ХІХ ғасырдағы Пушкин бастаған орыстың ұлы ақындарының ішінде Абайдың шексіз сүйген және өлеңдерін көп аударған ақынның бірі – М.Ю.Лермонтов болды. Абайдың өз айтуынша, – дейді М.Әуезов, – Лермонтов – «ерекше ызаның ақыны», «махаббаты ашумен уланған ақын». Ашуы қоғам құрылысына наразылықтан, қоғам дертіне күйінгендіктен туған».
Абай Лермонтовты оқып, өлеңдерін аударумен ғана шектелген жоқ. Ол орыс ақынын жанындай жақсы көрді, сырлас, мұңдас болды. Абай ұлы ақынның жырларынан орыс қауымының тілек-талабын, мұңын, жырын ұқты. Абайдың Лермонтовтан дәлме-дәл, өте жақын аударған «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде түнде жалғыз», «Альбомға» т.б. өлеңдерінен орыс ақынының ой-пікірлері оған да бөтен еместігі айқын сезіледі. Сонымен қатар ол Лермонтов шығармаларын қазақ өміріне жанастыра қабылдауды шет көрмеген. Абай Лермонтовтың «Ой» атты өлеңін аударғанда, бұл жұрт көңілде сенім жоқтықтан білген адамды іске жарата алмай отыр деген пікірді өзгертіп, сол кездегі қазақ жағдайына ыңғайлап:
Қарасам, қайғырар жұрт бұл заманғы,
Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды…»,- дейді. Мұндайда Абайдың Лермонтов өлеңінің мазмұнын бастан-аяқ бұлжытпай дәл жеткізуді мақсат етпей, кейде толғанып, тебіреніп жарыса отыратыны көзге түседі. Осы өлеңнің соңғы біраз жолдарының орнына тыңнан біраз сөз салып, өз заманының тағы бір өрескел мінін былай суреттейді:
Досың жоқ, дұшпаның жоқ, тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың,
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?!
Абай қазақтың қанына сіңген малқұмарлықты әшкерелеуді мақсат еткен. Сөйтіп, Абайдың түпнұсқаға өзгеріс енгізіп мағынасын басқаша ашып келтіруі оны қазақ өмірінің шындығына жақындастыру, өз көңіл-күйіне үйлестіру мақсатынан туады. Абай Лермонтов шығармаларының жаңа жағдайда мейлінше әсерлі және түсінікті болуын, оның идеялық, көркемдік сапасының жоғары болуын көздейді. «Теректің сыйы» («Дары Терека») атты өлеңнің айрықша мәнділігі, кезінде Белинский айтқандай Кавказды мадақтау – Терек өзені мен Каспий теңізінің бейнелері арқылы Кавказды елестетеміз. Кавказдан бастау алып, Каспийге құятын Терек оған қажет сыйлықтар әкеледі. Кәрі Каспий басында қалғыған бойымен елең етпей, үн шығармай, тек «казак-орыс қатыны бір сұлуды әкеліп ем» дегенде көзін ашып, сылқ-сылқ күліп, жылы жүзбен амандасады.
Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қитықсыз араласты, -деп ақын аударғандай Лермонтов өлеңінде нақтылы, табиғат суреті мен көркемдік қиял осылай әдемі ұштасып келеді десек, Абай соның бәрін өзіндік бояуын сақтай отырып, әсерлі қазақша айтып жеткізген. «Қараңғы түнде тау қалғып…» – Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударған өлеңі. Өлең – Абай аудармаларының ішінде шоқтығы биік озық үлгісі. «Тұншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ» деп өлеңде Гете де, Лермонтовта да, Абайда да дәлме-дәл, сөзбе-сөз өрілген. Абай аудармасы арқылы берілген «Қараңғы түнде тау қалғыпты» білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ.
Абай «Жолаушының түнгі жырын» – қазақ тіліне аударып қана қойған жоқ, оған әуен де берді және «Қараңғы түнде тау қалғытпай» данагөй, асқақ әуезді әнді білмейтін қазақ баласын табу мүмкін емес те шығар.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
Гете жолаушысы бақытты болып шықты. Оның түнгі жырын ұлы ақындар Лермонтов пен Абай естіп, әрі қарай көтермелей жөнелді. Бұл ән бейбітшілік пен тыныштықты дәріптейді.
Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдерінің ішінде өмірден күткен үміті ақтамағанын сезіну, жалғыздық сарыны елеулі орын алған туындылар да кездеседі. Солардың бірі «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» – орысшасы «Хоть давно изменила мне радость», осы алғашқы тармақтың мағынасы қазақша: Ғашық жар, ағайын , дос – бәрі алдағыш, Жастық құмар, үміттің нұры қайтып, Күңгірт тартты бәрінің аяғы реніш,- деп жалғасқандықтан, түпнұсқаның мағынасы айтарлықтай өзгере қоймайды.
Лермонтовтың өлеңіне негізгі арқау болған сарын – жалғыздығын, өмірден күткен үміті ақталмағанын сезіну. Сонымен бірге өлеңнен талай алданса да, тағдырға бас имейтін, именбейтін, қайғы келсе, төзе білетін адамның бейнесін көреміз. Абай да өлеңдегі лирикалық қаһарманның осы қасиеттерін әсерлі, нанымды сипаттайды. Ол өмірдің соққан дауыл сияқты тез өтіп кететініне әбден көзі жетсе де, жақсылықтан да әлі мүлде күдерін үзбеген. Абай өлеңдегі лирикалық қаһарманның осы қасиеттерін нанымды, әсерлі сипаттайды. Осы айтылғанды:
Алладан бәрібір деп тосып тұрмын,
Алғалы жақсылықты я өлгелі, – деген түйінді ойды білдіретін сөздерден-ақ айқын аңғаруға болады.
Абайдың Лермонтовтан аударғандары – негізінде әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын, еріншек, белсенділігі жоқ адамды сынайтын шығармалар, азамат ақынның образын беретін өлең-жыр жайындағы шығармалар, жалғыздығын, бірақ оған мойымайтын беріктігін айтатын шығармалар.
Абай Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын-лебізін, жаңа сапасын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып мол жеткізді. Абай Лермонтов оригиналын барлық жарастық сәнімен, бар ерекшелігімен қазақ тілінде қайтадан туғызды. «Альбомға», «Жолға шықтым қараңғы түнде жалғыз», «Көңілдің күйі тағы да», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Махаббат, достық қылуға», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Ғашықтық іздеп тантыма» тағы басқа аудармалары әдебиет тарихында өте көркемдік шеберлікпен, ақындық қуатпен аударылған деп бағаланып келеді. Абайдың Лермонтовтан тәржімелеген шығармалырының тең жартысы дерлік – осындай дәл, жақын аудармалар.
Абай және Лермонтов // Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том.-Алматы: «Ел-шежіре»,2008.-176-182 б.
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы, Ана тілі,1995.-272 б.
Бельгер Г. Қараңғы түнде тау қалғып… // Абай.-1993.-№ 5.-5-8 б.
Сейітов С. Қос арна: (Абайдың Лермонтовты аударуы жайлы) // Халық кеңесі.-1992.-29 сәуір.
Мұхамедханов Қ. Абай мен Лермонтов // Семей таңы.- 1983.- 10 тамыз.