Қазақ әдебиеті мен өнерінің озық үлгілерінен үлгі алған, осы көштен қалмай өзінің де мәңгі өлмес туындыларымен үн қосқан Семей аймағы мәдениеттің нағыз ордасы.
Ұлттық әдебиетімізді танып, бағалай білу – осы өзің туған өлкені, осы өңірдегі ақын мен жазушыны танудан басталады. Адам баласы, ең алдымен өз шаңырағын сүйеді, содан барып туған ауылын, туған өлкесін, адамдарын құрметтейді. Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан өзгерістер халықтың рухани көзін ашып, тарихымыз бен төл әдебиетіміздің өткенінен жаңаша қарауға мүмкіндік әкелді. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері әдеби тұлғаларымыз да кеңінен таныла бастады, туған өлке әдебиетінің ірі өкілдері, олардың әдеби мұралары жаңаша бағалануда.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде Семей өңірінде суырыпсалма, ақпа ақындар тобы да болды. Әр дәуір әдебиетке өзінің ерекшелігін, сонымен қоса сол ерекшелікті жасайтын тұлғаларын ала келді. Кеңестік кезең Семей өңірінің әдеби шежіресін тағы бір әдебиет майталмандарымен толықтырды.
Абайдай айдынды алыбы, Шәкәрімдей шешен шежірешісі, Мұхтардай мұхиты бар өңірдің өнерден де, әдебиеттен де, мәдениеттен де артта қалған жері жоқ екені сөзсіз. Абай ұрпақтарын асыл қасиеттерге баулудан жалықпаған, шоқтығы биік шығармаларымен оқырмандарының сусынын қандыратын Семей өңірінің ақын-жазушыларының арасында Шәкір Әбенов, Төлеу Көбдіков, Әсет Найманбайұлы, кешегі өткеннің куәсі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев, зиялы өмірдің ұйтқысы болған Сәду Машақов, қазақ прозасына аттары кеңінен танымал болған Әди Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов, Медеу Сәрсеке, абайтанушы, алаш арысының соңғы тұяғы Қ.Мұхамедханұлы Семей жұртшылығының ғана емес бүкіл қазақ елінің сүйікті перзентіне айналды.
Әдебиетіміздің тарихы тек өткенмен ғана емес, бүгінмен жасалып, болашақпен жалғасатыны белгілі. Осы тұрғыдан туған әдеби өміріне өз үлестерін қосып, Абай мен Мұхтар қаламының құдіретін жалғап келе жатқан кейінгі толқын лебін атап өтуге болады. Олар: Тыныштықбек Әбдікәкімов, Айжарық Абылқасым, Талғат Кеңесбаев, Айбек Сапышев, Мұратбек Оспанов, Айгүл Кемелбаева сынды бүгінгі заманның талантты ақын-жазушылары. Сондай ақ, қазіргі айтыс өнері мен жазба әдебиетінің көркін қыздырып, республикаға танылып жүрген жас толқын өкілдері де өздерінің шығармашылығымен елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Олар:Ринат Зайытов, Нұржан Өмірбаев, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкірова, Әсем Ережеқызы, Рүстем Мұхаметрахимов тағы басқа жас ақындарымыз қашанда Семей өңірінің мақтанышы болып қала бермек.
Өнер саласында өркен жайып өсіп дамыған, халықтың дәстүрлі үлгілерінен бастау алып, өскелең заманның жасампаз көшіне мәңгі өлмес туындыларымен үн қосқан Семей өңірі нағыз мәдениеттің қайнар бұлағы, әсем ән мен асыл сөздің, бояуы қанық, шынайы өмірді бейнелейтін картиналарымен, әр түрлі түспен боялған суреттерімен тамсандырған небір таланттар осы Семейден түлеп ұшқан. Рухани-мәдени өмірдің тамаша ортасын қалыптастырған Семейде мақтан тұтатын тамаша-ұл-қыздарымыз көптеп саналады. Ұлылардың ізі қалған қала екендігін айтпағанның өзінде, қазақ өнерін бүкіл Еуропаға танытқан ән өнерінің көшін бастаған Әміреден бастап, күміс көмей бұлбұл үнді Б.Төлегенова, кең тынысты Р.Рымбаева, қазақтың біртуар ұлдары әншілер Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Бақыт Үдербаева, бейнелеу өнерінің майталмандары Мұратбек Жанболатұлы, Александыр Шесченко, Нұрбұлан Өтепбаев сынды дарынды ұл- қыздарымен мақтана алатын Семей бүгінгі күні өнер мен мәдениеттің дамыған ордасы.
Ән мен күйді өмірінің өзегі еткен таланттарымен танылған Семейдің абыройын Абай театры асқақтатпаса, төмендеген емес. Өнер киелі ұғым. Оның негізгі өзегі театрмен тікелей ұштасады. Осы тұрғыдан қазақ театрының ту тіккен жері – Семей. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы дүниеге келген Ойқұдықта бүкіл қазақ театрының тарихы жатыр.
Семей – тарихи-мәдени орындарымен де мақтана алады. Мұнда ұлы Абай оқыған кітапхана, ақын атымен аталатын мұражай, театр тағы басқа ел мақтанышына айналған өңіріміздің тарихи тұлғалар өмірінен сыр шертетін орындар, ескерткіштер бар.
2013 жылы 295 жыл толатын Семей қаласы қайталанбайтын әдемі көзтартарлық тарихи сәулетті ескерткіштерімен көз тартады. Жалпы Қазақстан қалаларының ішінде көне қала болып есептелетін және тарихи келбетімен ерекшеленетін Семей тарихи-мұралаларымен туризм қаласы болып отыр. Қаладағы әр тарихи ғимараттардың шертер сыры, берер мағлұматы өте мол, ғажайып тарихи мәдени ошақтар күні бүгінге дейін халықтың баратын рухани мәдени ортасы. Түйемойнақ (Полковничий) аралындағы атом сынағы құрбандары ескерткіші, бірнеше ескі тарихи үйлер бүгінгі Семейдің мәдени көркіне айшықты рең бере түсуде.
Сайтқа енгізілетін материалдар ақпараттық-библиографиялық аппаратты, жергілікті атаулы күндер картотекасын, кітапхананың ретроқорын, электрондық тақырыптық мәліметтерді негізге алумен және қаладағы көрнекті мәдени мекемелермен шығармашылық байланыс жасай отырып құрастырылды. Семей туралы шығарылған 20 өлкелік тақырыптық дискілер де пайдаланушылар үшін қажетті өлкетану ақпараттары болып табылады.