің ән, дастан мұралары, автордың ән романстары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған сазгер жайында мақалалар топтамалары, шебердің қолынан шыққан музыкалық аспаптары қойылды. Шара соңында көрермен қауым қаламгермен суретке түсіп, өздерінің ризашылықтарын білдірді.