Ұлттық рухтың жанашыры: онлайн-конференция
Абай атындағы әмбебап кітапханада 2016 жылдың 29 қыркүйегі күні Шымкент қаласындағы Отырар облыстық кітапханасының қызметкерлері, кітапхана пайдаланушылары үшін есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылған қазақтың біртуар азаматы, ғалым, аудармашы, драматург, қайраткер – Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық рухтың жанашыры» атты онлайн-конференция өткізілді. Шараның мақсаты: қазақтың қайсар ғалымы Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен ғылыми қызметін кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Аталмыш шараға қаламызға ат басын тіреген ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім қатысты. Есімі ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтармен тығыз байланысты ұстазының Абай мектебін зерттеуге қосқан зор үлесі және азаматтық келбеті туралы естеліктерімен бөлісті.
Ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы кандидаттық диссертация қорғаған, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемелекеттік университеті «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Смағұлова ғылыми зерттеулері туралы, ғалымның шәкірті, ақын, өнертанушы Құсмілия Нұрқасым қайраткер ұстазы туралы жүрекжарды лебізімен, балалары Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы Дегдар Қайымұлы және Қанағат Қайымұлының әке өнегесі туралы айтқан мазмұнды әңгімелері тыңдаушылардың көңілдерінен шықты. Кітапхана сайтынан орын алған «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» атты кең мазмұнды виртуалды көрмеге жасалған шолу қызығушылықпен тыңдалды. Шара соңы ақын Құсмілия Нұрқасымның орындауында ғалымға арналған «Жан аға» атты әсем әнін тыңдаумен ұласты.
Шымкент қаласынан қатысқан ғалымдар, ақындар Қайым тұлғасына деген тұжырымды ойларымен бөлісіп, жастар ақын өлеңдерін оқыды. Халқына адал қызмет еткен тұлғаның асыл мұраларымен танысқан шымкенттік қонақтар өз тараптарынан тағылымдық тәрбиесі мол шара үшін ризашылықтарын білдірді.