Махаббат вальсінің төресі: еске алу кеші
2016 жылдың 24 қарашасында Абай атындағы кітапханада ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» шеңберінде табиғи талант иесі, семейлік дарынды сазгер Бекен Жамақаевтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Махаббат вальсінің төресі» атты еске алу кеші өтті.
Шараға сазгердің туыстары, көзкөргендер, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және М. Төлебаев атындағы музыкалық және радиотехника және байланыс колледждерінің студенттері қатысты. Сонымен қатар, бұл кешті Абай, Абыралы, Бесқарағай ауданының пайдаланушылары онлайн арқылы тамашалады. Ән өнерінде шоқтай жанып, жұлдыздай ағып түскен Жамақаевтың өнегелі өмірін дәріптеу арқылы қазақ музыкасы мен әндері де насихатталды.
1955 жылы Жамақаевтың «Махаббат вальсі» әні әйгілі әнші Роза Бағланованың орындауында тұңғыш рет орындалып, тек қазақ еліне ғана емес, шетел тыңдаушыларына да тарады. Ұлы жазушы М.Әуезов те осы әнді сүйсіне тыңдап, жоғары бағасын берген. Бұл әнсіз ешбір қазақтың үйінде той-думан, ойын-сауық өтпейтін. Бұл ән барша қазақтың ән гимніне айналды. Мұнан басқа да сазгердің «Сен ғана», «Мереке вальсі», «Ертіс вальсі», «Түн сыры» ырғақты әндері шырқалып, «Бекен ағаға» атты монолог орындалды. Әншілер Г.Мұстафина, К.Туканова, Ә.Төленов, «Ертіс толқындары» ансамблі және Т. Аманов атындағы №16 мектеп оқушыларының би тобының көрсеткен өнерлері тыңдаушыларды ерекше сезімге бөледі.
Туыстары, қарындасы Бейбітжан Жамақаева, замандасы Б.Ерсәлімов сазгер туралы тіршілікте бірге болғандағы естеліктерімен бөлісті. Кітапхана шараға дарынды тұлғаның өмірі туралы «Жүрегі тұнған ән еді» кітап көрмесі мен «Махаббат вальсінің төресі» атты суретті слайдты көпшілік назарына ұсынды. Туыстары әкеліп орналастырған үлкен стенд көрменің мазмұнын байыта түсті. Кітапхана ғаламтор пайдаланушыларына арнап, жақын арада Б.Жамақаев туралы толық ақпараттармен қамтылған виртуалды көрмені ұсынатын болады. Шараға келушілер өнер өлмес дүние, Бекен Жамақаев есімі де өз биігінде қалады деген сеніммен тарасты.